Американың Tiffany & Co зергер ритейлері Ресей өнімін сатып алудан бас тартты. Бұл жөнінде Marketwatch-қа сілтеп, "Интерфакс" хабарлады.
"Tiffany Ресейдің өңделмеген алмазын алмайтын болды. Ол тіпті басқа жерде өңделсе де алмайды", – дейді Tiffany өкілдігі.
АҚШ наурыз айында Ресейде өндіріліп, өңделген алмаз бен бриллиантты пайдалануға тыйым салғанымен Ресейдің Үндістанда өңделетін өнімдеріне шектеу қоймаған еді.
Tiffany зергерлік бұйымдарға пайдаланылатын ұсақ бриллианттарды да ресейлік және ресейлік емес деп бөлуді ұйғарды.
Алайда Tiffany Ресей Украинаға басып кіргенге дейін өңделген алмаздарды сатып ала бере ме, жоқ па, әзірге белгісіз.
Tiffany Ресейдің "АЛРОСА" компаниясының көп жылдан бергі клиенті болатын. Бұған дейін АҚШ-тың Signet Jewellers ритейлері де Ресей алмазын алмайтын болған, ал онлайн-сатушы Brilliant Earth Ресей бұйымдарын сайтынан шығарып тастаған. Екі компания да бұл әрекетті бизнестеріне айтарлықтай зиян тигізген жоқ деп мәлімдеген.
Ресей алмазының 99%-ын Саха республикасы (Якутия) өндіреді. Пермь өлкесі мен Алтай облысында да ірі алмаз кеніштері бар.
ПІКІРЛЕР