Accessibility links

Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған тағы бір адамға түрме жазасы берілді


Қаңтар оқиғасы кезінде тоналған сауда орындарының бірі. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде тоналған сауда орындарының бірі. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Алматы соты осы аптада қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған тағы төрт адамға үкім оқыды. Бұл жөнінде 1 сәуірде Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

№ 2 Медеу аудандық соты "Ұрлық" бабы бойынша айыпталған бір адамды екі жылға бас бостандығынан айырды. Соттың түсіндіруінше, айыпталушының "өтелмеген жазасы" бар.

Алмалы аудандық соты да осы бап бойынша айыпталған екі айыпталушының бостандығын екі және бес жылға шектеген. Алатау аудандық соты бір айыпталушының бостандығын екі жылға шектеген.

Алматы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 сәуір күнгі жағдай бойынша Алматы соттарына 200 адамға қатысты 133 қылмыстық іс түскен. 106 адамның ісі қаралған. 93-і "Ұрлық" бабымен айыпталған. "Қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен жабдықтарды ұрлау немесе бопсалау" бабы бойынша жеті адам сотталған. "Тонау" бабы бойынша төрт адамға үкім шыққан. "Қару-жарақты заңсыз сақтау" және "Ұсақ жымқыру" баптары бойынша бір-бір адамнан сотталған. Соттар 62 істі қарап жатыр. Ол істер бойынша 94 адам айыпталушы танылған.

Бәрін қосқанда Алматыда қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған кемінде сегіз адам түрмеге жіберілді. "Ұрлық" бабы бойынша сотталған ондаған адамның бостандығы екі және бес жыл аралығында шектелді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Жаппай тәртіпсіздік" пен "Терроризм" баптары бойынша істер сотқа түспеген.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, бұл наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.
  • Ақорда қаңтар қырғынына "террористерді" айыптағанымен, нақты дәлел ұсына алмады. Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптау көргенін мәлімдеген. Билік ұсталғандарды азаптау фактісі болғанын мойындап, бірнеше қызметкердің үстінен іс қозғаған. 14 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды азаптау бойынша 234 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бас прокуратураның айтуынша, ҰҚК мен полицияның сегіз қызметкері ұсталған.
  • Қазақстан билігі құқық қорғаушылардың қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу туралы ұсынысынан бас тартты.

Видео: "Күйеуімді жұлқылап алып кетті". Қаңтардағы дүрбелең кезінде әуежайға барған белсенді қамауға алынды (1 сәуір 2022 жыл).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG