Accessibility links

"Үлесімнің жартысын тартып алып, көп ақша төлеуге мәжбүрледі". Болат Назарбаев тағы бір дауға қалды


Болат Назарбаев әйнек зауытын тартып алмақ болған ба?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

ВИДЕО: "Almaty steklo" зауыты және экс-президенттің інісі Болат Назарбаев.

Алматы облысындағы "Almaty steklo" зауыты құрылтайшыларының бірі әрі басшысы Әзім Абдуллаев меншігіндегі кәсіпорынның үлесінің тең жартысын Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев рейдерлік жасап, тартып алғанын мәлімдеді. Назарбаев пен оның өкілдері бұл айыптауға жауап қатпай отыр. Назарбаев "үлесін сыйға тартқан" адамды жұмысшылар зауытқа кіргізбеді.

БОЛАТ НАЗАРБАЕВ ҮЛЕСІН СЫЙҒА ТАРТҚАН АДАМ

Шыныдан жасалған түрлі өнім шығаратын "Almaty steklo" зауыты Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылында 2016 жылы ашылған. Абдуллаевтың сөзінше, содан бері Болат Назарбаев кәсіпорынның жарғы капиталының 50 пайызына ие тұлға ретінде көрсетіліп келген.

Азаттыққа жеткен ақпаратқа қарағанда, Болат Назарбаев 31 наурызда Әзім Абдуллаевқа ресми хат жіберіп, өзіне тиесілі үлесті үшінші тарапқа – Руслан Шалин есімді азаматқа сыйға беретінін хабарлаған. Осы мәселені шешу үшін 6 сәуірде құрылтайшылар жиынын өткізуді ұсынған деп айтылады.

Руслан Шалин (ортада) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтан "Almaty steklo" зауытының меншік үлесінің 50 пайызын сыйға алғанын айтады. Жармұхамбет ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы, 6 сәуір 2022 жыл.
Руслан Шалин (ортада) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтан "Almaty steklo" зауытының меншік үлесінің 50 пайызын сыйға алғанын айтады. Жармұхамбет ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы, 6 сәуір 2022 жыл.

6 сәуірде Руслан Шалин адвокатымен бірге Жармұхамбет ауылындағы "Almaty steklo" зауытына келді. Кәсіпорын алдына жиылған жұмысшылар оны сұрақтың астына алды.

35 жастағы Руслан Шалин өзіне Болат Назарбаев кәсіпорындағы үлесін сыйға тартқанын растады. Ол экс-президенттің інісімен таныс-біліс екенін, одан кәсіпорындағы үлесін алғаны жөнінде келісім-шарты барын айтты. Бірақ Болат Назарбаевтың кәсіпорындағы үлесін не себепті оған сыйға тартқанын ашып түсіндірген жоқ.

– Біз жиын өткіземіз дедік. Бүгін осында құрылтайшы Әзім Абдуллаевпен жиын мәселелерін ақылдасуға келдік, – деді Шалин.

"Almaty steklo" кәсіпорны жұмысшылары Болат Назарбаев үлесін "сыйға тартқан" Руслан Шалинді зауытқа кіргізбей қойды. Жармұхамбет ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы, 6 сәуір 2022 жыл.
"Almaty steklo" кәсіпорны жұмысшылары Болат Назарбаев үлесін "сыйға тартқан" Руслан Шалинді зауытқа кіргізбей қойды. Жармұхамбет ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы, 6 сәуір 2022 жыл.

Шалиннің жауабына көңілі толмаған жұмысшылар "шыны өндірісінен хабары жоқ жаңа құрылтайшы келсе, зауыт жабылып не тоқырауы" мүмкін деп қауіптенетінін айтты. Олар Шалинді зауытқа кіргізбеді.

Руслан Шалин біраздан кейін адвокатын ертіп кетіп қалды. Ол кеткен соң кәсіпорын қызметкерлері де жұмыс орнына оралды. Кәсіпорын басшылығы сәрсенбі күні сонда барған журналистерге өндіріс маңын, зауыттың қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

"Almaty steklo" – шыныдан жасалған әртүрлі өнім шығаратын кәсіпорын. Жармұхамбет ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы, 6 сәуір 2022 жыл.
"Almaty steklo" – шыныдан жасалған әртүрлі өнім шығаратын кәсіпорын. Жармұхамбет ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы, 6 сәуір 2022 жыл.

ҮРМЕГЕ ТЫҒАМ ДЕП ҚОРҚЫТТЫ"

"Almaty steklo" басшылығы Болат Назарбаевтың өкілдері 6 сәуірде зауытқа келетінін БАҚ редакцияларына алдын ала хабарлаған еді. Зауыт директоры әрі құрылтайшысы Әзім Абдуллаев 2016 жылы кәсіпорын салынып бітісімен оған сұқтанғандар пайда болғанын айтады.

– Қалай бітті, солай шабуылдар басталды. Бізді, мені түрмеге қамамақ болды. Басқа амалым қалмады. Бірден зауыттың жартысын оның атына шығарып, бізге тиіспеуі үшін қомақты қаржы бердік. Қысым күшті болды. Оның бәрін Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев ұйымдастырып, басқарып отырды, – дейді кәсіпкер Әзім Абдуллаев.

"Зауыт құрылысы қалай бітті, солай шабуылдар басталды. Бізді, мені түрмеге қамамақ болды. Басқа амалым қалмады. Бірден зауыттың жартысын атына шығарып, бізге тиіспеуі үшін қомақты қаржы бердік" дейді кәсіпкер Әзім Абдуллаев.
"Зауыт құрылысы қалай бітті, солай шабуылдар басталды. Бізді, мені түрмеге қамамақ болды. Басқа амалым қалмады. Бірден зауыттың жартысын атына шығарып, бізге тиіспеуі үшін қомақты қаржы бердік" дейді кәсіпкер Әзім Абдуллаев.

Абдуллаев Болат Назарбаев пен оның адамдары зауыттың жерін алуға, салуға, ашуға көмектеспегенін айтады. Оның сөзінше, "Абдуллаевтар отбасы Болат Назарбаевқа ай сайын 250-300 мың доллар ақша беріп отырған".

– Болат Назарбаевпен жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Содан бері "сауып" келе жатыр. [Бергенімнің] жалпы көлемі 60 миллион долларға жетеді. Беретін ақшамыз жетпей қалғанда балағаттап, "ақша тауып кел, түрмеге тығамын" деп қорқытатын, – дейді Әзім Абдуллаев.

Оның айтуынша, экс-президенттің інісі шыныдан жасалған өнім шығаратын зауыттағы үлесінің тең жартысына иелік етумен тоқтамаған. Әзім Абдуллаевтың арақ-шарап шығаратын "Шалқар-17" деген зауытына да Болат Назарбаев бірге иелік еткен, оны биыл ғана иесіне толық қайтарған.

"Қайтару үшін 5 миллион доллар ақша бердік" дейді кәсіпкер.

"БН-А БАХАР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылтайшылары ретінде екі адам – Әзім Абдуллаев пен Болат Назарбаев көрсетілген. Азаматтарға арналған үкімет (egov.kz) cайтынан алынған құжаттың скриншоты.
"БН-А БАХАР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылтайшылары ретінде екі адам – Әзім Абдуллаев пен Болат Назарбаев көрсетілген. Азаматтарға арналған үкімет (egov.kz) cайтынан алынған құжаттың скриншоты.

– Қарасай ауданында орналасқан бізге тиесілі "Бахар" мейрамханасында да Болат Назарбаевтың үлесі бар. Ол мейрамхананы анамыздың есімімен атағанбыз, оның атауына да БНА деген сөзді қосып жазғызды, – дейді Абдуллаев.

Абдуллаев отбасы биыл наурыздың аяғында Болат Назарбаев пен Нұрбол Назарбаевтың іс-әрекетіне байланысты Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне шағым түсіргенін, бірақ әзірше жауап келмегенін айтады.

Азаттық тілшілері құқық қорғау органдарынан зауыт басшылығының арыз-шағымына байланысты түсініктеме беруін сұрап, сауал жолдады.

Әзім Абдуллаев кәсібін Болат Назарбаевтан толық қайтарып алғысы келетінін айтады. Көп жыл бойы "қорқытумен беріп келген ақшаның" да өтеуін сұрамақ.

Азаттық Болат Назарбаевтың компанияларын біріктіретін Prime capital holding ұйымына хабарласуға талпынып көрді. Бірақ телефонды ешкім көтермеді. Компанияның сайты да істемей тұр. Оның өкілі ретінде шыны зауытына келген Руслан Шалин Болат Назарбаев қайда деген сұраққа жауап бермеді.

Болат Назарбаевтың қазір қайда екені белгісіз. Қаңтар оқиғасынан кейін ол шетелге кетіп қалған деген бейресми ақпарат тараған.

КЕЙБІРІ ҚАМАУДА ОТЫР, КЕЙБІРІНІҢ ҚАЙДА ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы құқығынан айырылған соң оның жақын туыстары ірі қызметтерден шеттетілді.

Кейінгі кезде "экс-президенттің туыстарынан жылдар бойы құқай көрдік", "рейдерлік жасады" деп мәлімдеме жасаушылар жиіледі.

Кәсіпкер Ольга Әбдіғаппарова "экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев бизнесімізді тартып алды" деп баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 5 сәуір 2022 жыл.
Кәсіпкер Ольга Әбдіғаппарова "экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев бизнесімізді тартып алды" деп баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 5 сәуір 2022 жыл.

Қазір қамауда отырған Parmigiano Group мейрамханалар желісінің негізін қалаған, Алматыдағы Esentai City жобасының авторы Алмас Әбдіғаппаров пен оның жақындары "бизнесімізді Болат Назарбаевтың адамдары тартып алды" деп шағымданған. Әбдіғапаровтың өзі қамауда отырғанын да сонымен байланыстырады.

Әзірше Болат Назарбаевтың отбасы бұл мәлімдемелерге байланысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Қаңтар оқиғасынан бері экс-президенттің туыстарының кейбірі қамауға алынған, кейбірінің елде бар-жоғы белгісіз.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар компаниялар елдегі теміржолдарға кіреберіс жерлерді меншіктеп, бірнеше миллиард теңге жымқырған деген күдікке ілінген. Бұл жөнінде 4 сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. Агенттік Сатыбалды мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды және басқа да тұлғалардың іс-әрекетін тексеру жалғасып жатқанын айтады.

Қайрат Сатыбалды мен Гүлмира Сатыбалды және олардың өкілдері бұл ақпараттарға байланысты әзірше ешқандай пікір білдірген жоқ.

2018 жылы қазақстандық Forbes журналы Қайрат Сатыбалдыны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның байлығы 163 миллион долларға бағаланған.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыны биыл 13 наурызда "Қазақтелекомның" қомақты қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен шетелге ұшпақ болып тұрған жерінен ұстап, кейін сот шешімімен екі айға тұтқындаған.

Болат Назарбаевтың "Almaty steklo" зауытын қалай иемденгенін кәсіпорын басшылығы жұртшылыққа жария қылардан тура екі ай бұрын, 5 ақпанда "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Instant Payments серіктестігімен электронды билеттерді сату туралы келісім-шартты мерзімінен бұрын үзгенін хабарлаған. 2023 жылдың аяғына дейін күшінде болған келісімнің күшін жою себептерін түсіндірімеген жолаушы тасымалдаушы компания сайтында, кассалар мен онлайн-сервистерде ендігәрі бұл қызметті өзі атқаратынын айтты.

2011 жылы құрылған Instant Payments компаниясы құрылтайшысы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева. Оның алдында Назарбаевамен байланысы бар тағы бір коммерциялық ұйым – утилизация алымын жинаумен айналысқан "Оператор РОП" компаниясын сынаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның жұмысын тоқтатуды тапсырған.

"Оператор РОП" 2015 жылы құрылған және жарамсыз көліктердің бөлшектері мен майларын өңдегені үшін ұсталатын утилизация алымынан пайда тапқан. Ресми мәлімет бойынша, 2016 жылдан бері компания 691,9 млрд теңге табыс тапқан. Белсенділер ақшаны жинау мен жұмсау процесі ашық емес дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG