"ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСҚАН"
Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, 36 жастағы Әділхан Беденбаев 11 сәуірде тергеу абақтысынан шықты. Содан тура үш ай бұрын, 11 қаңтарда Қызылорда қаласында Беденбаевты көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, көлігін тінтігеннен кейін қалалық полиция басқармасына жеткізген.
Әділхан Беденбаев алғашқы үш тәулік қалалық полиция басқармасындағы уақытша ұстау изоляторында қамауда отырды. Сол жерде өзін полиция қызметкерлері азаптағанын кейін тергеу сотында мәлімдеді.
11 қаңтарда Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі М. Әлиев қол қойған қаулыда Әділхан Беденбаевтың "5 қаңтарда сағат 21:00-де қалалық полиция басқармасына шабуыл жасап, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан" деген күдікке ілінгені айтылған. Бұған қоса ол "2021 жылғы 23 желтоқсанда Ғабит деген танысына жаппай тәртіпсіздік кезінде басып алу мақсатымен Қызылорда облыстық полиция департаменті мен қалалық жергілікті полиция басқармасының схемаларын сызып берген" деп жазады подполковник Әлиев.
Тергеу органы "күдіктіге тиесілі үш ұялы байланыс нөмірін базалық станциядан тексеру барысында Қызылорда қаласында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Беденбаевтың облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасы маңында және орталық алаңда жүргені анықталды" дейді.
Тергеушілер "қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік қылмысына Беденбаевтың қатысы бар" деген күдікпен үстінен Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғаған. Адвокаты мен туыстары болса Әділхан Беденбаевқа еш негізсіз айып тағылған деп санайды. Олар күдіктіге тағылған айып оның кәсіби қызметіне байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.
Кейінгі бес жыл адвокат қызметімен айналысып жүрген Әділхан Беденбаев оған дейін түрлі мекемелерде мамандығы бойынша заңгер болып жұмыс істеген.
ТЕРГЕУ КЕЗІНДЕГІ АЗАПТАУ ЖАЙЛЫ МӘЛІМДЕМЕЛЕР
Тергеу органының күдікті Әділхан Беденбаевты екі айға қамауға алуды сұраған өтінішін 14 қаңтарда Қызылорда қалалық мамандандырылған тергеу сотының судьясы Талант Тілеп қарап, қанағаттандырған. Тергеу соты кезінде Беденбаев полиция қызметкерлері уақытша ұстау изоляторында өзін ұрып-соққанын мәлімдеп, денесіндегі қанталап, көгерген іздерді көрсеткен.
Сот отырысында күдіктіге полиция басқармасында күш қолданылып, психологиялық қысым жасалғанын айтқан адвокаттар Т.Мырзамбетов, М.Мадияров және Қ.Дүйсембаев судьядан тергеу органының өтінішін қанағаттандырмауын сұраған. Әділхан Беденбаевты екі айға тұтқындау туралы қаулы шығарған судья Тілеп күдіктінің азаптау жайлы шағымы бойынша тексеру жүргізіп, оның материалдарын 2022 жылғы 21 қаңтарға дейін тергеу сотына тапсыруды Қызылорда облыстық прокурорының бірінші орынбасары М.Қазиевке жүктеген.
Арада бір айдан астам уақыт өткенде, 16 ақпанда Қызылорда қаласындағы "Достық" үйінде өткен Қаңтар оқиғасын зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссия отырысында Еркебұлан Досжанов деген азамат "полиция қызметкерлері мені Әділхан Беденбаевқа қарсы куәлік беруге мәжбүрледі" деп мәлімдеді. Досжанов Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда болып, кейін қорғалуға құқығы бар куә мәртебесімен босап шыққан.
Еркебұлан Досжанов қамауда болған кезінде полиция қызметкерлерінің қысым жасағанын тәуелсіз комиссияға айтып отыр (Қызылорда, 16 ақпан 2022 ж.)
– Азаннан кешке дейін әлімжеттік көрсетіп, Ғабит Піржанов пен Әділхан Беденбаевқа қарсы куәлік бермесең үйіңе есірткі тастаймын, әкеңді қасыңа әкеліп отырғызып қоямын деп құқай көрсетті. Ар-намысыма тиіп, шалбарымды шешіп, аяқ-қолымды ұстап, резеңке таяқ тығам, оны ұялы телефон камерасына түсірем деп қоқан-лоқы жасап, жоғарыда снайпер бар, тергеу барысында сені қашты деп басыңнан атқызып тастаймын, оған құқығымыз да, құзырымыз да жетеді деп күлді, – деді Еркебұлан Досжанов.
Бірақ оның бұл мәлімдемесін құзырлы органдар қаперге алған жоқ. Әділхан Беденбаев тергеу абақтысында қала берді. 11 наурызда судья Тілеп күдікті Беденбаевты тағы бір ай қамауда ұстау туралы шешім шығарды.
"КҮДІКТІ ӨЗІНЕ ЖАРАҚАТ САЛҒАН Я САЛМАҒАНЫН АНЫҚТАУ ҚАЖЕТ"
Азаттық Әділхан Беденбаевтың азаптау жайлы шағымына байланысты Қызылорда облыстық прокуратурасына, облыстық полиция департаментіне және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне сауалхат жолдаған еді. Облыс прокуратурасы тергеу құпиялығына байланысты сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайтынын айтып, ақпарат беруден бас тартты.
Облыстық полиция департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Азаттықтың сауалына жауап берген жоқ.
Азаттық тілшісінің қолына жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті тергеушісі Е.Айнановтың 1 сәуірде күдікті Әділхан Беденбаевтың ісіне байланысты сот-медициналық криминалистикалық ситуациялық сараптама тағайындау туралы қаулысы түсті. Онда Әділхан Беденбаевтың денсаулығына келтірілген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында тағайындалған сот-медицина сараптама қорытындысы 2022 жылғы 25 қаңтарда шығарылғаны жазылған. Ол сараптама Беденбаевтың оң жақ мықынында, арқасында, аяқтарында қанталаған жарақат іздері барын анықтаған.
"Қазіргі таңда Беденбаевтың денесінде анықталған жарақаттарды оның өзі салуға мүмкіндігі болғанын немесе болмағанын анықтау мақсатында тиісті маманның қорытындысын алу үшін сот ситуациялық сараптамасын тағайындау қажет" деп жазған Айнанов қаулысында. Тергеуші "Беденбаевтың денесіндегі қанталаған жарақаттарды өзі салуға мүмкіндігі болған ба?" деген сауалды сот сараптамалары институты мамандарына жолдаған.
"ЖЕКЕ БАС АРАЗДЫҒЫ ҮШІН ҚЫСЫМ КӨРСЕТІП ЖАТҚАН СИЯҚТЫ"
Әділхан Беденбаевтың адвокаты Тимур Ибайділдаев қорғауындағы азаматты үйқамаққа ауыстыруды сұрап бірнеше рет өтініш бергенімен кейінгі кезге дейін сот оны қанағаттандырмаған еді. Тек 11 сәуірде судья Тілеп Беденбаевты бір ай үйқамақта ұстауға шешім шығарды.
– Күдіктіні үйқамаққа ауыстырмайтын мән-жайлар жоқ. Беденбаевтың нақты тұрып жатқан мекен-жайы бар, бұрын сотталмаған. Тек тергеушілер оған тағылған айыпты ауыр қылмыс деп саралап, тергеу сотын шатастырып отыр. Әріптесім Әділхан Беденбаевтың кінәсі жоқ деп санаймын. Адвокат ретінде өте талапшыл адам. Полиция қызметкерлерімен арадағы жеке бас араздығы үшін оған осындай қысым көрсетіліп жатыр деген пікірдемін, – дейді адвокат Ибайділдаев.
Әділхан Беденбаевтың әйелі Жанна Беденбаева тергеу қаулысында жұбайыныкі деп көрсетілген байланыс нөмірінің бірі өзге біреудікі екенін айтады. Ол әлгі нөмірге қоңырау шалғанда тұтқаны көтерген адам өзін Болатбек Ерғалиұлы деп таныстырып, осы нөмірді 10 жылдан бері пайдаланып келе жатқанын айтқанын таспаға жазып алған.
Беденбаева күйеуінің 5 қаңтар кешкі уақытта үйде болғанын айтады.
– Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуімді басқарма маңында болды деп айыптап отыр, ал біздің үйіміз қалалық полиция басқармасының қарсы алдында тұр, – дейді ол.
Жанна Беденбаева жұбайының Қаңтар оқиғасына дейін өзін көшеде тоқтатқан полиция өкілдерінің қызмет өкілетін асырғанын олардың бетіне басқанын айтады.
– Былтыр 31 желтоқсанда Әділханның көлігін жол патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, техникалық байқаудан өтпегенін және сақтандыру полисінің мерзімі өтіп кеткенін желеу етіп, айып тұрағына қойған. Әділхан сол кезде "полиция айыппұл салудың орнына, өкілетін асыра пайдаланды" деп, Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде мәлімдеген, – дейді әйелі.
Жаңа жыл мейрамы болғандықтан адвокат Беденбаев айып тұрағынан көлігін ала алмаған. Жанна Беденбаеваның сөзінше, 7 қаңтар кешкілік полиция қызметкерлері Әділханға хабарласып, қаңтардағы дүрбелең кезінде белгісіз біреулер оның көлігін айып тұрағынан ұрлап әкеткенін, қазір көлік Бесарық ауылы маңында жанармайы таусылып тұрғанын айтқан. "Тез арада бензин алып келіп, көлікті алып кетіңіз" деген полицейлер.
– Ол кезде Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланған еді. Сағат 23:00-ден таңертеңгі 7:00-ге дейін облыста комендант сағаты тәртібі болғандықтан күйеуім полиция қызметкерлеріне ертең баратынын айтты, – дейді Жанна Беденбаева.
8 қаңтарда Әділхан Беденбаев Бесарық ауылы тұсында қалған көлігіне барып, 102 нөміріне қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін сол жерге шақырған. Көлікке жанармай құйып, қайтадан айып тұрағына әкеліп қойған. Одан соң айыппұлды толық төлеп, көлігін алып кеткен.
11 қаңтарда полиция көшеде кетіп бара жатқан жерінен тоқтатқан адвокат Әділхан Беденбаевтың көлігін тінтіген кезде "облыстық және қалалық полиция мекемелерінің сызбаларын" тауып алғаны тергеу қаулысында жазылған. Бірақ Беденбаев ол сызбаларды полицияның өзі әдейі тастаған деп санайды дейді оның адвокаты мен зайыбы.
Қызылорда облыстық адвокаттар алқасы облыстық прокуратура мен облыстық полиция департаментіне өтініш хат жолдап, Әділхан Беденбаевтың кінәсіздігіне кепіл болатынын айтып, қамауда отырған адвокатты азаптауды айыптаған.
– Бұған дейін облысымызда адвокатты қудалау болған емес, – дейді Қызылорда орталықтандырылған заң кеңесінің меңгерушісі Ботагөз Балкей.
- 2 қаңтарда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсылықтан бастау алған жаппай наразылық бірер күнде Қазақстанның барлық облысын қамтыды. Бірқатар қалада наразылықтың аяғы қантөгіске ұласты. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды (арасында күш құрылымдарының 19 қызметкері бар). Қызылорда қаласында 26 адам мерт болған. Оның біреуі – әскери борышын өтеп жүрген сарбаз.
- Ресми дерек бойынша, 5 қаңтардан бастап Қызылорда облысында 971 адам полицияға жеткізілген. Әкімшілік істер бойынша 414 адам жауапқа тартылып, 64 қылмыстық іс бойынша 112 адамға түрлі бұлтартпау шарасы қолданылды.
ПІКІРЛЕР