Accessibility links

"Болашақта қайталануы мүмкін". Тергеудегі адамды азаптағандар жазасыз қала бере ме?


Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясында Республика алаңындағы ескерткішке ілінген плакаттағы жазу. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясында Республика алаңындағы ескерткішке ілінген плакаттағы жазу. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасынан соң қамауда болған жүздеген адам азапталғанын айтқан. Билік "Азаптау" бабы бойынша 234 қылмыстық іс қозғағанымен, күдікті ретінде 9 қызметкер ғана ұсталған. Жапа шеккендердің адвокаты тергеу кезінде азаматтарды қинап-азаптағандар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтады.

"АЗАПТАУ ІЗІН ЖАСЫРУ АМАЛЫ"

Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған азаматтардың азапталғаны жайлы арыз-шағымы бойынша 234 іс қозғалған. Сондай істің бірі алматылық фотограф Саят Әділбекұлының шағымынан кейін ашылды.

Алматыда 5 қаңтарда оқ тиіп жараланып, кейін ауруханада жатқан жерінен Саят Әділбекұлын полиция алып кеткен. Ол заңсыз ұсталып, тергеу изоляторында еш негізсіз 17 күн қамауда болған кезде өзін билік өкілдері азаптағанын айтқан.

Саят Әділбекұлы абақтыда не көргенін айтып берді. 10 ақпан 2022 ж.

"Үстіне қайнаған су құйған". Жаралы жігіттің абақтыда көрген азабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Әділбекұлының ісі бойынша тергеу жүріп жатқанына екі айдан асты, бірақ күдікті әлі анықталған жоқ. Жәбірленуші өзі қамауда болған мекемеде кейбір нәрсені, тіпті камераларды да танымастай етіп өзгертіп тастаған дейді.

– 15 наурызда мені қаңтарда қамауда болғанымда ұрып-соққан СИ-18 мекемесіне [Алматыдағы тергеу изоляторы] алып барды. Жанымда тергеушілер мен адвокатым болды. Изолятор аумағына кірген бетте бірнеше өзгеріс байқадым. Біріншіден, 8 қаңтарда бізді полицейлер фургонмен әкеп, итеріп түсіргенде изолятордың екі корпусын жалғап тұрған темір тордың бойына қаз-қатар тұрғызғаны есімде. Бірақ сол тор қазір жоқ. Одан кейін бізді сүйретіп, аяусыз ұрып-соққан кезде едені қаннан көрінбеген дәлізді де танымай қалдым, бояп тастапты, бояу иісі мүңкіп тұрды. Тіпті камера ішінде де жөндеу жұмысын жүргізгені көрініп тұр. Бұдан кейін мені азаптаған №259 камераның артқы жағындағы қосалқы бөлмені көрсетпек болып едім, оның есігін ашылмайтындай етіп дәнекерлеп тастапты, – дейді Саят Әділбекұлы.

Саят Әділбекұлы. Сурет оның рұқсатымен Facebook-парақшасынан алынды.
Саят Әділбекұлы. Сурет оның рұқсатымен Facebook-парақшасынан алынды.

Саят тергеу амалдары кезінде жанында болған изолятор қызметкерінен бұл жерде жөндеу жұмыстары қашан жүргізілгенін сұраған. Абақты қызметкері мұнда жұмысқа келгеніне бір ай толмағанын, сондықтан қосалқы бөлменің қашаннан бері жабық тұрғанын білмейтінін айтқан. Саят мұны Қаңтар оқиғасынан кейін сол мекемеде қамауда болған өзі және басқа азаматтарды азаптаудың ізін жасыру амалы деп есептейді.

Азаттық жөндеу жұмыстары қашан жүргізілгенін сұрап, СИ-18 тергеу изоляторына хабарласты. Мекеме әкімшілігі Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен сұрауға кеңес берді. Департаментке жазған сауалымызға жауап әлі келген жоқ.

"ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРЫП, КІНӘЛІНІ ҚОРҒАП АЛУ"

Саят Әділбекұлының сөзін адвокат Ғалым Нұрпейісов те растайды. Ол қазір Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінген төрт адамның құқығын қорғап жүр. Соның бірі – белсенді Мұратбек Есенғазы 12 қаңтарда уақытша ұстау изоляторында соққыға жығылғанын айтып арыз жазған. Сұраққа адвокатсыз жауап беруден бас тартқан белсендіні он минут бойы оң жақ саны мен бүйрегінен резеңке таяқпен ұрған дейді Нұрпейісов.

Белсенді Мұратбек Есенғазы. Алматы, 7 желтоқсан 2021 жыл.
Белсенді Мұратбек Есенғазы. Алматы, 7 желтоқсан 2021 жыл.

– Есенғазыны 12 қаңтарда ұрып-соққан. Ертеңіне шағым түсірдім, бірақ "Азаптау" бабы бойынша іс арада он күннен аса уақыт өткенде – 24 қаңтарда бір-ақ қозғалды. Мен сол күні Мұратбек Есенғазыны жәбірленуші деп тануды, 12 қаңтардағы жеке құрамның орналасуы мен тергеу изоляторындағы құжаттарды тексеруді, сот-медицина сараптамасын өткізуді сұрап өтініш бергем. Өтінішімді тек 9 ақпанда қанағаттандырды. Тергеу амалдары да сол күннен ғана басталды, – дейді адвокат.

Тергеу барысындағы беттестіру кезінде Мұратбек Есенғазыны өзін ұрып-соққандарды – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы департаментінің екі қызметкерін таныған. Бірақ тергеу әзірше оларды күдікті деп тануға келіспей отыр дейді адвокат.

– Бірі ұрған, екіншісі ұруға бұйрық берген. Есенғазы оларды танып отыр. Екеуін күдікті деп тануды сұрап жазған өтінішіме жауап бір айдан кейін ғана келді. Онда өтінішім қанағаттандырылмайтыны жазылыпты. "Жауап алған Д. және Ж. Мұратбек Есенғазыны азаптағанын мойындамайды. Тергеудің олардың сөзін жоққа шығаратындай уәжі жоқ" дейді де, Қылмыстық-процестік кодекстің "Кінәсіздік презумпциясы" туралы 19-бабына сілтеп, "қылмыстық заңдарды қолдану кезінде туындаған күмәндар күдіктінің пайдасына шешiлуге тиiс" деп қорытынды жасаған. Есенғазы өзін ұрғандарды жазбай танып отырса, оны үйінен Талғар аудандық полиция бөлімшесіне әкелген учаскелік полицейден алып, Талғардан Алматыға жеткізген қалалық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Д. және Ж. деген ҰҚК қызметкерлеріне тапсырғанын растап отырса, қайдағы күмән?! – дейді Ғалым Нұрпейісов.

Адвокат тергеу адамдарды азаптағандардың қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетуіне жағдай жасап отыр деп санайды. "Олар қанша адамды ұрып-соқты, кемі жүзден аса адам өтті ғой, Есенғазы секілді егде жастағы адамды сабаса, жас жігіттерді еш аямағаны анық" дейді Нұрпейісов. Соған қарамастан азаптау фактісін дәлелдеу тұрмақ, оны тіркеудің өзі оңай емес дейді ол.

Алматы облысы Бесағаш ауылында тұратын 58 жастағы Мұратбек Есенғазыны қамаудан 27 қаңтарда босатқан. Белсенді өзіне тағылған "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыпты жоққа шығарады. Қылмыстық кодексте әлгіндей іс-әрекет үшін сегіз жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Абақтыда азапталғанын айтқан Ақылжан Қисымбаевтың әңгімесі

Қаза тапқан, жараланғандардың ісі қалай тергеліп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ІСТЕРДІҢ МАШАҚАТЫ

Азаматтық белсенділерді қорғаумен танымал адвокат Ғалым Нұрпейісов қазір "Қаңтар" қоғамдық қоры аясында жұмыс істейді. Қаңтар қырғынынан кейін ұсталып, жауапқа тартылған азаматтарға көмек көрсетеді. Сөзінше, кей істерде азаптау фактісі бола тұра істі дәл сол баппен қозғау мүмкін емес.

– Қорғауымдағы Бауыржан Есмұрзаев – қарапайым шаштараз. Тұрақты клиенті келем дегесін, 5 қаңтарда Алматыдағы Абай көшесі бойында орналасқан жұмыс орнына барған. Кейін жұмыстан шығып, көшеде қоғамдық көлік жоқ болғандықтан, Сейфуллин көшесіне қарай жаяу бара жатқанда атыс басталған. Бір-екі жаралы адамды өтіп бара жатқан көлікке салып жатқан сәтте өзіне де оқ тиген. Сөйтіп ауруханаға түскен, кейін ол жерден арнайы жасақ күштеп алып кеткен. Бөлімшеге апарып, ешнәрсе түсіндірместен сабай бастаған. "Азаптау" бабының ерекшелігі – ол қылмыстың белгілі бір себебі болуы керек. Мәселен, адамды қылмысты мойындату үшін я қорқыту мақсатында ұрып-соғу азаптау саналады. Бірақ Есмұрзаев өзін не үшін аяусыз ұрып-соққанын білмейді, оған ешкім айтпаған да, түсіндірмеген де. Қазір бұл іс "Азаптау" емес, "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша тергеліп жатыр, – дейді адвокат.

Бауыржан Есмұрзаев. Оның жеке архивіндегі суреті.
Бауыржан Есмұрзаев. Оның жеке архивіндегі суреті.

Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, әуелде Бауыржан Есмұрзаевқа "терроризм актісі" бабымен айып тағылған. Тергеушілер оған шаштараздан танысымен бірге шығып, көшеде кетіп бара жатқанда оқ тигенін әлгіндей айып тағуға жеткілікті негіз деп тапқан дейді адвокат. Бірақ Нұрпейісовтің шағымынан кейін Есмұрзаевтың қай жерде жараланғаны, жанында кім болғаны анықталып, оның 5 қаңтарда жұмыста болғанын растап, дәлелдейтін куәгерлер табылған. Соның нәтижесінде Бауыржан Есмұрзаевқа тағылған айып "терроризм актісі" бабынан "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген бапқа ауыстырылған. Бірақ адвокат онымен де келіспейді. "Есмұрзаевтың ешқандай қылмысқа қатысы жоғына толық айғақ-дәлел бар, сондықтан оған тағылған айыпты алып тастау керек" деп санайды Нұрпейісов.

Билік ауруханада жатқан жерінен ұстап әкетіп, тергеу абақтысына қамаған Бауыржан Есмұрзаевты 18 наурызда босатқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында қатты таяқ жеп, азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ. 16 ақпанда ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшысы Жанат Ешмағамбетов тергеу кезінде азаптау болғанын жоққа шығарған. Кейін бас прокуратура азаматтарға тергеу кезінде рұқсат етілмеген тәсілдер қолданды деген күдікпен тоғыз адам (ҰҚК-нің сегіз қызметкері мен бір полицей) қамауға алынғанын мәлімдеді. 14 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды азаптауға байланысты 234 қылмыстық іс қозғалғанын, азаптау салдарынан кемінде сегіз адам қайтыс болғанын хабарлады.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов азаматтардан түскен арыз-шағымдар тыңғылықты тексеріліп, анықталған азаптау қылмысына кінәлілер жауапқа тартылмаса, ондай қылмыс кейін де қайталана береді деп санайды.

– Сегіз адам уақытша ұстау изоляторында я тергеу абақтысында қайтыс болғандықтан билік қазір күш құрылымдарының бірнеше өкілін ғана соттап, бірақ азаптауға кінәлілердің басым көпшілігін босатып жібереді, тіпті сотқа де жеткізбейді деп ойлаймын. Сондықтан қазір бұл мәселені көтеріп, айыптыларды тауып, жазаға тартпасақ, болашақта мұндай трагедия тағы қайталанады, – дейді адвокат.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Нұрпейісов билік қоғаммен арадағы келісімді, екі жақтың құқықтары мен міндеттері көрсетілген Конституцияны бұзды деп біледі.

– Ескертусіз оқ атуға бұйрық берілгенде Коституцияның 15-бабы бұзылды. Онда ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ екені, өлім жазасы тек заңда белгіленген тәртіппен, яғни сот шешімі бойынша орындалатыны айтылған. Тіпті "террористерді атуға рұқсат бердік" дегеннің өзінде олардың террорист екенін кім және қалай анықтады? – дейді адвокат.

  • Қаңтардың басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсы митингіден басталған наразылық кейін елдің барлық аймағын қамтыды. Бірқатар қалада наразылықтың аяғы қантөгіске ұласты. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды (арасында күш құрылымдарының 19 қызметкері бар). Қоғам талабына қарамастан, билік Қаңтар қырғынында қаза болған азаматтардың аты-жөнін әлі күнге жариялаған жоқ. Құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасына халықаралық тексеру жүргізуді ұсынған. Бірақ президент Тоқаев оның қажеті жоқ деп мәлімдеді.
  • Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін қозғалған қылмыстық істер бойынша қазірге дейін 168 адам сотталды. Оның 17-сі түрмеге қамалды. Кінәсін мойындап, шығынды орнына келтіргеніне байланысты 135 адамның бостандығы шектеліп, оларға қоғамдық жұмыс істеу міндеттелді. Ведомствоаралық жедел тергеу тобы қазір Қаңтар оқиғасына байланысты 1090 қылмыстық істі қарап жатыр, оның 44-і "терроризм актісі" және 47-сі "жаппай тәртіпсіздік" жөніндегі істер. 165 адам қамауда отыр. Қазірге дейін 377 күдіктінің үстінен қозғалған қылмыстық істер сотқа жіберілген.
  • Наурыздың басында бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған істер бойынша елде 700-ден астам адам қамауда отырғанын, 199 адамның "ешқайда кетпеу туралы қолхатпен" қамаудан босатылғанын немесе "үйқамаққа" ауыстырылғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG