Пекин, Бішкек және Ташкент Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол құрылысын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Осылай деп Қырғызстанның көлік және коммуникация министрінің орынбасары Табылды Тиллаев хабарлады.
"Темір жол қай жерде салынатыны жөнінде келіссөз жүріп жатыр. Жолдың жалпақтығы бойынша мәселені шешіп алу қажет. Көршілермен ортақ шешімге келуіміз керек" деді Табылды Тиллаев парламентте сөйлеген сөзінде.
Былтыр қазан айында Қырғызстанның үкімет басшысы Ақылбек Жапаров Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын бастау үшін қажетті құжаттар дайын болуы керек деген. Ол сол кезде Өзбекстанмен келіссөздің аяқталғанын жеткізген. Ал Қытаймен келіссөз президент Садыр Жапаровтың Пекинге сапары кезінде қаралатынын айтқан.
Әзірге бар мәлімет бойынша, Қырғызстан аумағында темір жолдың ұзындығы 280 шақырым болады, оның 57-сі туннель арқылы өтеді.
Үш ел арасында темір жол салу бастамасы 2000 жылы көтерілген. Бірақ содан бері жүзеге аспай келеді.
ПІКІРЛЕР