Accessibility links

"Жаңа Қазақстанның" ескі әдістері. Реформаға бет бұрғанын жариялаған елде белсенділерді қудалау тыйылмады


Наразылық акциясы өтіп жатқан жерде тұрған полиция жасағы. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.
Наразылық акциясы өтіп жатқан жерде тұрған полиция жасағы. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.

Қазақстан билігі демократияландыру мен реформа жүргізуге уәде бергенімен, елде белсенділерді саяси себеппен қудалау азайған жоқ. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасынан кейін билік бұрын қауіпсіз деп санаған белсенділердің өзін қысымға алғанын айтады.

"ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ, БІРАҚ ТІРІ ҚАЛДЫМ"

Алматыда тұратын белсенді Дархан Уәлиевті 10 қаңтарда қалалық мәйітхананың алдынан ұстап әкетті. Ол мәйітханаға Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан туған бауыры Асланды алып кетуге барған. Бұрын саяси реформаларды талап етіп, үкіметке қарсы бейбіт наразылық шараларына қатысқан Дархан Уәлиев содан бері қамауда отыр. Оған "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылған.

Адвокаты Уәлиевпен кездесуге бір жарым аптадан кейін бір-ақ рұқсат алған. Ол қорғаушысы Жанар Балғабаеваға "Мені өлтірмек болды, бірақ тірі қалдым" деген. Дархан әуелі уақытша ұстау изоляторында, кейін тергеу абақтысында азапталған.

Дархан Уәлиевтің қоғамдық қорғаушысы болып жүрген әйелі де күйеуінің қамауда азаптауға ұшырағанын мәлімдеген. Бұлбұл Бердіқожанованың айтуынша, полиция Уәлиевті 11 сағат бойы ұрып-соғып, әбден әлі құрыған кезде көздеріне пластик бөтелкенің аузын басып, қинаған.

Қаңтардың аяғы мен ақпанның басында қоғам белсенділерінің араласуымен "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша ұсталған ондаған күдікті Алматыдағы тергеу изоляторынан шықты. Кей азамат үйқамаққа алынған, басқаларын қаладан кетпейтіні туралы қолхат жазған соң босатқан. Былтыр "Он үштің ісі" (Қазақстанда тыйым салынғанымен, Еуропарламент қарарында "бейбіт оппозиция" деп аталған "Қазақстанның демократиялық таңдауы", "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты деген күдікке ілінген 13 белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалған; құқық қорғаушылар бұл істің саяси астары бар деп есептейді) бойынша сот бір жылға бостандығын шектеген Дархан Уәлиев әлі қамауда отыр.

Белсенді Дархан Уәлиев (ортада). Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.
Белсенді Дархан Уәлиев (ортада). Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.

5 қаңтардағы оқиғаларға куә болған азаматтардың сөзі мен видеожазбаларға қарағанда, Уәлиев алаңдағы бұзақылықты тоқтатуға тырысып, жиналғандарды сабырға шақырған, жаралы адамдарды, оның ішінде әскери қызметкерлерді құтқаруға көмектескен. Бірақ тергеушілер қылмыстық қудалауды тоқтату үшін бұл фактілер жеткіліксіз деп санайды.

– Айыптау тарабы Дархан Уәлиевтің полиция департаментіне, уақытша ұстау изоляторы мен СИ-18 мекемесіне барып, әкімшілік қамауға алынған азаматтарды босатуды сұраған және жаппай тәртіпсіздік болған жерде тұрған видеосын алға тартады. Қылмыстық қудалау органдары Дарханның халықты сабырға шақырып, бұзақылыққа қарсы болғанын растайтын видеоларды есепке алмай отыр. Олар "Қылмыстық істі доғаруға бұл дәлелдер жеткіліксіз, Уәлиевтің іс-әрекетінің салдары ауыр болды, ол босатқан адамдар әуежайға бет алды" дейді (билік 5 қаңтарда Алматы әуежайын "террористер" басып алды деп айтады, бірақ мұны растайтын сенімді айғақтар жоқ – ред.). Тергеушілер мұның теріс салдары болатынын айтып отыр, – дейді адвокат Жанар Балғабаева.

Жаралыларды қамады, азаптады деп араша сұраған жұрт көп (16 ақпан 2022 ж.)

Жаралыларды қамады, азаптады деп араша сұраған жұрт көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

Кемінде 238 адамның қазасымен аяқталған Қаңтар қырғыны жаңа Қазақстан тарихындағы ең ауыр қасіретке айналды. Қаңтардың басында Қазақстанның бірнеше өңірінде әлеуметтік теңсіздік, қымбатшылық пен жемқорлыққа қарсы наразы халық жаппай шеруге шықты.

Қаңтар қырғынынан кейін екі айдан соң екі жыл бұрын "еститін мемлекет" концепциясын ұсынған президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты "жаңа Қазақстан" құруға, "жаңару мен модернизацияға" шақырды. Президенттің бұрынғы көмекшісі, қазір мемлекеттік хатшы қызметін атқаратын Ерлан Қарин Тоқаев "ауқымды реформалар жобасын ұсынды" деп мәлімдеді.

"Алда болатын жаңа өзгерістер саяси жүйе конфигурациясын түбегейлі өзгертеді. Азаматтардың мемлекет басқаруға, жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға қатысу деңгейін көтеруге баса назар аударылып отыр. Сондықтан қазір ауысып жатқан мемлекеттік басқару моделінен бөлек, мемлекеттік және қоғамдық даму парадигмасы да өзгереді" деді Тоқаевтың жолдауына байланысты пікір білдірген мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин.

Бірақ Қаңтар оқиғасы кезінде не одан кейін ұсталып, азаптауға ұшыраған азаматтар ешқандай өзгеріс байқамаған. Билік қамаудағы азаматтарға күш қолданылғанын ресми түрде мойындап, прокурорлар құқық қорғау қызметкерлерінің зорлық-зомбылығы жайлы көп шағым түскенін растағанымен, жүздеген арыз бойынша жүргізілген тергеу нәтижесінде тоғыз адам ғана ұсталған.

Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, Уәлиевтің шағымы бойынша қозғалған іс те ілгері жылжымай қойған. Алматының тергеу мекемелерінде азапталған азаматтардың көбі құқық қорғау органдары өкілдеріне қарсы істер дұрыс қаралмайтынын айтады.

– Тоқаевтың үш жылдық басқаруынан кейін мемлекет естісе де, біржақты еститінін, мәселемізді шешуге көп күш салмайтынын түсіндік. Шын мәнінде құқық қорғау жүйесі отыз жыл бұрынғы күйінде қалған. Қазіргі ахуал – осы. Сондықтан "еститін мемлекет" деген қағаз жүзінде ғана қалды, қоғамдық өмірде бұл түсінік көп қолданыла бермейді, – дейді "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы бейбіт азаматтық белсенділер де қудаланып жатқанына назар аударады.

НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҚҚАНЫ ҮШІН ҚАМАЛҒАН ӨЗГЕ БЕЛСЕНДІЛЕР

Орал қаласында тұратын белсенді Орынбай Оқасов наурызда түрмеге қамалды. Сот белсендіге қолданылған бұлтартпау шарасын өзгертіп, абақтыға жабу туралы шешім шығарған.

Белсенді Орынбай Оқасов сотта тұр. Орал, 16 қараша 2021 жыл.
Белсенді Орынбай Оқасов сотта тұр. Орал, 16 қараша 2021 жыл.

2021 жылы сот Оқасовты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша айыпты деп танып, бір жылға бостандығын шектеген. Билік дәл осы бапты Дархан Уәлиев пен басқа да ондаған адамға қарсы қолданып, жаза кескен.

Сот Оқасов 4-5 қаңтарда Оралдағы наразылық акциясына қатысып, пробациялық бақылау шартын бұзды дейді. Ол күндері Қазақстанның басқа қалаларымен қатар Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығында да жаппай наразылық акциясы өткен. Бірақ Оралда қантөгіс болған жоқ.

Енді сот үкіміне сәйкес, Орынбай Оқасов жазасының қалған мерзімін (жеті ай 17 күн) түрмеде өтейді.

Оқасов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Қылмыстық іс қозғауға белсендінің Facebook парақшасындағы жазбалары мен әкімдіктің рұқсатымен өткен митингіде сөз сөйлеуі ілік болған. Тергеушілер мен прокурорлар Оқасов митингіде Қазақстанда тыйым салынған қозғалыстардың қызметін "ақтап", бірінші президенттің [Нұрсұлтан Назарбаевтың – ред.] саясатын сынады деп есептейді.

Орынбай Оқасов бейбіт жиынға қатысу құқығы Конституцияда көрсетілгенін еске салған. Оның үстіне президент те бірнеше рет азаматтық қоғамды нығайтып, халықтың пікіріне құлақ асу керегін айтқан еді. 2019 жылы Тоқаев "билік пен қоғам арасында диалог жүргізу арқылы ғана гүлденген мемлекет құруға болады" деп мәлімдеген.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев "Бейбіт жиын туралы" заңға сәйкес, (құқық қорғаушылар жаңа заңда митинг өткізуге рұқсат бермеуге сылтау болатын негіз көп, билік сол мүмкіндікті пайдаланып отыр деп сынаған) рұқсат етілген митингілерде ғана наразылық білдіруге болатынын ескерткен. Тоқаев наурыздың ортасында "басқа жеңілдіктер болмайтынын" айтып, "арандатуды көздейтін белсенділер заңды бұзуға болады деп ойлайды" деген. Ол қандай топтарды меңзегенін ашып айтқан жоқ.

19 cәуірде Оралда Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевтың үйіне тінту жүргізілді. Бұған белсенділердің қалалық әкімдікке бейбіт митинг өткізу туралы өтініш беруі себеп болды (жергілікті билік кейінгі бірнеше айда митинг өткізгісі келген азаматтар берген ондаған өтінішті қанағаттандырмады). Осыған дейін талай рет наразылыққа шығып, әкімшілік қамауға алынған Ескендірова мен Оразбаевтың үстінен 405-бап бойынша іс қозғалған.

Митингіге 40 рет өтініш беріп рұқсат ала алмаған оралдықтар әкімдікті сотқа берді

Митингіге 40 рет өтініш беріп рұқсат ала алмаған оралдықтар әкімдікті сотқа берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

"БЕЙБІТ БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ БІРЖАҚТЫ ҚАРАЙДЫ"

– Қаңтар оқиғасынан кейін режимнің жұмсарғанын көрген жоқпыз. Олар басында "20 мың террорист" шабуыл жасады деді, кейін президенттің Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерін кіргізу туралы шешімін ақтап алу үшін "екі әскери қызметкердің басы кесілді" деген ақпарат таратты. Осының бәрі билікті сақтап қалу үшін жасалды. Қазір бейбіт белсенділерге біржақты қарайды. Үкімет жеңілдік жасамайтынын көрсету үшін оларды қамауда ұстап отыр. Осылай азаматтық белсенділікті басып тастағысы келеді, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушының пікірінше, кейінгі бірнеше жылда билік "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының жақтастарын қудалап келсе, Қаңтар оқиғасынан кейін бұрын қауіпсіз көрінген белсенділер де қысымға ұшырай бастаған.

Алматы әкімдігінің рұқсатынсыз өткен, Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға арналған қаралы митингіден кейін тіркелмеген демократиялық партияның көшбасшысы Жанболат Мамай 15 тәулікке қамалды. Оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылды. Мамай митингіде "Қаңтар қырғынын провокаторлар ұйымдастырды, олардың артында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы тұр. Тоқаев әскерилердің халыққа қару қолданғаны үшін сот алдында жауап беруі керек" деген.

Мамай әкімшілік жаза мерзімі аяқталғаннан кейін "билік өкілін қорлау" және "көрінеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына қамалды. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Мамайды қамауда ұстау заңсыз, өйткені оған жеңіл санатқа жататын қылмыстар бойынша айып тағылған деп есептейді. Мәселен, белсендіге қарсы қолданылған 274-бап бойынша берілетін ең үлкен жаза – үш жылға дейін бостандығынан айыру, ал 378-бапқа сәйкес, 40 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Заң бойынша, бес жылдан көп уақытқа бостандығын айыру жазасы қарастырылған баптар бойынша күдікті деп танылған адамдарды ғана сотқа дейін қамауда ұстауға болады.

Жанболат Мамай Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Жанболат Мамай Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

– Бұл жерде екі-үш адамды түрмеге жапса, кейін бәрін ұстайды деген принцип қолданылды. Бізде көп жылдан бері билікке шынайы қарсылас бола алатын оппозициялық партия жоқ, саяси алаңды блогерлер мен белсенділерден, "Қазақстанның демократиялық таңдауы", "Көше партиясы" қозғалыстарының жақтастарынан "тазалаған". Бірақ арнаулы қызмет жеп отырған нанын, бұл салаға бөлінетін миллиардтаған теңгені ақтауы керек қой, сондықтан олар келесі құрбанды іздей бастайды. Енді міне, ешкімге зияны жоқ Мамай мен оның жақтастары сияқты белсенділерге көшті. Олардан кейін журналистер мен құқық қорғаушылардың ізіне түседі,– дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, қазір 18 азаматтық белсенді қамауда отыр. Олар бейбіт наразылық акциясына шыққан, бірақ жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылыққа қатыспаған.

Орынбай Оқасов пен адвокаты Жанболат Құлжанов белсендінің бостандығын шектеу шарасын түрмеге қамау жазасына ауыстырған сот үкіміне қарсы шағым берген. Әзірше оралдық белсенді қамауда отыр. Оның жерлестері Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевқа қатысты тергеу жүріп жатыр.

Тергеу соты Дархан Уәлиевті қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға – 13 мамырға дейін ұзартқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатуға шақырды. Сәуірдің басында Amnesty International ұйымы белсендіні қолдау науқанын бастады. Бірақ Нұр-Сұлтан Мамайдың ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірген АҚШ елшілігі мен басқа да ұйымдардың пікірін елемей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG