Accessibility links

Қазақстан Украинаның кебін құшуы мүмкін бе? Қазақстан ірі астық экспорттаушыға айнала ала ма?


Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз 2022 жыл.
Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресей Украинадан кейін Қазақстанды нысанаға алуы мүмкін бе, Қазақстанда Украина сценарийі қайталана ма дегенді талдайды. Сонымен қатар Қазақстан ірі астық экспорттаушы елге айнала ала ма деген мәселеге тоқталады. Одан бөлек Орталық Азия елдері өзара сауданы дамыту үшін не істеуі керек деген сұраққа жауап іздейді.

РЕСЕЙ УКРАИНАДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДЫ НЫСАНАҒА АЛА МА?

Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуразияда жаңа стратегиялық жағдай орнағанын және Мәскеу өз мүддесі үшін көп нәрсеге баратынын көрсетті. Украинада деэскалацияның қандай да бір белгісі әлі көрінбесе де, Орталық Азия елдері Ресей келесі кезекте нысанаға кімді алуы мүмкін деп демін ішіне тартып, сескене қарап отыр. Принстон университетіндегі қауіпсіздік мәселелерін зерттеу жөніндегі ғалым Саджид Фарид Шапу АҚШ-та шығатын National Interest басылымында Ресей президенті Путин Украинадан кейін Қазақстанды нысанаға алуы мүмкін бе деген мәселені талдайды.

Зерттеушінің сараптауынша, Совет Одағы ыдыраған соң ұлы держава статусынан айырылып қалған Ресей қазір оны қалпына келтіруге тырысып жатыр. Бұл ретте Мәскеу көрші елдердегі қауіпсіздік архитектурасын өзгертіп, қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң орнаған тәртіпті қайта қарастыруға талпынуда.

Путиннің "этникалық орыстарды" қорғау үшін әскер қолдану туралы айтқан мәлімдемелері Ресейдің өзге көршілері, әсіресе "этникалық орыстар" мен орыстілділер көп тұратын Орталық Азиядағы бұрынғы кеңестік республикалардың алаңдаушылығын туғызды. Сарапшылар Ресей оңтүстіктегі көршілеріне тәуекелі аз әрі тартымды аймақ деп көз сүзіп қарап отыр деп есептейді.

Саджид Фарид Шапу Украина шығысына басып кірген Ресей "орыстілділер" мен сырттағы "отандастарды қорғауды" сылтау ететінін атап өтеді. Ресей заңы бойынша, Кеңес одағында дүниеге келген, қазір бұрынғы кеңестік елдерде тұрып жатқандар да "отандастар" қатарына жатады. Зерттеуші Мәскеу Қазақстан үкіметін ұлттық стратификация жүйесін қазақ ұлтының пайдасына қарай бұрып жатыр деп айыптағанын еске салады.

Ғалым этникалық орыстар көп тұратын солтүстік Қазақстанда болашақта наразылық туып, жаппай тәртіпсіздікке ұласса, Ресей "этникалық орыстарды қорғауды" сылтау етіп, елге басып кіруі мүмкін деп есептейді. Сарапшылардың топшылауынша, Қазақстан күштері Ресейге тойтарыс бере алмайды, сондықтан Ресей Қазақстанға тез басып кіре алады. Зерттеушінің айтуынша, НАТО-ның Қазақстанға қолдау білдіруі екіталай, ал Ресейге географиялық жақындық елді одан бетер осал етеді.

Дей тұрғанмен ғалым Ресейдің Қазақстанға басып кіруін екіталай деп санайды. Өйткені Украина мен Қазақстан арасында көп айырмашылық бар. Кремль Украинаны "Ресей мүддесіне" қауіп төндіреді деп келді, ал Киевтің НАТО-ға кіруге ұмтылысынан кейін Украинаны жеккөрінішті етіп көрсете бастады.

Саджид Фарид Шапу Ресей үшін Қазақстан дәл Қырым мен Украина тәрізді символдық мәні жоқ және геосаяси маңызды ел емес дейді. Оның үстіне елдегі тығыз ұлтаралық қарым-қатынастың арқасында орыстілді жастар қазақ дәстүрін танып, сіңіріп жатыр. Әрі "елдегі этникалық орыстар қазақ ұлттық бірегейлігін қабылдауға дайын тәрізді, ал бұл Ресейдің Қазақстандағы орыс халқын инструмент ретінде қолдану мүмкіндігін шектейді".

Ресей экономикасы Батыс санкцияларының әсерінен зардап шегіп жатыр, оның үстіне Ресейге мұнай тасымалдауға шектеу қойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда кез келген әскери іс-қимылды Ресейдің қалтасы көтермейді. Оны былай қойғанда, шайқаста тозған әскерді қалпына келтіру басқа жақта әскери іс-қимыл жүргізу мүмкіндігін шектейді.

Қарай отырыңыз: Ресей саясаткерлері Қазақстаннан неге "русофобия іздегіш?" (29 наурыз 2022 жыл).

Ресей саясаткерлері Қазақстаннан неге "русофобия іздегіш?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

Ғалым Мәскеу Қазақстанда Украина сценарийін іске асырғысы келген күннің өзінде елдегі қандай да бір тұрақсыздық орыстілді қауымдастыққа қауіп төндіретінін көрсетуі керек, ал бұл іске асуы екіталай сценарий деп есептейді. Оның ойынша, Ресей Қазақстанға әскери іс-қимыл жүргізуден гөрі елдің Мәскеу бастаған интеграциялық құрылымдар – ТМД мен Еуразия экономика одағынан шығуына жол бермеуге мән бергені жөн.

ҚАЗАҚСТАН ІРІ АСТЫҚ ЭКСПОРТТАУШЫҒА АЙНАЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?

Тәуекелдерді бағалайтын халықаралық Risk Advisory Group консалтинг компаниясының Ресей, шығыс Еуропа және Еуразиядағы тобының ғылыми қызметкері София Нина Бурна-Асефи Diplomat басылымындағы мақалада Қазақстан ірі астық экономикасының ықпалды ойыншысына айналуы үшін қандай кедергілерді еңсеруі керектігін сараптайды.

16 сәуір күні ауыл шаруашылығы министрлігі ұн мен бидай экспортын үш айға шектеді. Бұл шектеуге сәйкес, айына экспортталатын бидай мөлшері – 1 миллион тонна, ұн өнімдері 300 мың тоннадан аспауы тиіс. Бірақ бидай экспортерлері сыртқа шығарылатын бидайдың 10 пайызын "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына" арзандатылған бағамен сатуға міндеттеледі.

Мәскеу 10 наурыз күні Еуразия экономика одағына кіретін елдерге астық экспортын тоқтатқандықтан, Қазақстан да бидай экспортына квота енгізді. Мәскеудің бидай экспортын тоқтату туралы шешімі Қазақстанның бидай нарығына әсер етіп, бір тоннаның бағасы 117 мың теңгеден 150 мың теңгеге бір-ақ қымбаттады. Мұның кесірінен ұн өндірушілер арзан астық ала алмай, бірқатар диірмен кешенінің жұмысы тоқтап қалды.

Дегенмен 31 наурыз күні Ресей Еуразия экономика одағына бидай экспорттауға салынған тыйымды алып тастады. Бірақ одақ елдері Ресей бидайын сол елдің ауыл шаруашылығы министрлігінің рұқсатымен ғана импорттай алады.

Мақала авторы Қазақстанның астық экономикасы екі себепке байланысты Ресейге тәуелді деп жазады. Біріншіден, Еуразия экономика одағына мүше болғандықтан, Ресейдің арзан бидайы Қазақстандағы бидай бағасын тежейді. Екіншіден, Қазақстан бидайы Еуропаға Ресей аумағы арқылы өтетін теміржолмен тасымалданады.

Қазақстан бидайды Иран, Каспий теңізі арқылы Оңтүстік Кавказға, Ресей арқылы Шығыс Еуропаға тасымалдайды. Дегенмен ең маңызды және азық-түлік тапшы аймақ – оңтүстіктегі Орталық Азия елдері. Аймақтағы астық Ресейді Орталық Азия және Қазақстанмен жалғайтын Совет кезеңіндегі теміржол арқылы тасымалданады. Қазақ бидайының ірі импорттаушылары – Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей. Сонымен қатар бидай Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жеткізіледі.

Ақтау портында экспортталатын бидай жүк кемесіне тиеліп жатыр. Көрнекі сурет.
Ақтау портында экспортталатын бидай жүк кемесіне тиеліп жатыр. Көрнекі сурет.

Зерттеушінің жазуынша, Қазақстан ірі астық өндірушіге айналуы үшін жаңа экспорт жолдарын іздеп, ел ішіндегі халықты астықпен қамтамасыз ету үшін жергілікті фермерлердің бидайын бәсекеге қабілетті бағамен сатып алуы керек. "Қазақстанның астық саласы аймақта әртүрлі экспорт нарығына тасымалданса да, өз әлеуетін толық іске асырған емес. Соңғы 20 жылда кейбір инфрақұрылымдарға – Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Каспий мен Қара теңіздегі паром терминалдарын Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Украина және Польшамен жалғайтын теміржол, Қазақстандағы Достық пен Қытай шекарасындағы Алашанькоу қаласына апаратын теміржолға инвестиция құйылса да, Қазақстанның сырттағы елдермен байланысының жоқтығы – бидай экспорты мен экономикалық дамуға кедергі келтіретін ең негізгі себептер.

Қазақстан теңізге шыға алмайтындықтан, алыс қашыққа халықаралық шекаралар арқылы тауар тасымалдауы керек. Нәтижесінде импорт шығыны артады, экспорттың бәсекеге қабілеті төмендейді, тіке шетелдік инвестициялар аз келеді. Сондықтан Қара теңіз аймағындағы Украина мен Ресей бұл ретте басымдыққа ие.

Мақала авторы Қазақстан сауда серіктестерін көбейтіп, жаңа балама жолдарды іздеп қана қоймай, өзі тап болған логистика мәселесін де шешуі керек деп есептейді. Мысалы, қосымша теміржол вагондарын қосу керек.

Қарай отырыңыз: "Қамбасы толы" Қазақстанда ұн қымбаттап барады (12 сәуір 2022 жыл).

"Қамбасы толы" Қазақстанда ұн қымбаттап барады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:42 0:00

Сарапшы бидай экспортына жоғары сұраныс Қазақстанның астық нарығындағы позициясын күшейтіп, бидай өндірісін дамытуға түрткі бола алады дейді. Бірақ әлемде астыққа сұраныс артса да, елдің бидай экспортына шектеу қоюы бидай өндірушілер бірқатар логистикалық мәселемен бетпе-бет келгенін көрсетеді. Автордың ойынша, Қазақстан әлемдегі ең ірі астық экспорттаушыға айналуы үшін ең алдымен осы логистикалық шектеулерді жоюы қажет.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САУДАНЫ ЗАҢДАР ТЕЖЕП ОТЫР"

Орталық Азиядағы сауданың дамуына инфрақұрылым емес, заңдар тежеу салып отыр. Берлинде тұратын саяси экономист, өткен айда жабылып қалған Дүниежүзілік банктің Мәскеудегі өкілдігінің зерттеушісі Свенья Петерсен Eurasianet басылымындағы мақалада Орталық Азияда Ресей бастаған Еуразия экономика одағына кіретін елдер мен одаққа кірмейтін елдер өзара сауданы дамыту үшін не істеуі керек деген сұраққа жауап іздейді.

Сарапшы Қырғызстан мен Қазақстанда қазіргі таңда Еуразия экономика одағына кезінде қосылғанына көп өкініш айтылып жатқанына назар аударады. Батыстың Ресейге санкциясын қатайтуы Орталық Азия тауарларына сұранысты төмендетпек. Автор осы себепті Ресеймен бір интеграциялық одақтағы елдер шұғыл жаңа нарық іздеп, көзге көріне бермейтін, саудаға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға мәжбүр екенін келтіреді.

Сауда-саттықты зерттеушілер көп ретте теміржол, автомобиль жолдары тәрізді инфрақұрылымға мән береді. Бірақ зерттеушінің жазуынша, Еуразия экономика одағына кіретін елдерді сауда саласындағы сарапшылар "сапа инфрақұрылымы" (Quality Infrastructure, QI) деп атайтын нәрсе жарға жығуы мүмкін.

Сапа инфрақұрылымы – бұл екі сауда серіктесі арасындағы реттеуші стандарттар мен сертификаттар. Бұл екі сауда серіктесіне “алма деген алма”, ал "оталдыру білтесі басқа емес – дәл оталдыру білтесі" екеніне келісуге мүмкіндік беретін құжаттар.

2015 жылы Еуразия экономика одағы құрылғанда оған мүше Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Армения минералды судағы минералдан бастап косметика өнімдерінде тыйым салынған затқа дейін реттейтін барлық ережені қабылдады. Одақтағы мұндай стандарттар бірыңғай нарықтың жұмыс істеуіне жол ашуы керек болған.

"Бірақ жеме-жемге келгенде Еуразия экономика одағы стандарттары одаққа мүше елдердің оқшаулануына әкелді. Мысалы, Қырғызстанға көрші Өзбекстаннан гөрі Ресеймен сауда жасаған оңай. Экспорт статистикасы да осыны көрсетеді".

Ал Еуразия экономика одағына кірмейтін Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанның әрқайсысы өз ұлттық стандарттарын қолданады, бұл да Орталық Азиядағы сауданы қиындатады. Мысалы, алманы Өзбекстаннан Түрікменстанға тасымалдау үшін шекарада олардың көлемі Түрікменстанның бас мемлекеттік инспекциясы бекіткен талапқа сай екенін растау қажет. Ал бұл ұзақ және қымбат процедура. Ал сүтті экспорттау тіпті қиын. Өйткені сүтті сатпас бұрын оны пастерлеп, мұны сүтті сатып алушы ел мойындайтын сертификатты ұсыну керек, сертификатты аккредитациядан өткен мекеме беруге тиіс. Көп ретте мұндай мекемелер мүлде жоқ, ал бар болса, импорттаушы ел оның сертификатын мойындамайды.

Свенья Петерсен Орталық Азияда "сапа инфрақұрылымының" дамымауы аймақ елдеріне әлемдегі саудаға қатысуға және экономикалық өсімге қол жеткізуге кедергі келтіріп отыр дейді.

Елдің сертификаттары шетелде танылған жағдайда өнімнің әлемдік нарықта бәсекеге қабілеті артады әрі бұл сатып алушыға қауіпсіздік пен тазалық талаптары сақталды дегеннен хабар береді.

"Саудадағы кедергілер – әркімнің өз таңдауы. Орталық Азия елдері әлемдік экономикамен интеграцияны және бір-бірімен сауданы таңдай алады немесе экономикасы құлдырап жатқан Ресеймен бірге тығырыққа тіреліп, қиын жағдайда қала алады. Халықаралық стандарттарды енгізсе, олар бұл бұғаудан құтыла алар еді", – дейді мақала авторы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG