Accessibility links

ҰҚШҰ әскерін Қазақстанға кіргізу алдын ала жоспарланды ма? Орталық Азия Мәскеуден алшақтай ала ма?


Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан соң Алматыға келген ҰҚШҰ миссиясы сапындағы ресейлік әскерилер. Қаңтар 2022 жыл.
Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан соң Алматыға келген ҰҚШҰ миссиясы сапындағы ресейлік әскерилер. Қаңтар 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қаңтар оқиғасы кезіндегі Мәскеудің рөліне тоқталып, Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерінің елге кіруі алдын ала жоспарланып қойылған нәрсе ме деген сұраққа жауап іздейді. Сонымен қатар Орталық Азия елдері санкция қыспағында қалған Мәскеуден алыстай ала ма деген мәселеге үңіледі. Одан бөлек Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап қалуға талпынған Қазақстанға Ресейдің ақпараттық шабуылы үдей түсе ме дегенді талдайды.

ҚАНДЫ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДАҒЫ МӘСКЕУДІҢ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

Мәскеудің қанды Қаңтар оқиғасындағы рөлі қандай? Тоқаевтың билікті қолына алуы әу бастан ұйымдастырылған нәрсе ме, әлде ол дағдарысты өз билігін күшейтіп, Назарбаевты биліктен алыстату үшін пайдаланып кетті ме? АҚШ-тағы халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің бұрынғы орынбасары Дэвид Меркель Бельгияда шығатын EUObserver газетіне жазған мақалада осы сұрақтарға жауап іздейді.

Зерттеуші Қаңтар оқиғасы кезінде Кремль Тоқаевқа Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерін жіберуді ұсынып, Путин осылайша Тоқаевқа қолдау білдіргенін еске салады.

Бірақ Меркельдің жазуынша, Путин тұрақты және дамыған көршілер Ресей қауіпсіздігін күшейтеді деп есептемейді, оның әрекеті керісінше, Мәскеу көршілердің әлсіз және өзіне тәуелді болғанын қалайтынын көрсетеді.

«Тоқаев пен Назарбаев арасындағы билік бөлінісі туралы келісім Путиннің көңілінен шықты деп топшылауға болар еді. Алайда соңғы екі жылда қос билік салыстырмалы тұрақтылыққа әкелді. Қартайған Назарбаевты кетіріп, Тоқаевты билік басында қалдыру Қазақстан президентін әлсіз әрі Путинге тәуелді ететін қадам еді», − дейді Меркель.

Зерттеуші оқиғалар тізбегін сараптай келе Мәскеу бастаған ҰҚШҰ әскерінің елге келуі алдын ала жоспарланды деген қорытынды жасайды.

«5 қаңтар күні сағат 18:54-те Тоқаев алдын ала жазылған видеомәлімдемеде өзін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деп жариялады. Бұл Конституцияға қайшы әрі Назарбаевты ықпалды қызметтен айырған қадам болды.

Тоқаев өз билігін күшейту үшін үкімет жетекшісі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасын қызметтен алды».

5 қаңтардан 6-сына қараған түні, сағат он екілер шамасында Тоқаев «террористік қауіптің бетін қайтару үшін» ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын мәлімдеді. Ал түнгі сағат бірде сол кездегі ҰҚШҰ-ға төрағалық етуші Армения премьер-министрі Пашинян ұйымға кіретін мемлекеттермен кеңесіп, таңғы 3:26-да Қазақстанға әскер кіргізу туралы келісімге келгенін хабарлады.

Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін кіргізуге қарсылық білдіріп тұрған наразылар. Бішкек, 7 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін кіргізуге қарсылық білдіріп тұрған наразылар. Бішкек, 7 қаңтар 2022 жыл.

Бірақ Меркель Тоқаевтың әскер кіргізуді сұраған видеомәлімдемесінен әлдеқайда ертерек уақытта, Беларусьтің Белта ақпарат агенттігі Путин, Тоқаев пен Лукашенко 5 қаңтар күні сағат 22:14-те телефон арқылы сөйлескені жайлы ақпарат таратқанына назар аударады. Кейін Лукашенко операцияны «Беларусь пен Ресей президенттері бір сағаттың ішінде бүге-шігесіне дейін ойластырғанын» айтып мақтанған.

6 қаңтар күні күндізгі 12:14-те Ресейден барлығы 70 рейспен 2235 әскери адам Алматыға келіп жетті.

Меркель Алматы Мәскеуден Харьковпен салыстырғанда төрт есе алыс екеніне қарамастан, Ресей әскері Пашинян ҰҚШҰ әскері кіргізілетінін хабарлаған соң небәрі 9 сағаттан соң келіп жетті дейді. Зерттеуші «Ресей әскері логистикасының қандай жай-күйде екенін жақында Украинада байқадық, сондықтан осының бәрі Мәскеудің әскери іс-әрекеті Тоқаевпен алдын ала келісіліп, Пашинян мәлімдемесінен анағұрлым бұрын жоспарланғанын көрсетеді» деп есептейді.

Енді «Тоқаев Путин алдында қарыздар» деген Меркель Путин Тоқаевты «Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесетін экономикалық сателлит ретінде пайдалануы мүмкін» екенін келтіреді.

СОҒЫСТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ӘСЕРІ ЖӘНЕ АЙМАҚ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ҚАУПІ

Орталық Азия елдерінің халқы мен басшылары Ресейдің неоимперияшыл амбициялары тек Украинамен шектелмеуі мүмкін деп алаңдап отыр. Ресей ұзақ уақыт оқшауда қалып, санкциялардан құтылмайтындықтан, Орталық Азия елдері Ресейге экономикалық және саяси тәуелділігін азайтуға тырысады. АҚШ-тың ұлттық қорғаныс университетіндегі стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Джеффри Манкофф АҚШ-та шығатын World Politics Review басылымына жазған мақалада осындай ой айтады.

Ғалым Украинадағы соғыс Орталық Азияға қалай әсер етуі мүмкін екеніне тоқталады. Оның ойынша, Батыс елдері Ресеймен сауда және инвестицияға шектеу қойып жатқандықтан, бұл Еуразия экономика одағына мүше − Қазақстан мен Қырғызстанға соққы болып тиюі ықтимал.

Мақала авторы Ресей Еуразия экономика одағын барлық мүше елдерге тиімді және келісімге негізделген ұйым ретінде көрсететініне қарамастан, Қазақстан мен Қырғызстан одаққа кірмейтін елдерден келетін импортқа тарифті көтеріп, Ресей тауарларының келуіне кедергіні барынша азайтқанын келтіреді. Осылайша Қазақстан мен Қырғызстан Ресей импорты мен Ресей арқылы келетін тасымал тізбегіне тәуелді бола түсті. Украинадағы соғыс салдары бұған міндетті түрде әсер етеді. Соғыс басталғалы екі елдің бизнес өкілдері мен азаматтық қоғамы үкіметтен бұл одақтан шығуды талап етті.

Ресей ұзақ уақыт оқшауда қалуы мүмкін, сондықтан аймақ елдері өздерінің экономикалық байланыстарын әртараптандыруға ынталы. Автордың ойынша, оның ең оңай жолы – Қытай. Бірақ аймаққа миллиардтаған доллар құюға уәде еткен Пекиннің өзі экономикалық және мәселелерге тап болды. Оның үстіне аймақ басшылары Қытайға тәуелділік артып жатқанына алаңдайды.

«Аймақ елдері Батыс инвестицияларынан ұтар еді, бірақ оған да кедергі көп. Орталық Азияның мұнайы мен газы жеткізілсе, Еуропа Ресей энергиясынан бас тартар еді. Каспий арқылы Түрікменстаннан Еуропаға газ құбырын тарту бұрыннан жоспарланып талқыланса да, саяси және экономикалық тәуекелдер бұған тосқауыл болып тұр».

Мақала авторы соғыс нәтижесінде Орталық Азия елдері қатты өзгеретін геосаяси ахуалмен бетпе-бет келуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл соғыстың қанша уақытқа созылатынына және қалай аяқталатынына байланысты болмақ. Посткеңестік кеңістіктегі елдердің басшылары мен халқы Ресейдің Украинаға басқыншылығы ары қарай басқа аумақтарды басып алуға жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді. «Мәскеу Украинада жеңіске жетсе − менмендікке салынып, араны ашылуы мүмкін, ал жеңілсе – өзін-өзі жұбандыру үшін басқа аумаққа көз сүзуі ықтимал».

Қарай отырыңыз: Ресей саясаткерлері Қазақстаннан неге "русофобия іздегіш?" (29 наурыз 2022 жыл).

Ресей саясаткерлері Қазақстаннан неге "русофобия іздегіш?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

Джеффри Манкофф Орталық Азия елдерінен ішінен мұндай қауіп солтүстік өңірде айтарлықтай көп этникалық орыстар өмір сүретін Қазақстанда жоғары екеніне назар аударады. Ресейдің Солженицын тәрізді империяшыл ұлтшылдары бұл өңірді Мәскеудің «заңды мұрасы» деп келген. Автор 2014 жылы Путин «Қазақстанда еш уақытта мемлекеттілік болмаған» деп мәлімдегенін еске салады. Дәл осыған ұқсас мәлімдемені ол Украинаға басып кірмес бұрын сол елге қарата да айтқан.

Зерттеуші Ресей оқшауланып, экономика күрт құлдырап жатқан тұста Орталық Азия елдері Мәскеуден іргесін аулақ салып, алыстауды тездете алады дейді. «Дегенмен Ресей кек қайтаруы мүмкін деген қорқыныш билегендіктен және балама жоқ болғандықтан, аймақ бұрынғыдай сақ қимылдауға мәжбүр бола береді».

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕЙТАРАП ПОЗИЦИЯСЫ ЖӘНЕ РЕСЕЙ ПРОПАГАНДИСІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛЫ

Eurasianet басылымы «қазақстандықтар Украинадағы жағдайға мұқият қарап, сабақ алуы тиіс» деп мәлімдеген Ресей журналисі Тигран Кеосаянға Қазақстан қарымта жауап қайтарғанын жазады.

Кеосаян Youtube арнасында Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіс күніне орай жыл сайынғы мерекелік іс-шараларды өткізбейтінін сынап, «Ресейдегі жауапты тұлғалар екі ел арасындағы қарым-қатынасты қайта қарауы керек» деп қоқан-лоқы жасаған.

Басылым Қазақстан сыртқы істер министрлігі Тигран Кеосянға елге кіруге тыйым салынуы мүмкін деп жауап қайтарғанына назар аударады.

Кеосаян Украинадағы соғыс Ресей мен НАТО арасындағы соғыс екенін айта келе, «бауырлас халықтар «бір тарапты таңдауы керек» деген. Ал екіұшты позицияны таңдағандар, оның ойынша, Ресей жауына айналуы керек.

Мақала авторы Кеосаянның соңғы жылдары Кремльдің қызу жақтаушысына айналғанын келтіреді. «Оның аргументтері Ресей үкіметіндегі ең озбыр көзқарасты білдіреді».

Басылым Қазақстан ешбір тарапты жақтамай, бейтарап қалуға талпынғанын жазады. Бір жағынан Нұр-Сұлтан Украинаның аумақтық тұтастығына құрметпен қарайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне күшін салатынын мәлімдеген. Дей тұрғанмен соғыс басталғалы Мәскеумен диалогты тұрақты жалғастырып келеді. Жақында сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәскеуге сапарлап, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен.

Кеосаян өз сөзінде қазақтар «қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздікті басуға көмектескен Ресейдің жақсылығын түсінбейтін болып шықты» деп қайырған. Бұл ретте ол ҰҚШҰ әскерінің елге кіруін меңзегені түсінікті. Автор сарапшылар Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевтың Мәскеу бастаған ҰҚШҰ-дан көмек сұрауы Қазақстан президентін Ресейге тәуелді және осал ететінін күні бұрын болжағанын жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG