1 қаңтарда Қытайдың Еуроодақтағы елшісі Чжан Мин қызметінен кетіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы болғанда, Орталық және Оңтүстік Азиядағы жағдай өзгеше еді.
Аймақ Ауғанстанда тәліптер билікке келгеннен кейін енді ес жиып жатты. Алайда 2022 жылдағы шешуші оқиғалардан кейін жағдай күрт өзгерді.
Қаңтардың басында Қазақстанда сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан басталған наразылық қақтығысқа ұласты. Билік елге Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін кіргізді. Осы оқиға кезінде билік үшін тартыс болғаны айтылып, елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев позициясын нығайта түсті.
Содан шамамен жеті апта өткен соң Кремль Украинаға басып кіріп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі шиеленіс туды. Батыс Мәскеу күткендей емес, одан да қатаң реакция білдіріп, саяси және экономикалық санкциялар салды. Бұл Украинаның да, Ресейдің де көршілеріне әсер етіп жатыр.
Бұл екі оқиға да Пекин үшін Қытайдың сыртқы саясатындағы сынаққа айналды. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қытайдың Орталық және Оңтүстік Азиямен байланысының негізгі тетігі болып отырған Еуразияға ықпалы күн тәртібіне шықты.
Совет одағы ыдырағаннан кейін пайда болған ұйым енді Ресейдің Украинаға басқыншылығының аймақтағы салдарын еңсеруі керек. Атап айтқанда, ол азық-түлік дағдарысының қаупі, Батыс санкцияларының Ресей экономикасына ғана емес, басқа елдерге де әсері, Ресейдің Орталық Азиядағы саяси айла-амалдар қолдану қаупі секілді мәселелермен бетпе-бет келеді.
«Жалпы алғанда, Украинадағы соғыс Қытайдың көңілін қатты қалдырды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының мақсатына да біршама кедергі келтірді» деді Азаттыққа Пекиннің Орталық және Оңтүстік Азиямен байланысын зерттеп жүрген профессор Хайюн Ма.
ШЫҰ Қытайдың аймақтағы мүддесінің және Пекин мен Мәскеу арасындағы тепе-теңдіктің тетігі болды. Ақпанның басында Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай президенті Си Цзиньпин кездескен еді.
Бірақ Украинадағы соғыс бұл тепе-теңдікті бұзды. Сарапшылар бұл ешқашан қалпына келмейді дейді.
«Қытай Ресеймен екіжақты ғана емес, көпжақты байланысын дамытуға тырысты. ШЫҰ Пекин мен Мәскеудің қарым-қатынасында біршама рөл атқаруы тиіс еді» деді Ма. «Бірақ Ресей басқыншылығы мен соғыстың зардабы ШЫҰ қазір қайта бағаланып жатқанын көрсетеді. Оған жаңа тетік табу керек болады».
ЕУРАЗИЯҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ТЕТІК
Жаңа тетік табу міндеті ШЫҰ-ны ендігі үш жыл басқаратын 64 жастағы Чжанға жүктеледі.
Брюссельде қызметте болғанда оның дипломатияда «ескі» тәсілдер арқылы келісімге келе алатын адам ретінде аты шыққан. Бұл Қытайда кейінгі жылдары кең танылып, «қасқыр сарбаз» деп аталып кеткен жас дипломаттардың қатаң және текетірес стилінен біршама ерекшеленеді дейді Чжанмен Брюссельде жұмыс істеген Еуроодақ өкілі.
«Ол мәміле жасай алатын және сындарлы адам» деді Еуроодақтың тағы бір өкілі. Чжанмен жұмыс істеген ол аты-жөнін атамауды сұрады.
Бұл екі қасиет те Украинадағы соғыстан зардап шеккен аймақпен жұмыс істеуіне тура келетін Чжанға пайдасын тигізе алады.
Орталық Азиядағы Өзбекстан мен Қазақстан Украинаға көмек жіберіп, Киевтің территориялық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеді.
Олар Кремльді тікелей сынамаса да, осы әрекеті арқылы Орталық Азия үкіметтерінің Ресей басқыншылығына алаңдайтынын, бірақ тығыз байланысты сақтап қалуға да тырысатынын байқатқандай болды.
Украинадағы соғыс пен Ресейде ұлтшылдықтың өршуінен кейін аймақ елдері Кремльдің нысанасына түсіп қалмауға, сондай-ақ Ресей экономикасының құлдырау салдарын жұмсартуға да тырысып жатыр. Сарапшылар аймақ бойынша экономика өсімі төмендейтінін болжап отыр.
Мәскеу Карнеги орталығының сарапшысы Темур Умаров Ресей Орталық Азияға тамырын кеңге жайғанын, бірақ Украинадағы соғыстың саяси салдары Қытайдың аймақта басымдыққа ие болуына әсер етуі мүмкін екенін айтады.
«Бір жағынан, Ресейдің беделіне нұқсан келді, жаман атты болды» деді Умаров Азаттыққа. «Екінші жағынан, Ресейдің Орталық Азияның экономикасындағы, қауіпсіздіктегі активтері жоғалған жоқ. Сонымен қатар Пекинге қарағанда Мәскеу [аймақтың] ішкі саясатының қалай жұмыс істейтінін терең түсінеді».
1996 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан «Шанхай бестігі» ұйымын құрды. 2001 жылы ұйымға Өзбекстан мүше болған соң атауы өзгерді. 2018 жылы оған Үндістан мен Пәкістан қосылды. Ал 2021 жылы Иранның мүше болу өтініші қабылданды. Енді бұл ел ресми түрде мүше болу үшін техникалық және құқықтық процестерден өтуі керек.
Пекин үшін ШЫҰ оған мүше елдермен ұзаққа созылған жер дауы мәселесін реттеу тетігі болды. Қытай басында мықты экономикалық бағытты ұстанғысы келді. Бірақ Ресей бұл мақсатты ығыстырып, Орталық Азиядағы ықпалын сақтап қалды.
Нәтижесінде ШЫҰ терроризм, сепаратизм, діни экстремизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы бағытталып, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы секілді міндеттерге басымдық берді. Сонымен қатар терроризммен күресті желеу етіп ұйымға мүше елдермен ақпарат алмасатын болды.
ШЫҰ құрылған соң бұлыңғыр идеялар, қаржыландырудың болмауы және үкіметтер арасындағы сенімсіздік үшін ұйымға мүше елдер тарапынан сынға ұшырады.
Атап айтқанда, Пекин Кремльдің Орталық Азиядағы мүддесіне сақтықпен қарады. Ресей бұл аймақты «ықпал ету алаңы» ретінде қарастырады. Бірақ кейінгі жылдары екі елдің әріптестігі күшейді.
4 ақпанда Пекинде кездескен Владимир Путин мен Си Цзиньпин «шексіз әріптестікке» жол ашатын стратегиялық құжатқа қол қойды. Кездесу арасында олар Пекин мен Мәскеу жетекшілік ететін ШЫҰ-ның маңызы мен рөлін нығайтуға да келісті.
Бірақ қазір Қытай екі оттың ортасында қалды. Ол ұйымға мүше елдердің Ресейден алыстау талпынысын ғана емес, Мәскеудің соғысын да саяси тұрғыда қолдағысы келетіндей. Ол Кремльдің мәлімдемелерін қайталап, Украинадағы әскери қылмысты сынаудан бас тартып келеді.
«Жер көлемі мен географиясының арқасында Қытайдың рөлі арта береді, бірақ ШЫҰ-да жетістік те көп болмайды» деді Умаров. «Қазір Пекинді де Ресейдің жақтасы, Мәскеуді тоқтату үшін ештеңе істемей отырған ел деп қарастырады. Ал [ШЫҰ-ға мүше елдердің] көбі оны қауіп санайды» дейді Умаров.
ШЫҰ ЖӘНЕ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС
Пекинге бұл проблемаларды шешу оңай болмайын деп тұр.
Чжан мен Қытай сыртқы істер министрі Ван И ШЫҰ Украинадағы дағдарыста делдал бола алатынын айтты. Бірақ бұл идея Қытайдан тыс жерде қолдау таппаған соң, ресми мәлімдемелерде қайталанбады.
ШЫҰ Азаттықтың «Украинадағы соғыс ұйымның болашағына қалай әсер етуі мүмкін?» деген сұрағына жауап бермеді. Бірақ Италиядағы халықаралық саяси зерттеулер институтының қызметкері, осы ұйымды зерттейтін Джулия Сайорати ШЫҰ ықпал ету аясын кеңейту үшін Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияны назарға алып, кейінгі жылдардағыдай қауіпсіздік саласына емес, экономикалық бастамаларға басымдық беруге тырысады дейді.
«Бұл Қытай үшін ШЫҰ-ны жаңа бағытқа бұру мүмкіндігі» деді ол. «Пекиннің мойнына жүктелген жүк бұрынғыға қарағанда көбейеді. Бірақ Қытайда ШЫҰ Пекиннің аймаққа және одан тыс жерлерге ықпалын толықтырады деген пікір бар».
Қытайдың Еуроодақтағы елшісі болмай тұрып Чжан Таяу Шығыс пен Африкада жұмыс істеген. Еуроодақта істейтін үш шенеунік Азаттыққа оны Пекиннің Африкадағы саясатының негізгі сәулетшісі санайтынын айтады. Қытай бұл континент экономикасына ықпал етіп жатқан ең ірі елдердің біріне айналған.
ШЫҰ құрылымы мен міндеті ұйымға жеке адамның штамп қоюына жол бермейді. Бірақ Чжанмен Брюссельде жұмыс істеген лауазымды тұлғалар оның бұл қызметке келуі Пекиннің Чжанға сенетінін білдіреді дейді.
Форстбург мемлекеттік университетінің профессоры Хайюнь Ма Пекин мен ШЫҰ аймақтағы өзгерістерге бейімделіп, жаңа жолдар іздеп жатқандықтан, бұл тәжірибенің маңызы зор екенін айтады.
«ШЫҰ қазір көп артықшылықтан айырылды» деді ол. «Бірақ Чжанның мықты [резюмесі] бар, бұл оның ұйымды экономикалық механизм ретінде өзгертуге, реформалауға көмектесе алатынын көрсетеді» деді Ма.
ПІКІРЛЕР