Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесі Қашқар префектурасына қарасты Көне Шаһар елді мекенінде әрбір 25-тұрғын терроризм немесе діни экстремизм айыбымен сотталған. Associated Press мәліметінше, Көне Шаһар - әлемдегі сотталған тұрындары ең көп елді мекен.
Агенттік дерегіне қарағанда, бұл қалада 10 мыңнан астам ұйғыр терроризм айыбымен түрмеге түскен. Қытай билігі бірнеше жылдан бері Шыңжаңдағы мұсылмандарға қатты қысым жасап келеді. Олар мұны терроризммен күрес деп түсіндіреді.
Қамаудағы ұйғырлардың аты-жөні жазылған мұндай үлкен тізім бұрын-соңды болмаған. Осыдан-ақ Қытай үкіметінің миллиондаған адамды саяси тұтқынға айналдыру жөніндегі науқанының қаншалықты ауқымды екенін аңғаруға болады. Сотталғандар тізімі Шыңжаңнан қашып келгендер мен адам құқықтарын қорғаушылардың айтқандарын растайды: Қытай билігі ұйғырларды бақылауда ұстау үшін заңды қуғын-сүргін құралы ретінде пайдаланып, адамдарды ұзақ жылдар бойы қамауда ұстау әдісіне жүгінеді.
Халықаралық қауымдастық сынынан соң Қытай үкіметі 2019 жылы сотқа дейінгі уақытша түрме лагерьлері жабылғанын жариялады. Билік Шыңжаңдағы ұйғырларды, этникалық қазақтарды және басқа да мұсылмандарды осындай лагерьлерде ешқандай айыпсыз ұстаған.
Көне Шаһар (Kona Sheher) - Шыңжаңның оңтүстігіндегі қалалардың бірі. Мұнда 267 мыңнан астам адам тұрады. Қамаудағылар тізіміне қарағанда, елді мекен тұрғындары екі жылдан бастап 25 жылға дейін түрме жазасына кесілген. Түрмедегілердің орташа жаза мерзімі - тоғыз жыл.
Тізімге қарап отырып қоғамның түрлі салаларындағы адамдар сотталғанын көруге болады. Мүнда ер азаматтар, әйелдер, жастар және қарттар бар. Сарапшылар оларды ұйғыр болғаны үшін қудалады деп есептейді. Дегенмен мұндай уәжбен Қытай билігі келіспейді.
Көне Шаһар қаласында түрмеде отырғандар тізімін шыңжаңдық ғалым Джин Бунин "Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы саясатына қарсы" шыққан құпия дереккөзден алған. Оны Associated Press агенттігіне Қытайдан Норвегияға қашуға мәжбүр болған ұйғыр лингвисті Әбдуәли Аюп жолдаған. Агенттік тізімнің жалған еместігін анықтады: сұхбат берген сегіз ұйғыр тізімдегі 194 адамды таныды, құжаттың растығын тексеру кезінде басқа да ресми мәліметтер қолданылды.
Бұл тізімге кісі өлтіру немесе ұрлық секілді қылмыс жасағаны үшін сотталғандар кірмеген. Соған қарағанда, мұнда терроризм, діни экстремизм немесе саяси диссиденттерге қарсы қолданылатын басқа да күмәнді айыптармен түрмеге түскендердің аты-жөні жазылған. Осыны ескерген сарапшылар Көне Шаһарда түрмеде отырғандар саны 10 мыңнан әлдеқайда көп деген қорытынды жасаған.
2019 жылы Қытай билігі Шыңжаңдағы уақытша лагерьлерлер жабылды деген уақытта АР журналистері өлкедегі төрт мекемеге барып, лагерьлер жабылғанын немесе басқа нысанға айналғанын көрді. Бірақ түрмелер сол күйі қалды. Билік бірнеше лагерьден түрме жасады.
ПІКІРЛЕР