Accessibility links

"Медуза": Үш айда Ресей элитасының көзқарасы бірнеше рет өзгерді, Путинге көңілі толмайтындар көп


Бүгін, 24 мамырда Ресей әскерінің Украинаға басып кіргеніне үш ай болды, Кремль оны әлі күнге "арнаулы әскери операция" деп атайды. Ресей билігі айналасындағы дереккөздерге сүйенген "Медуза" өткен үш айда Ресей элитасының соғысқа және Ресейдегі жағдайға көзқарасы бірнеше рет өзгерді деп жазады. Басылым жазуына қарағанда, қазір элита өкілдерінің Владимир Путинге көңілі толмайды.

"Медузаның" болжамына қарағанда қазіргі жағдайды бақылап отырған элитада пессимизм басым.

Бизнес өкілдері мен бірқатар үкімет мүшелері "президенттің санкция салмағын сезінбей соғыс бастай салғанына наразы". "Арнаулы операцияның" қарқынына риза еместер де бар, олар соғыста әлдеқайда шешуші қадамдарға баруды, керек болса жапппай мобилизация жасап, жеңіске жеткенше соғысуды қалайды. "Медуза" дереккөздерінің мәліметіне қарағанда, Кремль жаппай мобилизацияға дайын емес, өйткені бұл идея қоғамға аса ұнай бермейді. Тез арада бейбіт келісімге келуді қолдайтындар экономикадағы проблемаларды көрсетіп, уақыт өте келе одан әрі көбейе түсетінін айтады.

"Медуза" дереккөздері жоғары билік ішінде "Путиннің мұрагері" деген мәселе жиі талқыланатынын айтады. Президентке қастандық жасау туралы әңгіме жоқ, "бірақ таяу жылдары Путин мемлекетті басқармайды деген түсінік не сондай тілек бар". Билік өкілдері бұл орайда "Батыспен келісімге келе алатын тұлға" ретінде көбіне Мәскеу мэрі Сергей Собянинді, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевті және президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Кириенконы атаған.

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев "Аргументы и факты" басылымына берген сұқбатында "арнаулы операцияның" созылып кеткені жөніндегі сұраққа "нақты мерзім көздемейміз, Ресей президенті қойған мақсаттардың бәрі орындалады" деп жауап берген. Ол "денацификация" мәселесіне екпін түсірген. Путин атаған "Украинаны қарусыздандыру", "ДХР" мен "ЛХР" тәуелсіздігін мойындау деген мәселелерді атамаған. Патрушевтің сөзінше, "Украина тағдырын сол жерде тұратын халық шешеді". Патрушев іс жүзінде нені меңзегені белгісіз.

Қауіпсіздік кеңесі хатшысының сөзінше "патриоттық тәрбие" беретін көркем фильмдерге мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылады.

Үш ай соғыста Ресей Украинаның оңтүстік облыстарын және Харьков, Донецк және Луганск областарының бір шетін бақылауға алған. Тағы бір облыс орталығы – Херсон қаласы мен соғыс кезінде толығымен жойылған Мариуполь қаласы Ресей бақылауына өткен. Ресей әскері Киевке жақындап барып, шегінуге мәжбүр болған. Мыңдаған адам соғыс құрбанына айналды. Украинаның айтуынша, Ресей әскері жасаған көптеген қылмысты Халықаралық қылмыстық сот қарап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG