"ОРЫС ӘЛЕМІНІҢ" МҮДДЕСІ ҮШІН ҚАЗА ТАПТЫ
Сарапшылар мен белсенділер Ресейдің Украинадағы соғысқа аз ұлт өкілдерін көптеп жіберіп жатқанын бірнеше мәрте айтқан еді. "Медиазона" басылымының дерегінше, соғыста қаза тапқан әскери қызметкерлердің көбі Ресей құрамындағы Дағыстан мен Бурятия ұлттық республикаларының азаматтары.
Республика мәртебесі жоқ аудандардағы жағдай да осыған ұқсас. Билік Астрахан облысынан соғысқа негізінен орыстарды емес, қазақтарды жіберген. "Idel.Реалии" сайтының есебі бойынша, қазіргі кезде Еділ бойындағы жергілікті билік Украинадағы соғыста 26 адамның қаза тапқанын ресми мойындаған. Марқұмдардың аты-жөні мен туған жеріне қарап, олардың кемінде 21-інің ұлты қазақ деп айтуға болады.
Еділ бойындағы азаматтар арасында орыстардан кейін ең көп кездесетін ұлт – қазақтар. 2010 жылғы санақ қорытындысына қарағанда Астрахан облысында 150 мыңға жуық қазақ тұрады. Осылайша, санақ кезінде ұлтын қазақ деп көрсеткендер облыс тұрғындарының 16 пайызын құраған. Бірақ [Украинадағы соғысқа осы облыстан барып] қаза тапқан адамдардың арасында керісінше, қазақтар көп. Қазірге дейін қаза тапқаны белгілі болған 26 адамның 21-і, яғни, 80 пайызы қазақ.
Соғыстың алғашқы күндері Астрахан ауылдарына үзік-созық жеткен деректер Украинада қаза тапқан облыс тұрғындарының саны ресми мәліметке қарағанда әлдеқайда көп екенін көрсетеді. Бірақ соның өзінде, егер ұлты бойынша ажыратар болсақ, айырмашылығы бірден көзге түседі: қаза тапқандар жайлы хабар-ошар Астрахан облысы Володар ауданында тұратын қолданушылардың әлеуметтік желідегі топтарында пайда болған. Володар ауданында тұратындардың көбі – қазақтар.
"Idel.Реалии" Астрахан облысының бірнеше тұрғынымен сөйлесіп, мұндай айырмашылықтың пайда болу себебін, аудан халқының оған ой-пікірін анықтап көруге тырысты. Сұхбат берген адамдардың аты-жөні қауіпсіздік мақсатында өзгертілді.
"ОТБАСЫН АСЫРАУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ АМАЛЫ"
– Қарулы күш құрамында астрахандық басқа тұрғындармен салыстырғанда қазақтардың көп болатыны жаңалық емес, – дейді Володар ауданында тұратын Айсұлу. – Облыс орталығын аралап шықсаңыз, полиция қызметкерлерінің жартысынан астамының түр-сипаты қазаққа келетінін байқайсыз. Онда да қазақтардың үлесі көп. Әскерилер мен келісімшарт бойынша қызметке тартылғандардың арасында да жағдай сондай.
Ол мұны Астрахан қазақтарының кішігірім ауылдарда тұратындығымен байланыстырады.
Ксенофобия кесірінен, жұмысқа көбіне ұлты славяндарды алады.
– Олардың көбі қаладан шалғайда тұрады, сыртқы әлеммен байланыстыратын көлік құралдары да жоқ. Үлкен жолдардан бір немесе бірнеше паром өткелі арқылы бөлініп тұр, – дейді ол. – Мұндай аудандарда тұратындардың көбі жұмыссыз. Ауыл шаруашылығынан басқа вахтамен жұмыс істеу немесе күш құрылымдарына қызметке кіруден басқа таңдау жоқ. Әрине, күш құрылымындағы қызмет тұрақты, беделді жұмыс саналады. Сондықтан ауыл жастары жаппай әскерге я полицияға барады. Көбіне оларға отбасын асыраудың жалғыз амалы сол.
Жергілікті тұрғын күш құрылымдарындағы қызметті орыстарға қарағанда қазақтар жиі таңдайтынын айтады. Ол қазақтардың ірі қалаларда жұмысқа орналасуға мүмкіндігі аз дейді. Ксенофобия кесірінен, жұмыс беруші көбіне ұлты славян азаматтарды білікті және лайықты санап, соларды жұмысқа алады. Айсұлудың сөзінше, бұл жағдай қазақтардың мансапқа жету мақсатына да кедергі болады. Осылайша, Астрахан қазақтарын ұлтына аса мән бермейтін күш құрылымдарына келісімшартпен қызметке орналасуға итермелейді.
"УКРАИНАДА АЛТЫ АЛАСЫ, БЕС БЕРЕСІМІЗ ЖОҚ"
– Қазіргі соғыс контексінде идеологиялық фактор да болуы мүмкін. Иә, Астрахан әскери қызметкерлерінің арасында қазақ көп, бірақ барлығы қазақ емес екені анық. Ал неліктен солардың қазасы жайлы ғана көп естіп жатырмыз? "Ресей федерациясының көпұлтты халқы "фашизммен" күресіп жатыр" деп мәлімдеген басшылық Украинаға шабуылдың ресми себебін ақтау мақсатында алдыңғы шепке басқа ұлт өкілдерін салып жатыр деп топшылауға болар, – дейді Нариман ауданында тұратын Әділбек.
Ойдан шығарылған антифашистік күресті желеу қылған орыс фашистер басқыншылық соғыс жүргізіп жатыр.
Ол мұны тәлкекке балайды. "Арасында қазақтар да бар көпұлтты халықтың күресі жайлы сөз болғанда Путин өзін лак, еврей, мордва, осетинмін дейді. Бірақ бұл соғыс "Орыс әлемінің" ауқымын кеңейтіп, орыс ұлтының мүддесін көздейді. Лактардың, осетин немесе қазақтардың мүддесі жайлы еш әңгіме жоқ – Украинада алты аласы, бес бересіміз жоқ, болуы да мүмкін емес. Оған біздің мүлде қатысымыз жоқ. Маған бұл аянышты тағдыр тәлкегі болып көрінеді – ойдан шығарылған антифашистік күресті желеу қылған орыс фашистер басқыншылық соғыс жүргізіп, оған аз ұлттарды салып жатыр. Ақыр соңында біздің жігіттер өзін жек көретін және қолшоқпар қылып алған адамдар үшін өліп жатыр".
"БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ ҚЫРЫЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙМЫЗ"
Украинада қаза тапқан Астрахан қазақтарының бірінің туысы, осы облысқа кіретін Құмөзек (орысыша – Камызяк) ауданында тұратын Руфина өз ауылынан біршама адамның соғысқа аттанғанын айтады. Оның ата-анасының екі туысы қазір Украинада соғысып жатыр.
Олардың [билік] мұндайды тоқтатып, балаларымызды үйге қайтарсын деген жалғыз қалауы бар.
– Анам мен әжем, ауылдағы басқа да әйелдер – саяси берік көзқарас-ұстанымы жоқ, саясаттан алыс адамдар. Қазір олар "Балаларымыздың қайдағы бір жерде, кім үшін екені белгісіз жағдайда өлгенін қаламаймыз" деп, соғысқа өздерінше қарсылық білдіріп жатыр. Бірақ бұл оларға Украинаны сөгіп, Зеленскийді мазақ етуіне кедергі болмайды, бұған қоса олар Путинді де жазғырады. Олардың [билік] мұндайды тоқтатып, балаларымызды үйге қайтарсын деген жалғыз қалауы бар. Ал ерлерге келсек, жағдай сәл өзгеше – ағам Z белгісі бар жейде киіп жүр, ауылда осы символиканы балаларына да таңатын тұрғындар бар. Бірақ оны соғысты тікелей қолдау деп санамаймын. Меніңше, олар мұны сол жаққа тап болған бауырларын қолдау ниетімен жасап жүрген болар, – дейді Руфина.
Ол белсенді түрде соғысқа қарсылық білдіріп, Астрахан аудандарында соғысқа қарсы парақшалар таратып жүр. Бірақ өз қатарластары, мектептің жоғары сынып оқушылары арасында бұл ой-көзқарасын қолдайтындар көп емесін мойындайды: "Өкінішке қарай, бізде пропаганда әсері қатты білінеді. Көбі "арнайы операция" дегенге сенеді және украиндарды жек көреді. Орыс тілі пәні мұғалімі сабақта "Украина нацистері" жайлы, Қырымның Ресейге "оралуын" қолдайтын митингіге барғанын айтқан. Оқушылар тарапынан бәлендей қарсылық байқамадым".
– Әйткенмен жеке-дара болса да, маған үнпарақ таратуға көмектескен, ой-пікірі ұқсас адамдармен де таныстым. "Үнсіз қалғаның – құптағаның", "Ажалға жол жоқ, соғыс жойылсын!", "Қиратып-күйреткеннен гөрі гүл сыйла!" деген сөздерді шағын плакаттарға қолдан жазып, бағандар мен хабарландыру тақтасына ілдік. Бірақ оларды тез жұлып тастады. Аула сыпырушылар ма, әлде [мұнымен] келіспейтін азаматтар ма, кім екенін білмеймін, – дейді Астрахан тұрғыны.
"МӘН-МАҒЫНАСЫ ЖОҚ ҚАЗА"
Астраханда тұратын Қанат бірте-бірте Украинадағы соғысқа өңір халқының еті үйреніп бара жатыр деп есептейді. "Кез-келген басқа мәселе секілді, соғыс та жұрт назарын ұзақ уақыт ұстап тұрмайды. Алғашқы айда айналамдағылардың [соғысты] айыптап, наразылық білдіріп, жабығып жүргенін байқайтын едім. Қазір бәрі күнделікті күйбең тірлігіне оралды. Ал күнделікті өмірде проблема көбейді, бірақ жұрт оларды биліктен пәрмен алған армияның іс-әрекетімен байланыстырмайды. Сөз бостандығы, сондай-ақ билік пен оның іс-әрекетін сынаушы жоғы түсінікті, қазір қолымыздағы бармен қалай өмір сүреміз дегенге ғана бас қатырып жатқан жайымыз бар".
Украинаның Буча қаласындағы қырғынның видеосы (4 сәуір 2022 ж.)
– Бір әріптесім соғыс кезінде армияны айыптауға болмайды дейді. Қазір тек қолдау керек, басқасын кейінге қалдыр дейді. Мұны түсінбеймін. Бұл өз жеріміз үшін, құқықтарымыз бен бостандық үшін күрес болса, түсінуге болар еді. Сол кезде "қазір армияның немесе жеке адамдардың қылмысына көз жұма тұрайық, кейін көре жатармыз" деуге болар еді. Бірақ қазір оған қарама-қайшы жағдай, басқыншылық соғыс болып жатыр ғой, – дейді Қанат.
Ол "өлген соң марапатталып жатқан қазақтарды көру өте оғаш" екенін айтады.
– Бәлкім, қаза тапқан астрахандық сарбаздар бірыңғай қазақ қана емес те шығар, бірақ шынымды айтсам, өзгелері есімде қалмапты. Мән-мағынасыз екені таңғалдырады: биліктің сөзіне сенсек, Украинада орыстарды ұнатпайды екен, ал бірақ солардың мүддесі үшін, Володар қазақтары өліп жатыр, ал ол қазақтарға Одессадағы орысша сөйлетіндердің құқығынан гөрі Қазақстандағы наразылықтар әлдеқайда маңызды деп ойлаймын, – дейді ол.
"ОРЫС БОЛЫП КӨРІНСЕҢ ҒАНА ЖАҒАСЫҢ"
– Қазақтар мен ұлты орыс емес басқа ресейліктер неге соғысып жатыр? Мұны айтып түсіндіру мүмкін емес дер едім, ал бірақ шын мәнінде себебін түсінемін, – дейді Ресейдегі университеттердің біріне оқуға барған қазақстандық Расул. – Біріншіден, олар – кедей аудандарда тұратындар. Олар үшін армия – суырылып алға шығудың, ала қарға болып емес, орысқа орыс болып көрінудің жолы, өзінен зор саналатындар қатарына қосылудың амалы. Екіншіден, Ресей пропагандасының өзіне тән ерекшелігі бар – кез келген империялық тақырыпты алады да, соны фашистендіруді шегіне жеткізеді. Ресей империясына бас иесің бе, онда міне саған Христос. СССР-ді ұнатасың ба, мә саған, қызыл ту. Ресейді жақсы көресің бе, міне, үш жолақты ту. Тувадансың ба, орысша нашар сөйлеймісің? Онда міне, Шойгу – қазір дүниеге қайта келген Сүбедей баһадүр деген пікір. Қадыровшылсың ба? Міне саған, жихад дейді. Осының бәрі қатты әсер етіп, миыңда қалады. Және сені соғысқа жұмсаған кезде іс-әрекетіңді моральдық тұрғыда ақтауға жеңіл сылтау болады.
Олар үшін армия – суырылып алға шығудың, ала қарға болып емес, орысқа орыс болып көрінудің жолы.
Расул кейде Украинадағы соғысқа қатысып жатқан қазақтарды "сатқынсың деп айыптап, қазақ санатынан шығарып тастағысы" да келетінін айтады.
– Шариғат заңы тұрғысынан олар расымен сатқындар: Путинді қолдайтын мүфтилерден өзгелердің бәрі бұл соғысты айыптаған. О дүниеге барғанда бұл сарбаздардан "Не үшін жаныңды пида еттің? Путин мен оның яхтасы үшін бе? Онда солармен бірге тозаққа бар деуі мүмкін ғой. Бірақ, шынымды айтсам, адам ретінде орыстарға қарағанда, соларды аяймын. Өйткені Ресейде тұрған үш жылда бұл пропаганданың қалай жұмыс істейтінін, тұтас алғанда бұл қоғамның қандай екенін, ұлтаралық қарым-қатынас динамикасын ұқтым. Біздің үкіметке де қояр сұрағым көп. Қазақ және қазақы болмыс жағынан проблема бар. Бірақ Қазақстаннан келген достарыммен осы өткен екі айда Украина мәселесін бірнеше рет талқыладым. Олардың арасында қазақтар, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер, немістер мен поляктар да бар. Алда-жалда Ресей бізге шабуылдайтын болса, басқыншыларға қарсы соғысамыз деген ойды барлығымыз бірауыздан қолдадық. Біз орысшаға судай болып, орыс әдебиетін керемет білуіміз мүмкін, бірақ өз жерімізде ешқандай "орыс әлемі" қажет емес, – деп түйеді қазақстандық жігіт.
ПІКІРЛЕР