Accessibility links

Ауған әйелдері Кабулда құқықтарының шектелгеніне наразылық білдірді


Құқықтарының сақталуын талап етіп тұрған ауған әйелдері. Кабул, 26 мамыр 2022 жыл.
Құқықтарының сақталуын талап етіп тұрған ауған әйелдері. Кабул, 26 мамыр 2022 жыл.

29 мамырда Ауғанстан астанасы Кабулда 20 шақты әйел "Талибан" қозғалысының әйел құқықтарын шектеуіне наразылық білдірді. Олар "нан, жұмыс, еркіндік" деп айқайлады.

2021 жылы тамыз айында билікке келгеннен кейін "Талибан" елдегі әйелдер мен қыздардың құқықтарын шектей бастаған. 6-сыныпты бітірген қыздарға мектепке баруға тыйым салынды. Наурыз айында "Талибан" орта мектептерді жабуға бұйрық берді.

"Білім алуға құқығым бар! Мектептерді қайта ашыңдар!" деп айқайлады жексенбі күні наразы әйелдер. Білім министрлігі ғимаратының маңына жиналған әйелдердің басым бөлігінің бет-жүзі жабық болды.

AFP агенттігінің хабарлауынша, билік "Талибан" жасақтарын әкелгеннен кейін наразылар шеруді тоқтатқан.

"Біз талаптарымызды оқып бергіміз келген, алайда "Талибан" оған мүмкіндік берген жоқ" деді жиналғандардың бірі Схолиа Парси.

"Олар кейбір қыздардың телефондарын тартып алып, фото-видео түсіруге бөгет жасады" деді ол француздың ақпарат агенттігіне.

1996-2001 жылдары билікте болған кезеңде "Талибан" шариғаттың қатаң тәртіптерін орнатқан. Қазір олар адам құқығын сақтайтынын мәлімдесе де көптеген ауғандар сенбейтіні байқалады. "Талибан" қозғалысы Қазақстанда террор ұйым деп танылған.

Мамырдың басында тәліптер әйелдерге бет-жүзін жасырып, паранжа киюді міндеттеген. Көптеген ауған әйелі және халықаралық қауымдастық өкілдері аталған шешімді сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG