Украинадағы ұрыс кезінде Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметкері, полковник Владимир Иванов өлген. Бұл жөнінде Ресейдің мәліметтер базасына сүйенген "Медиазона" хабарлады.
Полковниктің өлімі туралы бұған дейін журналист Евгений Поддубный жазып, 9 мамырда "Ажалсыздар полкінің" акциясына Ивановтың портретін ұстап шыққан. Поддубный оның әскері шені полковник екенін, философия факультетін бітіріп әскери қызметке кеткенін ғана көрсеткен.
Мұрагерлік істер реестрінің мәліметіне қарағанда, 41 жастағы Владимир Иванов 25 наурызда өлген. Мұрагерлік істі рәсімдеген нотариус өлген полковниктің тұрғылықты мекен-жайы ретінде қорғаныс министрлігінің Мәскеудегі бас ғимаратын көрсеткен.
Getcontact қосымшасының мәліметтеріне қарағанда, полковниктің телефон нөмірін кейбір қолданушылар "Владимир, қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі" деп сақтаған. Украинаның "Миротворец" жобасы "Ивановтың Ресей қорғаныс министрлігінің Украинаға қарсы ақпараттық соғысына тікелей қатысы бар" деп мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрлігі баспасөз қызметкерінің өлгенін, қандай оқиға кезінде оққа ұшқанын хабарлаған жоқ.
"Медиазона" мен Би-би-си мәліметтеріне қарағанда, ашық дереккөздер арқылы Ресей әскерінің Украинада 2500-ден астам жауынгері, әскери шені подполковниктен жоғары 60-қа жуық офицері өлгенін растаудың сәті түскен. Ресей қорғаныс министрлігі наурыз айының соңында Украинада 1300 жауынгері өлгенін мойындаған, одан кейін өлгендер туралы ақпарат берген емес.
ПІКІРЛЕР