Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Украинадағы соғысқа қатысқан Қазақстан азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметіне сүйенген "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, тергеуді ҰҚК-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті жүргізіп жатыр. Тергеудің басталуына ол азаматтың "Украинадағы әскери қимылға қатысқаны жайлы ақпараттың пайда болуы" түрткі болған.
ҰҚК әзірге үстінен іс қозғалған адамның аты-жөнін айтпады және Украинада кімнің жағында соғысып жатқанын да нақтыламады.
Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары Украина шығысында Жасұлан Дүйсембин есімді Қазақстан азаматының украин жағында соғысып жатқанын хабарлаған. Ол 3 маусымда Азаттыққа туыстарының өзіне іс қозғалғаны жайлы хабарлама алмағанын айтты.
Жасұлан Дүйсембиннен бөлек, Украинада соғысып жүрген Қазақстан азаматтары туралы ақпарат жоқ. ҰҚК қозғаған іс онымен байланысты ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз.
Ресейдің экономикалық одақтасы Қазақстан Мәскеу басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Бірақ Қазақстан билігі жекелеген мәлімдемелерінде Украинаның территориялық тұтастығын мойындайтынын, Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындамайтынын айтқан.
Елде Украинаны қолдау акцияларына сирек рұқсат беріледі.
ПІКІРЛЕР