Accessibility links

Назарбаев тұсында қабылданған Конституцияға Tоқаевтың кезінде өзгеріс енгізу


Ақтөбедегі №535 референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. 5 маусым 2022 жыл.
Ақтөбедегі №535 референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. 5 маусым 2022 жыл.

Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы қантөгістен кейін бірнеше ай өткенде негізгі заңға өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтеріп, референдумды 5 маусымда өткізу туралы шешім қабылдаған. Кей сарапшылар бұл саяси шараны Ақорданың келесі президент сайлауына дайындығы және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа негізгі заңда бекітілген артықшылықтарды жою деп санайды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші, ал Тоқаев билікке келгелі бергі алғашқы референдум.

ТОҚАЕВ ҚАҢТАР ҚҰРБАНДАРЫ ЖӘНЕ "20 МЫҢ ТЕРРОРИСТ" ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

Жексенбі, 5 маусымда жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7-де елдегі 10 мыңнан астам референдум учаскесінде дауыс беру басталды. Аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешіміне сәйкес, 17 референдум учаскесінде дауыс беру таңертеңгі сағат 6-да басталып кетті. Қазақстаннан тыс жерде - 52 елде 65 дауыс беру учаскесі ашылған. Референдумға дауыс беру кешкі сағат сегізге дейін жалғасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесі орналасқан Оқушылар сарайы ғимаратына Азаттық тілшілерін президент күзеті мен полиция өкілдері кіргізбей қойды. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесі орналасқан Оқушылар сарайы ғимаратына Азаттық тілшілерін президент күзеті мен полиция өкілдері кіргізбей қойды. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2022 жыл.

"ҚазАқпарат" мемлекеттік агенттігі президент Тоқаев Нұр-Сұлтандағы №59 учаскеде референдумға дауыс бергеннен кейін журналистер сұрағына жауап бергенін хабарлады.

"Алда үлкен жұмыс бар. Бүгін өзгерістер енгізуге дауыс беріп жатқан Конституцияны іске асыру керек. Атап айтсақ, партияларға, парламентке қатысы бар заңнамаларға өзгеріс енгізілмек. Парламентіміз бұл міндетті абыроймен атқарады деп ойлаймын" деген Тоқаев.

Ол қаңтардағы дүрбелең кезінде айтқан "20 мың террорист" жайлы мәлімдемесіне байланысты түсініктеме берген.

"20 мыңға қатысты, бұл цифрды құқық қорғау органының бұрынғы басшылары берген. Мәселе бүкіл ел жөнінде болған. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды" деген Тоқаевтың сөзінен tengrinews.kz сайты үзінді келтіреді.

Қаңтардың басында Тоқаев Алматыда "ұйымдасқан террор шабуылы" жасалғанын, елге сырттан "20 мың террорист" кіргенін айтқан. Кейіннен қоғам өкілдері президенттің бұл мәлімдемесі расталмағанын айтып, сынға алған. Интернетте осы тақырыпта мемдер де пайда болған.

Қоғамда Қаңтар оқиғасын әділ тергеуге үндеген мәлімдемелер жиілеген тұста Тоқаев Қаңтар оқиғасы бойынша істердің "мұқият тергеліп жатқанын" айтты.

"Бас прокуратура барлық материалды жариялап жатыр. Қоғамнан жасыратын ешқандай құпиямыз жоқ" деген ол 5 маусымда референдумға дауыс бергеннен кейін.

Тоқаев Қаңтар қырғынын тексеруге халықаралық сарапшылар тартудың қажеті жоқ деп, мұндай ұсыныстан осымен екінші рет бас тартты.

Ол қазірге дейін Қаңтар оқиғасы бойынша 23 адамға түрме жазасы берілгенін айтты. "Осының өзі оқиғаның мұқият тергеліп жатқанынан хабар береді" деді президент.

Тоқаев Қаңтар құрбандарының тізімі жарияланатынын да айтты, бірақ қашан екенін нақтыламады. "Бұған дейін де айтқанымдай, ол жерде террористер жағында болғандар көп, олар мемлекет құрылымын құлатпақ болды" деген Тоқаев.

Билік өкілдері Президент Тоқаев ол жерден кеткеннен кейін ғана Азаттық тілшілеріне екі сайлау учаскесі орналасқан Оқушылар сарайы ғимаратына кіруге рұқсат етті. Оған дейін тілшілерімізге сыртта күтуге тура келді.

5 маусымда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасындағы Опера және балет театрында орналасқан №115 референдум учаскесінде дауыс берді.

Оққағарлары ілесіп жүрген Назарбаевтың дауыс берген сәті түсірілген, монтаждалған 41 секундтық видеоны кейінірек оның баспасөз қызметі таратты.

Дыбыссыз жарияланған видеодан Назарбаевтың дауыс беру бюллетенін алып, сайлаушылар тізіміне қол қойғаны, дауыс беру жәшігіне бюллетеньді тастағаннан кейін өзін сурет пен видеоға түсіріп тұрған журналистерге қол бұлғап, учаскеден кетіп бара жатқанын көруге болады.

ДАУЫС БЕРУ КҮНІ АЗАТТЫҚ ТІЛШІЛЕРІНЕ ЖАСАЛҒАН КЕДЕРГІЛЕР МЕН ӨЗГЕ ДЕ ЖАЙТТАР

Президент Тоқаев Нұр-Сұлтандағы №58 және №59 учаскелері орналасқан Оқушылар сарайы ғимаратында таңертеңгі сағат 9:30 шамасында дауыс берді. Мемлекет басшысының өз бастамасы бойынша өтіп жатқан референдумға дауыс беру сәтін түсіруге барған Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Ержан Әмірхановты президент күзеті мен полиция өкілдері "тізімде жоқсыңдар" деген сылтаумен ғимарат ішіне кіргізбей қойды.

Азаттық редакциясы референдумға дауыс беру барысынан хабар тарататын БАҚ өкілдеріне қойылған барлық талапты орындап, 3 маусымда Ақпарат және қоғамды дамыту министрлігіне тиісті құжаттарды жолдаған еді.

Шымкентте Әл-Фараби аудандық аумақтық референдум комиссиясы төрағасы Мелдебек Әділбаев Азаттық тілшісі Дилара Исадан редакция тапсырмасының түпнұсқасын талап етіп, №77 референдум учаскесіндегі дауыс беру барысын көруге барған журналисті ол жерге кіргізбей, кәсіби міндетін атқаруына кедергі жасады.

"Сіз қанша учаскеге кірсеңіз, хаттың сонша оригиналы болуы керек" деді аумақтық комиссия төрағасы.

Учаскеге кіре алмаған Азаттық тілшісі бір сағаттай сыртта жүруге мәжбүр болды. №77 учаскеде жергілікті "Айғақ" телеарнасы тілшілері де болған, бірақ оларға комиссия өкілі әлгіндей талап қоймаған.

Журналист Дилара Исаның шағымы бойынша бұл іске қалалық комиссия төрағасы Қайырбек Құнанбаев араласқаннан кейін ғана Азаттық тілшісіне референдум учаскесіне кіруіне рұқсат етті.

Азаттықтың Қарағанды өңіріндегі тілшісі Елена Вебер Теміртау қаласындағы №313 референдум учаскесінде бір кабинаға екі адам қатар кіргенін, сол жердегі комиссия мүшелері мен бақылаушылардың бұған жайбарақат қарап отырғанын байқады. Журналистің сұрағынан кейін ғана "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясы өкілі әлгі екі адамнан кабинадан шығуын және бір-бірлеп кіруін талап еткен.

Осыған ұқсас оқиғаға Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлы Алматыдағы №529 референдум учаскесінде куә болды. Дауыс беру кабинасына екі адам бірге кіргенін көріп, оның себебін сұраған журналиске сайлаушылардың бірі "бюллетеньді көзілдіріксіз оқи алмай отырмын" деп жауап берді. Бұдан соң оның жанында тұрған адам шығып, өзге кабинаға кірді.

Дәл осы учаскеде дауыс беруге келгендердің кейбірі өздерінің дауыс беріп жатқан сәтін суретке түсіруді өтінді. Мұның себебін сұраған журналиске "жұмысқа есеп беру" үшін керек деп түсіндірді:

"Жұмыстан талап етті". Дауыс беруге келгендердің есеп беру үшін суретке түсіп жатқаны байқалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

РЕФЕРЕНДУМ МӘЛІМЕТТЕРІ

Орталық референдум комиссиясының хабарлауынша, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14-тегі мәліметке сай, елде сайлаушылардың 53 пайыздан астамы референдумға дауыс берген.

ОРК дерегінше, Қазақстанда 11,7 миллионнан астам сайлаушы бар.

Сайлаушылар бұл референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізуге байланысты дауыс береді. Олар дауыс беру бюллетеніндегі "2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына өзгерістер мен толықты­руларды қабылдайсыз ба?" деген жалғыз сұраққа "иә" немесе "жоқ" деп жауап береді.

Орталық референдум комиссиясының Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 14:00-ке дейін дауыс берген сайлаушы саны туралы мәліметі. 5 маусым 2022 жыл.
Орталық референдум комиссиясының Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 14:00-ке дейін дауыс берген сайлаушы саны туралы мәліметі. 5 маусым 2022 жыл.

Қазақстан заңы бойынша, сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткен болып саналады.

ОРК бұл жолы референдум барысын 25 елден және 11 халықаралық ұйымнан келген 272 шетелдік бақылаушы қадағалайды деп хабарлады. Бұл осыған дейін елде өткізіліп келген сайлаулармен салыстырғанда әлдеқайда аз. 2019 жылы маусымда өткен президент сайлауына мыңнан астам, ал 2021 жылы парламент сайлауы кезінде 400-ге жуық бақылаушы болған еді.

Референдум туралы заң бойынша, егер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.

"Қойшы". Жақсыбеков елдегі саяси ахуал туралы сауалға жауап бермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:07 0:00

КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНГІЗУГЕ ҰСЫНЫЛҒАН ӨЗГЕРТУЛЕР

Негізгі заңға енгізуге ұсынылып отырған толықтырулар мен өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; өлім жазасын жою; омбудсменнің мәртебесін негізгі заңда бекіту; қызмет өкілетін атқару кезінде президенттің саяси партия мен қозғалысқа мүше болуына, ал оның туған-туысына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Ақорда мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне өтеміз, президент құзыретін азайтып, парламентті күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ сыншылар көп өзгеріс бола қоймайды, билік "суперпрезидент жүйесінен" бас тартпайды дейді.

Республикалық референдумда дауысқа салынған өзгертулер мен толықтырулар Конституциядан бірінші президентке (Нұрсұлтан Назарбаев) берілген артықшылықтың бәрін алып тастауды көздейді. Мысалы, қазір негізгі заңда оның екі реттен артық мерзімге президент болып сайлана алатыны, бірінші президенттің мәртебесі мен өкілеті Конституция мен конституциялық заңда анықталатыны жазылған. Сонымен бірге Конституциядағы Назарбаевты "тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" деп атаған сөзді де алып тастау ұсынылып отыр.

Бұған дейін кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер мен парламент депутаттары егер референдумға шығарылған түзетулер қабылданатын болса, Назарбаевты қылмыстық жауапқа тартуға болмайтыны және туыстарының дүние-мүлкі заңмен қорғалатыны жазылған "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заңның күшін жою мәселесі дауысқа қойылады деп мәлімдеген.

Бұдан өзге, Конституцияға жер, оның қойнауы, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне халық иелік етеді, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет іске асырады деп бекітуді ұсынады.

Қазір тек партия тізімі бойынша сайланатын парламентті мажоритар-пропорционалды аралас жүйе бойынша сайлау, мәжіліс депутаттарының санын 107 адамнан 98-ге дейін азайту ұсынылған. Сенат төменгі палатадан түскен заң жобасын мақұлдау немесе мақұлдамау, бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы және басқа да маңызды лауазымды қызметке президент ұсынған кандидаттарды бекіту құқығына ие болады.

Елде әкімдерді төте дауыс беру жолымен халықтың өзі сайласын деген ұсыныс көптен бері айтылып жүргеніне қарамастан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және ел астанасының әкімін қызметке тағайындау бұрынғысынша президенттің құзыретінде қалмақ.

Осыған дейін бірқатар белсенділер, құқық қорғаушылар Конституцияға енгізу геұсынылған өзгерістерді қоғамның талқылауына жеткілікті уақыт берілмегенін айтып, референдумды кейінге жылжытуға үндеген. Кейбірі оған бойкот жариялауға шақырған. Алайда билік ол ұсынысқа ешқандай реакция білдірмеді.

Мамырдың аяғында халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі негізгі заңға түзетулерді референдумға шығармастан бұрын "ірі талқылау өткізіп, өзгерістерді қарастыруы тиіс" деген. HRW мәлімдемесінде Қазақстан билігі ашық саяси жүйе құру міндетін мойнына алғанмен, елде пікірін ашық айтқан, билікті сынаған белсенділерді қудалау жалғасып жатқанына назар аударған.

Үкімет осы жолғы референдумды өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаражат бөлетінін мәлімдеген.

ҚАҢТАР ДҮРБЕЛЕҢІНЕН КЕЙІН

Тоқаевтың кезіндегі бірінші референдум кемінде 238 адамның өмірін қиған қаңтардағы қанды оқиғадан кейін бес ай өткенде өткізіліп отыр. Қаңтардың басында Қазақстанның батыс өңірінде газдың қымбаттауына жұрттың қарсылығы лезде елдің басқа өңірлеріне де тарап, әлеуметтік теңсіздік, қоғамды әбден шырмап алған жемқорлыққа наразы халық билікке талаптарын айтып, жаппай шеруге шыққан. Олар Назарбаевтың қалдырған мұрасынан тезірек арылуды, оның саясаттан біржола кетуін (қоғамда 2019 жылғы наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын аяқтап, отставкаға кеткенімен Назарбаев саясатқа ықпал етіп отыр деп санайтындар көп) талап еткен.

Наразылықтың аяғы бірнеше қалада жаппай тәртіпсіздікке, әкімшілік ғимараттарын бүлдіріп, өртеуге, тонауға ұласқан. Сол тұста Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен террористер" мыңдап келгенін мәлімдеп, Мәскеудің ықпалындағы Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымынан әскери көмек сұраған. Президенттің шетелден әскер шақырғанын сынағандар көп болды. Тоқаев "бұл амалсыз шара" болды деп ақталды.

Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз атуды бұйырғаннан кейін оққа ұшып қаза тапқандардың арасында тәртіпсіздікке қатысы жоқ ондаған адам, тіпті балалар да болды. Сол кезде түсірілген видеолар мен атыс оқиғаларын зерттеп-талдаған құқық қорғаушылар кейбір жағдайда "қару жосықсыз қолданылғанын" айтады. Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынғандардың полиция мен тергеу абақтысында аяусыз азапталғаны, бірнеше адамның содан өліп кеткені мәлім.

Қантөгістен кейін екі айдан соң "халыққа жолдауында" Тоқаев Қаңтар оқиғасын өзін қызметтен кетірмек болған кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер, әскери және арнаулы мемлекеттік қызметтердің басшылары ұйымдастырған деп мәлімдеп, оларды "отанына опасыздық жасағандар" деп атады. Тоқаев ешкімнің аты-жөнін атамады, бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары қаңтардан бері тергеу абақтысында қамауда отыр. Тоқаев наурызда Конституцияға өзгерістер енгізуді ұсынған. Арада екі ай болмай жатып, билік бір топ заңгердің қоғамның қатысуынсыз әзірлеген жобасын жұртқа таныстырды.

Ресми БАҚ пен шенеуніктер бұл өзгертулер қоғамды демократияландыруға қарай жасалған қадам деп атағанымен, сын айтушылар бұл өзгертулерді енгізгеннен биліктің авторитар болмысы еш өзгермейді деп санайды.

Тоқаев командасындағы бас идеологтардың бірі Ерлан Қарин осы аптада шетелдік журналистерге референдум "Қаңтар оқиғасына төте жауап" емес деді.

Ол бастығының бұрынғы айтқан тезистерін қайталап, реформа бұған дейін де жүргізілген, бірақ "бәзбіреулерге, нақты бір күштер мен топтарға" ұнамай қалды деді. Қарин де олардың аты-жөнін атаған жоқ, бірақ ол адамдарды саясат пен экономикадағы монополиялық жағдайынан пайда тапқандар деп сипаттады.

Шымкенттегі №216 референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. 5 маусым 2022 жыл.
Шымкенттегі №216 референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. 5 маусым 2022 жыл.

Сарапшылар бұл референдумды Тоқаевтың келесі президент сайлауына дайындығы деп атайды. Халықаралық баспасөз Тоқаев екінші мерзімге сайлану үшін саяси ұпай жинағысы келеді деп жазды. Саяси талдаушылар референдум жылдың басында жұртты көшеге алып шыққан қоғамдағы наразылық қызуын бәсеңдетуге бағытталған деп есептейді.

Талдаушылар Тоқаев наразылықты басып-жаншығаннан кейін, 2019 жылғы 19 наурызда өзін президент етіп орнына қалдырып кеткен Назарбаевты екінші кезекке сырғытып, өзін реформатор ретінде көрсетуге тырысып жатыр дейді. Референдумнан кейін, Назарбаев кезінде Конституцияда өзіне бекітіп алған барлық артықшылықтан айырылады дейді саяси сарапшылар.

Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаев билікке ықпалы күшті Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы қызметінен айырылған. Кейін заңнан елдің сыртқы және ішкі саясатына қатысты мәселелер бойынша Назарбаевтың келісімін алу керек деген талап алып тасталды. Назарбаев пен оның отбасы бұрынғы құдыретінен біртіндеп айырыла бастады, туған-туысы лауазымды қызметтерінен түсті, кейбірі тұтқындалды.

Қазіргі Конституция 1995 жылғы 30 тамызда өткен референдумда қабылданған. Кейін оған бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Саяси сарапшылардың пікірінше, ол өзгертулер Назарбаевтың билігін нығайту әрі оның билікте қалуын ұзартуды көздеді. Сын айтушылар Конституцияны авторитар билікке ыңғайлап жазылған құжат деп атайды. Олар президент атқарушы билікпен қоса сот және заң шығару биліктерін де бақылауда ұстап, мемлекеттік басқару жүйесінде үстемдік орнатып алған деп есептейді.

Заң бойынша, референдумға қатысқан азаматтар көпшілік дауыспен Коституцияға өзгеріс енгізуді мақұлдаған жағдайда, Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің ресми қорытындысын ресми жариялаған сәттен бастап ол күшіне енеді. Билік референдумның ресми қорытындысын дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннен асырмай жариялауы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG