Accessibility links

Қаңтар қырғынында Шымкентте оққа ұшқан тағы жеті адам анықталды. Оқ атқандар ісін тергеу тоқтаған


Қаңтарда Шымкентте қаза тапқан тағы жеті адам анықталды. Марқұмдар ісін тергеу тоқтаған
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:50 0:00

Қаңтарда Шымкентте қаза тапқан тағы жеті адам анықталды. Марқұмдар ісін тергеу тоқтаған.

Азаттық Шымкентте Қаңтар оқиғасында мерт болған тағы жеті адамды анықтады. Осылайша қаңтардағы дүрбелеңде Шымкентте көз жұмған 20 адамның аты-жөні белгілі болды. Олардың барлығы оқ тиіп қаза болғаны Азаттық танысқан тергеу құжатында айтылған. Билік марқұмдарды күдікті санайды, туыстары онымен келіспейді. Арада бес ай өтсе де, Қазақстан билігі Қаңтар құрбандарының толық тізімін жарияламады.

ОҚҚА ҰШҚАН ЖИЫРМА АДАМ

Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкент қаласында мыңдаған адам қатысқан жаппай наразылықтың аяғы тәртіпсіздікке ұласып, салдарынан 20 адамның мерт болғанын билік орындары кейінірек растаған. Бірақ олардың кімдер екенін, неден қаза болғанын әлі күнге жариялаған жоқ.

Азаттық осыған дейін Қаңтар оқиғасында Шымкентте қаза тапқан 13 адамның аты-жөнін анықтаған еді.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасында Шымкентте басына оқ тиіп қаза болған Бекжан Төленбек. Сурет марқұмның отбасы архивінен алынды.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасында Шымкентте басына оқ тиіп қаза болған Бекжан Төленбек. Сурет марқұмның отбасы архивінен алынды.

Енді қаралы тізімге 18 бен 37 жас аралығындағы тағы жеті адам: Нұрислам Ағатай, Абылай Ергеш, Самандар Жүсіпбаев, Асқар Көпжанов, Орал Қали, Бекжан Төленбек және Бағлан Шәріпбай қосылды.

Азаттық анықтаған осы 20 азаматтың аты-жөні тергеу органы мен прокуратураның топ адамның қазасына байланысты қозғалған сотқа дейінгі тергеу-тексеруді тоқтату туралы құжатында да кездеседі. Азаттық бұл құжаттың мазмұнымен танысып шықты.

Қаңтардағы қанды оқиғадан кейін Шымкенттің тергеу органдары көп адамның қазасына байланысты 20 қылмыстық іс тіркеп, олардың барлығы бір өндіріске біріктірілген. 25 қаңтарда қылмыстық іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-білігінің 1-тармағымен ("Екі және одан көп адам өлтіру") қайта сараланып, тергеу амалдарын жүргізу үшін қалалық полиция департаментіне жолданған. Ал 4 сәуірде Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 1-тармағымен ("Лауазым өкiлеттерін теріс пайдаланудың ауыр салдарға әкелуі") сараланған.

Бұл 20 адамның барлығы жанды жеріне оқ тиіп қаза болған.

Мысалы, Абылай Ергешке басы мен ішіне оқ тиген. Самандар Жүсіпбаев шабына оқ тиіп, қансырап көз жұмған. Орал Қали мен Асқар Көпжановтың мойнын оқ тесіп өткен. Бағлан Шәріпбайға оқ кеудеден кіріп, жүрегін тесіп шықса, Бекжан Төленбек басына тиген оқтан қаза тапқан. Ішіне оқ тиген Нұрислам Ағатай аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болған

"ОҚ АТУҒА САНКЦИЯНЫ ЖЕДЕЛ ШТАБ БЕРГЕН"

Тергеу органы құжатында 5 қаңтарда сағат 22:30 шамасында Шымкентте сегіз мыңға жуық адам митингіге шығып, бұл шараның заңсыз екенін айтқан биліктің талабына бағынбай, қала әкімдігі маңына қоғамдық тәртіпті сақтауға қойылған полиция өкілдеріне, арнайы жасақ пен №6506 және №35748 әскери бөлімдері қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіргені баяндалған.

Жаңаөзендегі наразылық акциясын қолдап шеруге шыққан адамдар. Шымкент, қаңтардың бесіне қараған түн, 2022 жыл.
Жаңаөзендегі наразылық акциясын қолдап шеруге шыққан адамдар. Шымкент, қаңтардың бесіне қараған түн, 2022 жыл.

"Автокөліктер мен мемлекеттік ғимараттарды, сауда үйін қиратып, өртеп, мүлікті жойып, жаппай тәртіпсіздік жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарға" қарсы құқық қорғау қызметкерлерінің "Макаров" тапаншасы (оқ калибрі 9 мм ) мен "Тандем" травматика қаруын (12 мм) қолданғаны жазылған.

Тергеу дерегінше, полиция мен әскерилердің 142 автотехника құралы өртеніп, бүлдірілген, 2 "Макаров" тапаншасы, 151 берен жилет, 81 қалқан, 157 каска, 110 резеңке таяқ, 51 рация және басқа арнайы құралдар ұрланған. 23 әскери, 51 полиция қызметкері мен 2 медицина қызметкерінің зардап шеккені айтылған.

"Масайып алған наразылар қатал агрессия танытып, өздеріне қарсы қолданылған шулы гранаталардан, көзді жасаурататын газ бен судан қорықпай, тегіс ұңғылы мылтық және басқа да қаруларды қолданып, "Молотов" коктейлін лақтырып, полиция мен әскерилерге жан-жақтан шабуылдаған" дейді тергеу органы.

Шымкенттегі үкіметке наразылық пен дүрбелеңнен кейінгі көрініс. 5 қаңтар 2022 жыл.
Шымкенттегі үкіметке наразылық пен дүрбелеңнен кейінгі көрініс. 5 қаңтар 2022 жыл.

Сағат 23:00 шамасында "әкімдік ғимаратын басып алу қаупі артуын, Шымкент қаласы полиция департаменті қызметкерлері мен әскери қызметшілердің және азаматтық тұрғындардың өмірі мен денсаулығына" төнген қауіпті ескере отырып, қаланың жедел штабы табельдік қару қолдануға (атуға) санкция берген деп жазылған құжатта.

Осы құжатта сілтеме жасалаған сараптама қорытындысы қаза болғандардың тек үшеуінің қанында алкоголь барын, соның біреуі ғана масаң күйде болғанын анықтаған. Оқ тиіп мерт болған жиырма адамның біреуінен ғана "Reck Baby Automatic" маркалы газ тапаншасы мен төрт патрон алынған, одан басқа қару-жарақ табылғаны жайлы дерек жоқ.

"АДАМ ӨЛТІРГЕНДЕР ЖАУАП БЕРСІН!"

11 сәуірде тергеу органы Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адамның қаза табуына байланысты істі тоқтату туралы қаулы шығарған.

"Қарапайым халық тыныштығы, бірлігі құртылайын деп жатқанын назарға алып, берілген бұйрыққа сәйкес заңсыз митингіге шыққан адамдарды тоқтату мақсатында қызметтік қару қолданылғанын, заңсыз шеруге шыққан азаматтарды Бас прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы күдікті деп танығанын, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қару қолданылғанына заңды баға берілгенін ескеріп, Шымкент полиция қызметкерлері, "Арлан" оқу-жаттығу взводы, арнайы жасақ (СОБР), әскери бөлім қызметкерлері және тағы басқа құқық қорғау органы қызметкерлерінің әрекетінде қылмыс құрамы жоқтығына байланысты, сотқа дейінгі тергеу тоқтауы қажет" деп жазылған құжатта. 5 мамырда қала прокуратурасы бұл қаулыны бекіткен.

Бұған қоса тергеу органы "жаппай тәртіпсіздік пен заңсыз шеруге қатысқаны" үшін марқұмдардың өзін күдікті деп таныған.

Бірақ оққа ұшқан адамдардың жақындары істі доғаруға қарсы. Құжатта "қаза тапқандар өкілдерінің ешкімге шағымы жоқ" деп жазылғанды жалған деген олар туысының қазасына кінәлілерді жауап тартуды талап етіп отыр.

Мұрат Әбдірайымов, марқұм Нұрболат Алпамыстың әкесі:

– Баламның митингіге шыққаны рас. Бірақ ештеңе бүлдірмеген. Баламды басынан атқан. Бейбіт халыққа оқ атып қырып отыр. Жауап берсін атуға рұқсат берген адамдар. Осы жерде жедел штаб болған екен. Жедел штаб ештеңені зерттемей, шешімді қате қабылдаған. Барлығы жауапқа тартылсын. Кімдер ол? Не үшін қарапайым бейбіт халыққа оқ атуға олар рұқсат беріп отыр?

Роза Бегімова (оң жақта) – Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте басына оқ тиіп қаза болған Бекжан Төленбектің анасы. Шымкент, 7 маусым 2022 жыл.
Роза Бегімова (оң жақта) – Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте басына оқ тиіп қаза болған Бекжан Төленбектің анасы. Шымкент, 7 маусым 2022 жыл.

Роза Бегімова, марқұм Бекжан Төленбектің анасы:

– Баламның өлгеніне бес ай болды. Басына оқ тиді. Оның өлімі әлі күнге жұмбақ. Баламның өлімі қайдан, кімнен болды, белгісіз. Тамыз айында 24 жасқа толар еді. Күйеуім мәйітханадан баламның денесін қайдан әкелді деп сұраған екен. Нұрсәт ықшам ауданындағы арықтан таптық депті. Ешқайда арыз-шағым түсірмедік. "Не болды?" деп бірде-бір адам сұрамады. Осы үйде адам қайтыс болды ғой деп тіпті учаскелік полицей де келген жоқ. Итті атып тастағандай жауапсыз қалды.

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Бағлан Шәріпбайдың анасы Айкен Қалықұлова. Шымкент, 8 маусым 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Бағлан Шәріпбайдың анасы Айкен Қалықұлова. Шымкент, 8 маусым 2022 жыл.

Айкен Қалықұлова, марқұм Бағлан Шәріпбайдың анасы:

– Мына жағдай маған өте ауыр тиіп отыр. Баламды ауылға жерлеген соң полицияға бардым. Олар тексереміз, анықтаймыз, сотқа шақырады деді. Сол сотты 5 ай күттім. Шымкентте қайтыс болған 20 адамның бәрін бірдей күдікті деп таныпты. Бұған мен қарсымын. Еш дәлел жоқ. Не себепті күдікті екенін білмейіз.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған бейбіт наразылықты Қазақстанның өзге өңірлерінде де жұрт қолдап, мыңдаған адам қатысқан шерулер өтті. Бірнеше қалада наразылықтың аяғы дүрбелеңге ұласты. Мемлекеттік мекемелер, көліктер мен ғимараттар өртеніп, тоналды. Елде төтенше жағдай жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Сол кезде ол "Алматыға 20 мың бандит шабуылдағанын" мәлімдегенімен, сөзіне ешқандай дәлел келтірген жоқ.

5 маусымда Қазақстан Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы референдумға дауыс беруге барған Тоқаев "20 мың деген цифрды маған құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары берді. Мәселе бүкіл ел жөнінде болған. 13 қалаға бір мезгілде бандиттер шабуыл жасап, қоғамдық тәртіпті бұзбақ болды" деді БАҚ өкілдеріне. Ол Қаңтар оқиғасына байланысты 5,5 мың қылмыстық іс қозғалып, 500 қылмыстық іс сотқа жолданғанын да айтты.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты. Содан бері бес ай өтсе де, қоғам талабына қарамастан, билік қаза болғандардың тізімін әлі күнге жарияламай отыр.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың тізімі:

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG