Accessibility links

The Insider: Шешенстанда азаматтарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберіп жатыр


Ресей құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров пен Грозныйдағы стадионға жиналған қарулы сарбаздар. Көрнекі сурет.
Ресей құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров пен Грозныйдағы стадионға жиналған қарулы сарбаздар. Көрнекі сурет.

Ресей құрамындағы Шешенстанда күш құрылымдары қылмыстық іс ашамыз деп қорқытып, ер азаматтарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлі түрде жіберіп жатыр деп хабарлады The Insider. Басылымға бұл туралы соғысқа кеткен шешен азаматтарының отбасылары, заңгерлер мен құқық қорғаушылар айтқанын жазады.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері "Вайфонд" құқық қорғау ассоциациясына шешен азаматтарды соғысқа еркінен тыс жібермек болғаны жөнінде ондаған арыз-өтініш түскен.

"Тіпті осындай шағым бергендердің нақты санын есептеудің өзі қиын болып отыр. Көбі қорқып қалғаны сонша, хат-хабарды алысымен өшіріп, аккаунтын жойып тастады. Қорлық пен азаптауға тап болған адамдар қатты қорқады. Енді біреулері Telegram мессенджеріндегі жазған хаты біраздан кейін өздігінен жойылатын құпия чат арқылы хабарласады. Әу баста біз мәселе мұншалықты күрделі деп ойламадық, сондықтан арнайы есеп жүргізбегенбіз. Алайда елудей шағым түскен анық" деген басылымға ассоциация өкілі.

Оның сөзінше, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Грозныйда өткен митингіге Шешенстанның барлық өңірінен бюджеттен қаржыландырылатын мекеме-ұйымдардан адамдарды ұйымдастырып апарған. Жұрт сол жерден майданға бірден алып кететін шығар деп қорыққан, бірақ жиынға қатысқандарды тізімге алумен шектелген. Ал соғыс басталардан тоғыз күн бұрын Шешенстандағы ауыл әкімшіліктеріне аудан басшыларынан әр ауылдан бір адамды жиынға жіберуді талап еткен хат түскен.

Шешен оппозициялық блогері Хасан Халитов күш құрылымдары оның бауырын ұрлап әкетіп, Украинаға жібергенін басылымға айтып берген.

Шешендердің 1ADAT оппозициялық қозғалысы өкілі Ибрагим Янгулбаев "әр аудандағы полиция басшысына кез келген әдіспен еріктілер жинау туралы бұйрық түскен" деп мәлімдеді.

"Әрбірінде "экстремистердің" – жергілікті билікті ұнайтпайтындарды тізімі бар. Оларды әңгімелесуге шақырып, келмесең қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Кейбіріне ешқандай жазбаша келісім жасамай майданға барсаң ақша береміз деген ұсыныс айтқан. Енді біреулерге "егер келісіп, билікті қолдайтыныңды дәлелдесең, онда тылға ғана жібереміз, алғы шепке бармайсың және кейін қайта алып кетіп тергеп, мазаламаймыз" деп уәде еткен. Олар түрлі әдіс-айла қолданады. Жайлап айтып, көндіруге тырысады. Болмаса ұрлап әкетіп, күш көрсетеді" дейді ол.

Қазір Украина жағында соғысып жүрген шешен оппозициялық блогері Ислам Белокиев майданға барудан бас тартқандардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын естігенін айтады. "Мәжбүрлейді, қоқан-лоқы көрсетеді, туыстарын ұрлап әкетеді. Егер адам Украинаға барудан бас тартса, оның анасына, әпке-қарындастарына қысым жасайды. Оларға "алып кетеміз, есірткі, қару тауып алған болып, бұл исламшыл террорист, Сирияға, "Ислам мемлекеті" экстремистеріне кетпекші болды деп жариялаймыз" деп қорқытқан" дейді ол.

Бұған дейін сарапшылар мен белсенділер Ресей Украинадағы соғысқа аз ұлт өкілдерін көптеп жіберіп жатқанын бірнеше рет айтқан. "Медиазона" басылымының дерегінше, соғыста қаза тапқандардың арасында Ресей құрамындағы Дағыстан мен Бурятиядан барғандар көп.

Сол сияқты Мәскеу Украинаға соғыс ашқаннан кейін Ресей қарулы күштері қатарында Астрахан облысынан майданға жіберілген қазақтар да мерт болғаны туралы деректер бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG