Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының металлургия комбинатында тағы бір жұмысшы қазаға ұшырады. 16 маусымда №2 жылу электр орталығындағы қазандықтардың бірінде жұмыс істеп жатқан 35 жастағы азамат бірнеше метр биіктен құлап мерт болған.
Оқыс оқиға жайлы Азаттыққа бейсенбі күні таңертең осы кәсіпорынның жұмысшылары хабарлады. Өндірісте адам қаза болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде де тарады. Бірақ ол сәтте ресми орындар да, "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясы да ол туралы ештеңе айтпады.
Мән-жайды анықтау үшін хабарласқан Азаттық тілшісіне Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таңертең болған оқиға жөнінде ақпарат дайындап жатқанын айтты. Билік өкілдері қаза тапқан азамат АМТ комбинатының мердігер ұйымында жұмыс істеген деп нақтылады.
Кейінірек мердігер компания – "AB Construction" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы жұмысшысының "оқыс оқиғадан қатты жарақат алып, көз жұмғанын", оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатқанын хабарлады.
Кейінгі бір аптада "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының металлургия комбинатында осымен бесінші адам қазаға ұшырап отыр. 10 маусымда төрт жұмысшы мерт болып, қатты зардап шеккен тағы бір адам ауыр халде ауруханаға түскен. Ол жолы пештің төбесі опырылып, адамдар үйінді астында қалған.
ПІКІРЛЕР