Accessibility links

Лондон WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанжды АҚШ-қа беруді мақұлдады


WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанжды Вестминстер магистрат сотынан әкетіп барады. Лондон, Ұлыбритания, 13 қаңтар 2020 жыл.
WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанжды Вестминстер магистрат сотынан әкетіп барады. Лондон, Ұлыбритания, 13 қаңтар 2020 жыл.

Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Пател WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанжды АҚШ-қа экстрадициялауды мақұлдады. Ассанж АҚШ-та 175 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін деп хабарлайды Bloomberg.

WikiLeaks өкілдері британ билігінің шешіміне қарсы шағым түсіретіндерін мәлімдеген. Британ ІІМ Ассанжға өзін АҚШ-қа экстрадициялау туралы шешімге қарсы шағым түсіруіне екі апта мұрсат берілгенін айтқан деп хабарлады ВВС.

Сәуірде Вестминстер магистрат соты Ассанжды АҚШ-қа экстрадициялауға рұқсат еткен. Оның алдында Лондон төбе соты Ассанжды АҚШ билігіне бермеу туралы бұрынғы сот шешімінің күшін жойған. Бұдан кейін осы мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдау Ұлыбритания ішкі істер министрлігі құзыретінде еді.

АҚШ-та Ассанжға барлығы 17 айып тағылған. Олардың арасында Ирак пен Ауғанстандағы әскери операциялар туралы құпия мәліметтерді жария ету де бар. Ондай деректердің жылыстауына себепкер негізгі адам – АҚШ әскери қызметкері Брэдли (Челси) Мэннинг, ал WikiLeaks өзіне түскен құжаттарды жариялап отырған.

Айыптау қорытындысында Ассанж "өзіне ақпарат бергендерді, солардың арасында Мэннингті де құпия ақпаратты ұрлауға және жария ету үшін WikiLeaks-ке беруге бірнеше рет итермелеген" деп жазылған.

Айыптау тарабы Ассанж әлгіндей ақпаратты жариялап, "құпия деректерді жеткізген адамдарды әшкереледі", солардың арасында АҚШ-пен әріптестік байланыс орнатқан Ауғанстан, Ирак, Қытай мен Иран азаматтарының "өмірі қыл үстінде қалуына" себеп болды дейді.

WikiLeaks өкілдері бұл айыптауларға жауап ретінде: "Бұл ессіздік және журналистиканың да, Бірінші түзетудің де құрдымға кеткені" деп мәлімдеді. (АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуінде сөз бостандығы жайлы айтылған, онда "Конгресс сөз немесе баспасөз бостандығын шектейтін бір де бір заң шығармауы керек..." деп жазылған – ред.)

Ассанжға АҚШ-та тағылып отырған барлық айыптар бойынша жиынтығы 175 жылға жететін түрме жазасы қарастырылған деп жазады Financial Times басылымы.

Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар - Amnesty International, Human Rights Watch және Reporters Without Border ("Шекарасыз тілшілер") Ассанжды экстрадициялауға қарсы шыққан.

Wikileaks сайтының Қазақстанға қатысты мәліметтері жайлы тыңдаңыз (1 желтоқсан 2010 жыл)

please wait

No media source currently available

0:00 0:23:40 0:00
Жүктеп алу

2010 жылы WikiLeaks сайты АҚШ әскерінің Иракта Reuters агенттігінің түсірілім тобын атқылған сәті түсірілген видеоны жариялады. 2011 жылы Куба маңындағы Гуатанамо құпия түрмесіне қамалған жүздеген тұтқынның арасында бейкүнә адамдар да бар деп, олар жайлы құжаттарды жария етті. 2015 жылы жарияланған келесі бір құжаттардан АҚШ арнайы қызметінің әлемдегі жетекші саясаткерлерді қалай аңдитыны әшкере болды. 2017 жылы АҚШ орталық барлау басқармасының (ЦРУ) арнаулы бөлімі компьютер вирусына қарсы бағдарламаларды, телефонды, тіпті теледидарды тыңшылық жасауға пайдаланатыны туралы құжаттар жарыққа шықты. Бұл құжаттардың барлығы жарияланғаннан кейін халықаралық деңгейде шатақ мәселеге айналып, олардың мазмұны да, сонымен бірге осы құжаттардың тарап кетуіне септескен адамдарды анықтау да тергеу тақырыбына айналды.

Өзін АҚШ-қа беріп жібереді деп қауіптенген Ассанж бірнеше жыл бойы Эквадор мемлекетінің Лондондағы елшілігін паналап, ешқайда шықпай отырды. Эквадор оған уақытша саяси баспана берген еді. Бірақ кейін Ассанж Эквадор билігімен араздасып қалды. Ақыр соңында, 2019 жылғы 11 сәуірде Эквадор дипломаттарының шақыруы бойынша елшілікке кірген британ полициясы Ассанжды сол жерде тұтқынға алды.

Ұлыбританияда Ассанж кепілге босап шығу шартын бұзғаны үшін алған жазасын өтеп жатыр. 2012 жылы Швеция билігі "әйел зорламақ болған" деген күдікпен WikiLeaks сайтының иесі Джулиан Ассанжды қамауға алуға халықаралық ордер беріп, ол Ұлыбританияда ұсталып, қамалды. Адвокаттары басы дауға қалған Ассанжды кепілге босатуға британ сотын көндірген. Бірақ кепілге босап шығысымен ол Эквадордың Лондондағы елшілігіне тығылған еді.

2019 жылы қарашада Швеция прокуратурасы "зорлау" бабы бойынша айыпталған Джулиан Ассанждың "кінәлі екенін дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз болғандықтан", оның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты.

Ассанж осы елшілікті паналап отырған кезде, 2014 жылы Қазақстан Журналистер одағы ұйымы "Журналистік зерттеулер" номинациясы бойынша сыйлықпен WikiLeaks сайтын құрған Джулиан Ассанжды марапаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG