КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ШЫНАЙЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БАСТАЙ МА?
Конституцияға түзетулер енгізу бойынша өткен рефендум шынайы саяси өзгерістерге бастай ма? "Америка дауысы" радиосы осы сұраққа жауап іздеп, тәуелсіз сарапшылардың пікірін сұраған. Сарапшылардың радиоға айтуынша, парламентті күшейтіп, президент билігін шектеуге "бағытталған" конституциялық реформалар шынайы демократияға әкелмейді.
Бұл реформалардың бастамашысы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер "жаңа Қазақстанға" бастайтын ұзақ мерзімді процестің басы екенін айтқан. Алайда тәуелсіз сарапшылар басқа посткеңестік елдердің саяси жүйелеріне өзгерістер енгізу қиынға түскенін еске салады.
"Бұл елдердегі ең керітартпа күштер – күштік құрылымдар. Олардың Қаңтар оқиғасына қатысы болғаны айтылды" дейді Орталық Азия және Кавказ институтының директоры Сванте Корнелл.
Корнеллдің айтуынша, Грузия, Қырғызстан мен өзге елдердегі революциялық өзгерістер көпшіліктің үмітін ақтамады. "Олар тұрақты демократияға жол ашпады".
Сарапшы Қазақстанды көршілес Өзбекстанмен салыстырды. Өзбекстан үкіметі де бірқатар саяси реформа іске асыруға уәде етіп, "жаңа Өзбекстан" туралы айтып жүр. Екі ел де тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін революциялық өзгерістерден қорқады.
Бірақ Корнелл өзбектермен салыстырғанда қазақтар талапшыл, ал Қазақстан элитасы экономикалық реформаны жасау үшін жүйелі өзгерістерді іске асыру қажеттігін түсінеді деп есептейді.
"Алайда Қазақстан парламенттік демократияға айналмайды. Соңғы реформалар үкіметтің тиімділігін арттырып, белгілі бір дәрежеде ашық етуге бағытталғанымен, саяси жүйені бақылауда ұстай бермек" дейді ол.
Ал Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Наргиз Қасенова Тоқаев реформалар арқылы өз билігін заңдастыруға ұмтылып жатыр деп есептейді.
Қасенова Назарбаев пен оның отбасын жүйеден алшақтатып, активтерден айыру – ауыз толтырып айтарлықтай үлкен іс дейді. Оның ойынша, ендігі жерде ол активтер бір қолдан екінші қолға өте ме, әлде әділ түрде қайта бөліне ме, соны қадағалау керек.
"Қоғам саясатқа қатысып, адамдар үкіметтің сөзі мен ісіне назар аудара бастады. Бұл – үлкен жаңалық. Сондықтан бұған күмәндану немесе немқұрайлы қарау – мүмкіндікті қолдан жіберіп алумен бірдей" дейді ол.
Дегенмен билікті сынаушылар конституциялық реформа саяси өзгерістерге әкелмейді, Тоқаев әкімшілігі саяси қарсыластарының саясатқа араласуына мүмкіндік беруі екіталай деп есептейді.
Қоғам белсендісі әрі журналист Әсем Жәпішева конституциялық реформалар "суперпрезиденттік жүйені еш өзгертпейді" деп санайды.
"Тоқаевтың "парламентке тәуелсіз партиялар келгені жөн" деген мәлімдемелеріне қарамастан, өз партияларын құрғысы келетін тәуелсіз саясаткерлер қысымға ұшырады, әлі де қысым көріп жатыр" дейді Жәпішева.
Оның айтуынша, Тоқаев бақылау мен басқарудың ескі әдістері арқылы жаңа Қазақстан құра алмайды. "Шенеуніктер әділдікті талап еткен адамдар шынайы реформаларды іске асыруды сұрағанын, олар мемлекеттің жауы емес екенін түсінуі керек" дейді ол.
"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДА" ЖАҢА САЯСИ ПАРТИЯЛАРҒА ОРЫН БАР МА?
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Тоқаев жариялаған "жаңа Қазақстанда" билікке балама бола алатын тәуелсіз партиялар тіркеле ала ма деген мәселеге үңіледі. Президент Тоқаев наурыз айында "жаңа Қазақстан" құру бастамасын көтерген. Басылымның жазуынша, 5 маусымда өткен референдум Тоқаев ұсынған түзетулерді бекіткенімен, партиялық жүйені дамыту ілгері баспады.
Тоқаев наурыз айындағы сөзінде партияларды тіркеу шарттары жеңілдетілетінін жария еткен. Атап айтқанда, партия үшін тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мыңға адамға төмендетіліп, партия құру үшін бастамашыл топтың саны 1000 адамнан 700-ге азайтылады, ал өңірлердегі өкілдер саны 200 адам болатынын айтқан.
Мақала авторы Кэтрин Путц Өзбекстан саяси партияларды тіркеу шарттарын жеңілдетсе де, ол елде жаңа саяси партиялар құрылмағанына назар аударады. Бұл ретте шын мәніндегі басты кедергі − тіркеу процесі ғана емес, биліктің саяси либерализацияны көзбояушылықпен жүргізіп, қалайтыны, оппозициялық партиялармен бәсекелес болғысы келмейтіні.
Қазақстанда саяси партия құруға ұмтылатын күштер жеткілікті. Дегенмен билік төрт партияны тіркеуден өткізуді қарастырып жатыр, ал ол партиялардың жетекшілері "бір кезде режимге қызмет еткен немесе әлі де режимнің адамдары". Diplomat бұл тұста Eurasianet тілшісі Джоанна Лиллистің талдауына сүйенеді.
Басылымның жазуынша, билік өзіне қарсыластардың саяси партияларын мақұлдауы екіталай, ал олардың күресті жалғастыруы әртүрлі қиындыққа әкеліп соқтырады. Мақала авторы ақпанның соңынан бері қамауда отырған, тіркелмеген "Қазақстан демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамайдың басындағы жағдай осыған дәлел дейді.
26 ақпанда Жанболат Мамайдың үстінен "билік өкілін қорлау" және "жалған ақпарат тарату" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" деген тағы екі айып тағылды.
"Мұндай саяси ахуал саяси бәсеке тудырмайды әрі кейін тіркелетін саяси партияларға күмән тудырады. Мамайдың "Демократиялық партиясы" тіркелетін саяси партиялардың қатарында болмайтыны анық" дейді мақала авторы.
"КЕДЕННЕН ЖОҒАЛҒАН МИЛЛИАРДТАРДЫ ІЗДЕУ"
Eurasianet басылымы Қазақстан кеденшілері Қазақстан−Қытай шекарасында кеден алымдарынан ондаған миллиард доллардың бюджетке түспеуіне жемқорлық себеп болуы мүмкін екенін мойындағанын жазады.
Қазақстан−Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде контрабанда мен жемқорлық мәселесіне Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін назар аударып, оны жоюды тапсырды. 2020 жылы Қытай мен Қазақстанның өзара сауда-саттығы саласында кеден мен тразит алымдары арасындағы айырма 5,7 миллиард доллар болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 7,1 миллиард долларға жеткен.
Мақала авторы Джоанна Лиллис Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жоғалып кеткен миллиардтардың соңына түскен мемлекеттік кірістер комитеті кеденде "басқа факторлармен қатар қызмет бабын асыра пайдалану" әрекеті болуы мүмкін екенін мойындағанын жазады.
"Транзит, жеткізу шарттары, қытай өндірушілерінің экспорт құнын өсіруі тәрізді объективті әдістемелік себептерден бөлек, мемлекеттік кірістер комитеті жалған декларциядан өткізу, импорттаушылардың кеден алымының құнын төмендетуі тәрізді әрекеттер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды" делінген мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Бұл жерде Тоқаев үшін көңіл көншітетін нәрсе, шенеуніктер Қазақстан−Қытай кеден мәліметтеріндегі айырманың анық-қанығына жетуді тапсырған президент пәрменіне бағынған деп жазады автор.
Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік кірістер комитеті трансшекаралық теміржол жүктері бойынша мәлімет алмасатын жүйені іске қосқан. Мемлекеттік кірістер комитеті қолға алған түрлі шаралардың арқасында биылғы жылы екі елдің кеден алымдарындағы алшақтық 26 пайызға қысқарған. "Әзірге мемлекеттік кірістер комитеті бұл көрсеткіш қашан нөлге жететіні жайлы ешқандай болжам келтірмеді".
ПІКІРЛЕР