Accessibility links

"Шайқалған билікті нығайту" және "авторитаризм тактикасы". Ұлттық құрылтайдың мақсаты не?


Ұлттық сенім кеңесінің отырысы. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2021 жыл.
Ұлттық сенім кеңесінің отырысы. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2021 жыл.

Жаңа құрылған Ұлытау облысында бүгін ұлттық құрылтай өткізілмек. Оған Қазақстанның билік басындағы саяси күштері, қоғамдық ұйымдар, бизнес-қауымдастық өкілдері қатыспақ. Құрылтай туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін, 16 наурыздағы жолдауында айтқан.

"КАБИНЕТТЕ ЖАСАЛҒАН" ТІЗІМ

Құрылтай құрамы жиынға екі күн қалғанда жарияланды. 14 маусымда президент Тоқаев құрылтай құру, оның құрамы және ережесі туралы жарлыққа қол қойды. Осы арқылы Тоқаев 2019 жылы маусымдағы даулы президент сайлауынан кейін өзі құрған ұлттық қоғамдық сенім кеңесін таратты. Сол кеңес мүшелерінің дені ұлттық құрылтай құрамына өтіп отыр. Құрылтайға жалпы саны 117 адам мүше. Олардың арасында бұрыннан келе жатқан қайраткерлер, партия жетекшілері және ақпарат құралдарының өкілдері жиі кездеседі. Жаңа тұлғалар кемшін. Құрылтайдың мақсаты ретінде мына мәселелер аталған: қоғамдық бірлікті күшейту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету.

Құрылтай төрағасы болып Тоқаевтың өзі бекітілген. Жиын қарсаңында мемлекеттік кеңесші болған Ерлан Қарин мен "Бас редакторлар клубының" жетекшісі, журналист Бибігүл Жексенбай оның орынбасарлары болып тағайындалды. Оппозиция, белсенділер және қоғамдық ұйымдар өкілдері билікті сынаушылардың құрылтай құрамына енбей қалғанына наразы.

Қоғам белсендісі, экономист Мұхтар Тайжан – құрылтай құрамымен келіспейтіндердің бірі. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында "ұлттық құрылтайға қатысатындардың тізімін өздері кабинетте отырып шешіп отырса, онда ұлттық құрылтайдың несі құрылтай? Мен мынандай шешім қабылдадым. Астанадан Ұлытауға 700 шақырым болса да мен ұлттық құрылтайға барып қатысып халықтың жерге қатысты мұн-мұқтажын президент Тоқаевқа жеткізуім керек" деп жазған.

2019 жылғы 9 маусымда өткен президент сайлауы кезінде заң бұзу оқиғасы өте көп болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық күшейген. Соның салдарынан мыңдаған адам қамауға алынған.

Осыдан кейін "азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп, саяси реформалар бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында" президент Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Оған қоғамның әртүрлі саласындағы белсенділер, заңгерлер және құқық қорғаушылар тартылды. Президент Қаңтар оқиғасынан кейінгі жолдауында бұл кеңес ұлттық құрылтайға айналдырылатынын айтты.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі консультативтік ұйым болды. Тоқаев бұл ұйымды қоғамдық диалогтың үлгісі ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ өкілдік функциясы жоқ, кей жерде парламенттің жұмысын қайталайтын бұл ұйымды сынағандар көп болды. Тіпті оның құрамына кірген кей адамдар кеңестің жұмысына көңілі толмай, оның құрамынан шығып кетті.

Құрылтай да ұлттық кеңес сияқты консультативтік, яғни кеңесші ұйым болмақ. Ол міндетті күші бар шешімдер шығара алмайды.

"ДЕМОКРАТИЯҒА ҚАДАМ ЖАСАУ ҮШІН ҰЛЫТАУҒА БАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ БАР МА?"

Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев бұл құрылтайды президент болғалы үш жыл болса да көп ештеңе өзгерте алмаған Тоқаевтың "қарапайым жиналысы" деп санайды.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев

– Құрылтай дегені – ешқандай өкілеті жоқ қарапайым жиналыс. Билік құрылтайды өкілетті органға айналдырғысы келсе, қайтадан Конституцияны өзгерту керек болады, – дейді Қазбек Бейсебаев.

Оппозициялық саясаткер, кезінде "халық құрылтайын" ұйымдастырушылардың бірі болған Балташ Тұрсымбаевтың айтуынша, "Қаңтар оқиғасынан шошып қалған президент айналасындағылар" бұл шараны сол қантөгісті ұмыттыру үшін ұйымдастырып отыр.

– Айналасындағылардың кеңесімен Қаңтар оқиғасын ұмыттыру үшін осындай құрылтай өткізіліп отыр. Бірақ билік күнде құрылтай өткізсе де, Қаңтар оқиғасын ешкім ұмытпайды. Кінәлілер табылмай, мәселе шешілмейді, - дейді ол.

Саясаткер ұлттық құрылтай қалың елден аулақта, Ұлытауда өткізілетіндіктен оған баратындардың саны шектеулі болады деп болжайды.

Балташ Тұрсымбаев. 26 қараша, 2021 жыл.
Балташ Тұрсымбаев. 26 қараша, 2021 жыл.

– Құрылтайды астанада өткізетін болса, небір форумдар өткізген сарайлар жеткілікті еді ғой. Ұлытау, сөз жоқ, қасиетті жер. Бірақ алыс жатқандықтан, оған баратындардың саны шектеулі болады. Билік демократияға қадам жасаймын десе, сол үшін Ұлытауға барудың қажеті бар ма еді? Ел астанасында белсенділерді, ел жанашырларын алаламай, бәрінің басын қосуға болар еді ғой, - дейді Балташ Тұрсымбаев Азаттыққа. Ол құрылтайға шақырылмағанын айтады.

Құрылтайға шақырылмаған оппозициялық саясаткердің бірі – Жасарал Қуанышәлин. Ол құрылтайды Қасым-Жомарт Тоқаев "қате үстіне қате жасап, шайқалып тұрған билігін ақтап, нығайту үшін" жасаған әрекеттердің бірі деп санайды.

– Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде "20 мың террорист" туралы мәліметті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алып тастағанымен, оның айтқаны әлемді аралап кетті. Қан төгу жағынан Тоқаев Назарбаевтан да асып түсті. Көмек сұрап, ҰҚШҰ әскерін елге шақыртты. Оқиға кезінде атылған адамдардың сұрауы не болады, оқиғадан соң да мыңдаған адам неге қамалды? Ал абақтыларда неге азаптау болып жатыр? Билік міне, осыдан арылу үшін, реформалар жасаған болып тыпырлайды. Оның соңы құрылтайға келіп тірелді. Бұған дейінгі қоғамдық кеңеске де биліктің дегенінен шықпайтын адамдар мүше болды. Ендігі құрылтай да содан асып кетеді дей алмаймын, - дейді Жасарал Қуанышәлин.

Жасарал Қуанышәлиннің Қаңтар оқиғасы күндері көлікте берген сұхбатын көріңіз.

"БИЛІКТІҢ НЕ ДЕЙТІНІН ЕСТИІН..."

Сарапшылар арасында құрылтай ел ішіндегі пікірлерді түсінуге мүмкіндік беретін механизм деп санайтындар да бар.

– Құрылтай өткізудің себебі көп. Мәселен, бұл жиын қоғам ішінен елді дамыта алатын, патриот адамдарды анықтау үшін өткізіліп жатыр деп ойлаймын. Құрылтайдың басты мақсаты – әркімнің шынайы бет жүзін көрсету, - дейді заңгер, университет оқытушысы Нұрбол Жетібаев.

Оның айтуынша, Қазақстанның "авторитар империялық елдермен" көршілес жатқанын ескерсек, елдегі ішкі жағдайды реттеуде құрылтай ұйымдастыру - ұтымды идея.

Ұлттық құрылтайға мүше болғандар арасында ұзақ жылдан бері билікті сынап келе жатқан "ДАТ" оппозициялық басылымының бас редакторы Ермұрат Бапидің болуы таңқалдырады. Бапи бұл құрылтайға шақыру алам деп ойламағанын айтады.

Ермұрат Бапи
Ермұрат Бапи

– Қазақстанда ондаған жыл бойы оппозиция мен биліктің арасында нәтижелі мәміле болған жоқ. Оның аяғы Қаңтар қырғынына ұласты. Одан кейін де қоғам қалғып кеткен сияқты. Одан кейінгі митингілерге қатысқандар 150-200 адамнан аспайтын болды. Қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, Ресейдің Украинадағы соғысы, оңтүстіктегі "Талибанның" белсенділігі, шығыста Қытайдың Тайванға көз алартуы жағдайында билік пен оппозиция текетіресті, ішкі есебін түгендеуді доғара тұрсақ деп ойлаймын. Қазір мемлекеттік мәселесі, тәуелсіздік, халықтың мәселесі таразының басында тұрған сияқты. Өз басым бұрын-соңды мемлекет ұйымдастырған құрылымдардың құрамында болмаған едім. Осы жолы іштен көрейін деп шештім. Биліктің не дейтінін естиін, өзімнің де пікірімді айтып көрейін деп ойладым, - дейді Ермұрат Бапи Азаттыққа.

Айтуынша, құрылтайға әлдебір заңдық статус беру міндет болмауы мүмкін. Бұл жиын биліктің халықпен, қоғаммен ақылдасу формасы сияқты. Бір жағы, мұндай құрылтайдың құрылуы парламенттің дәрменсіздігін де көрсетеді.

– Осы арқылы билік парламент құрамында қоғамның әр саласының өкілдері жоқ екенін және жеке-дара билік партиясының басымдығы салдарынан қоғамға қатысты запыранға айналған мәселелердің көтерілмегенін мойындап отырған сыңай танытады. Қоғамдағы буырқанған жағдайды басу және мәміле құру мақсатында құрылтай құрылып отырса керек, - дейді Ермұрат Бапи.

Оппозициялық басылым редакторының айтуынша, жиында қоғам тарапынан қозғалған проблемелар ескерілмейтін болса, құрылтай өзіне жүктелген міндетті атқара алмайды. Мұндайда құрылтай кезекті көп жиынның бірі болып қалуы әбден мүмкін.

"АВТОРИТАРИЗМНІҢ ТАБИҒИ ТАКТИКАСЫ"

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың айтуынша, құрылтай шақырудың және оның алғашқы жиынын орталықтан қашықта өткізудің үш себебі бар.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов. 26 қараша, 2021 жыл.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов. 26 қараша, 2021 жыл.

– Мәселен, бұрын [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясына сүйенді. 1995 жылғы референдум естеріңізде шығар? Сонда ассамблея Назарбаевтың президенттік мерзімін созуға көмектесті. Қазіргі жағдайда да қоғамның мүддесін көрсетеді дейтіндей режимнің немесе президенттің ыңғайындағы бастамаларды қарастыратын тағы бір орган керек болды. Соңғы жылдары ассамблеяның белсенділігі түсіп кетті және тоқсаныншы жылдары режим үшін өзекті болған әрекеттер қазір жарамай қалды. Екінші мәселе, Қаңтар оқиғасы кезінде наразылыққа шыққандардың дені қала тұрғындары емес, қала маңы тұрғындары болды. Осыны ескергендіктен құрылтай қос бірдей орталық – Алматы не астанада емес, Ұлытауда өткізілмек. Осы арқылы режим өзін халыққа жақын етіп көрсеткісі келеді.

Үшіншіден, әлдебір патронажды ұйым арқылы билік қоғамдағы өзіне бейім адамдарды мінберлерге жетелеп, өз дегеніне тарта алады. Сөйтіп белгілі бір мүддені қорғап, бастамаларды көтеруге болады. Соңынан ол адамдарға мәслихаттан бастап, парламентке дейін қызметтер ұсынады. Яғни, сол адамдарды дегеніне жетелеу арқылы оларға да "ауызбастырық" беріледі. Мұның негізінде игіліктер мен ресурстарды бөлісу жүйесі жатыр, - дейді саясаттанушы.

Димаш Әлжановтың айуынша, бұл – авторитаризмнің табиғи тактикасы. Осындай патронажды құрылымдарды Қырғызстан, Түркіменстан және Беларусьтан көруге болады. Осы елдердің кейбірінде құрылтай конституциялық мәртебеге де ие.

– Қазақстан жағдайында құрылтай – ресми емес ұйым, бұл билік үшін анағұрлым қауіпсіз. Осы құрылтай арқылы белгілі бір бастамалар қозғалуы мүмкін. Тіпті президенттік мерзімді созу туралы да мәселелер қозғала ма деп қорқамын, - дейді Димаш Әлжанов Азаттыққа.

Ол құрылтай тәрізді жалпыелдік жиын өткізу биліктің дегенін қоғамға өткізу үшін өте ыңғайлы құрал екенін айтады.

– Сайлауда бәсеке жоқ, саяси бәсеке тағы жоқ. Мәслихаттар мен парламент өкілдік орган ретінде өз деңгейінде қызмет атқарып отырған жоқ. Сондықтан да белгілі бір белсенді азаматтарды жүйеге тартатын қосымша деңгей іске қосылып жатыр. Сол арқылы бір жағы қоғамның наразылық деңгейін басу көзделген, - дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

БЕЛАРУСЬ, ТҮРКІМЕНСТАН ЖӘНЕ СССР ҮЛГІСІ

Жалпыелдік жиын өткізу бұрынғы совет елдері арасында Беларусьте (жалпыбеларусьтік жиын) және Түркіменстанда (Халық мәслихаты) қалыптасқан. Түркіменстанда халық мәслихаты соңғы конституциялық реформа кезінде парламенттің жоғары палатасына айналдырылып, биыл президенттіктен өз еркімен кеткен Гурбангулы Бердімұхамедов соның төрағасы болып отыр.

2020 жылғы тамыздағы даулы сайлаудан соң билігі шатқаяқтаған Беларусьтің автократ басшысы Александр Лукашенко көп ұзамай ел Конституциясына өзгеріс енгізетінін мәлімдеді. Жаңа өзгерістер бойынша, бұрыннан өткізіліп жүрген жалпыбеларусьтік жиынның өкілеті кеңейіп, ол жоғары өкілдік органға айналды. Бірақ халықаралық сарапшылар бұдан елдегі билік тармақтары арасында теңдік қалыптаспады деген тұжырым жасады.

Қырғызстанның былтыр қабылданған Конституциясына "қоғамдық-өкілдік жиын" ретінде "халық құрылтайы" ұғымы енгізілді. Мамыр айында ел президенті ұсынған "халық құрылтайы" туралы конституциялық мәнге ие заң жобасын парламент комитеті кері қайтарып тастады. Онда құрылтайдың жергілікті кеңестер жұмысын қайталайтыны дау тудырған. Қырғызстанда 2010 жылы да президент Құрманбек Бакиев "келісім құрылтайын" шақырып, құрылтайдан екі апта өткен соң өзі биліктен қуылған.

СССР кезіндегі халық депутаттарының съезі құрылтай принципімен өткізілетін. Әлі күнге дейін ұйымдастырылатын Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиыны да соған ұқсас. Бірақ 3 мыңға тарта делегат қатысатын Қытайдағы құрылтайдың айырмашылығы – ол Конституцияға өзгеріс енгізетін, Қытай төрағасы сайлайтын, маңызды заңдарды бекітетін конституциялық орган әрі оған аймақтардағы депутаттар қатысады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG