25 қазан күні Беларусь астанасы мен өзге де қалаларда Александр Лукашенкоға қарсы жаппай бейбіт шеру өтті деп хабарлады Азаттықтың Беларусь қызметі. БелаПАН агенттігі бұл күні ел бойынша қарсылық акцияларына жиынтығы екі жүз мыңға тарта адам шықты деп жазды.
Беларусь елінде биыл 9 тамызда өткен президент сайлауынан кейін басталған жаппай қарсылық шеруі осымен он бірінші аптаға жалғасып жатыр. Әсіресе әр аптаның соңында наразылық акциясына ондаған мың адам қатысып жүр. Сайлаудың ресми қорытындысына келіспеген жұрт елді 26 жылдан бері үздіксіз басқарып келген автократ Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етеді.
Бұл жолы Минск көшесіне жүз мыңнан астам адам шықты деп хабарлады Telegram мессенджері арқылы ақпарат тарататын тәуелсіз ақпарат құралдары.
("Минск – қаһарман қала") стелласы алдына бүгін 100 мыңнан астам адам жиналды. Наразылар Машеров даңғылымен Богданович көшесіне шеру тартып барады" деп хабарлады жексенбі күні Nexta Live телеграм-каналы.
Елде бірнеше айдан бері интернет сайттар бұғатталып, қарсылық акциясынан хабар дайындап жүрген журналистер қысым мен қудалауға тап болған.
Жексенбіде бірнеше қалада милиция жасағы наразылық акциясына кедергі жасауға тырысты, ондаған адам ұсталды. Минскіде күштік құрылымдар демонстранттарға құлақ тұндыратын граната лақтырып, резеңке оқ қолданған, зардап шеккендер бар деп хабарлады Азаттықтың Беларусь қызметі.
Минскідегі наразылық акциясы туралы фотогалерея (25 қазан 2020 ж.)
Президенттік сайлауда билік кандидатына негізгі бәсекелес болған Светлана Тихановская бұған дейін Лукашенкоға 26 қазанға дейін өз еркімен кетіп, елдегі саяси тұтқындардың барлығын босату туралы талап қойған. "Халық ультиматумы" деп аталған талапта Лукашенко орындамаса, онда 26 қазаннан бастап елде жалпыұлттық ереуіл басталып, жолдар жабылып, мемлекеттік кәсіпорындар өніміне бойкот жарияланатыны ескертілген.
25 қазандағы наразылық акциясының қорытындысы туралы жазбасында Тихановская: "Бүгін режим тек күш қолдануды ғана білетінін тағы бір рет дәлелдеді. Бірақ көпке және перзентхана терезесінің түбіне құлақ тұндыратын граната лақтыру – күштілік емес. Шындықты айтуға, өз сөзіне жауап беруге және елдің талабын орындауға режимнің дәті бармайды. Демек, бұл режим белорус халқына лайық емес, ол биліктен айырыла бастады" деп жазды.
Беларусь ішкі істер министрлігі "демонстранттар құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасамақ болған соң оларға қарсы арнайы құралдар қолданылды" деп мәлімдеді. Бірақ бұл ақпаратты жоққа шығарғандар оқиға орнынан түсірілген видеолар мен суреттерді алға тартып, билік өкілдерінің бейбіт адамдарға негізсіз күш қолданғанын айтады.
"Наша ніва" басылымының тілшісі құлақ тұндыратын гранатадан зардап шеккен ер адамды өзге азаматтар қауіпті жерден алып шыққанын хабарлады. Азаттықтың Беларусь қызметі граната жарылғанда тағы бір қыздың аяғына зақым келгені туралы жазды. Ол қыздың хал-жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ.
Милиция құлақ тұндыратын граната қолданған кезде сол маңдағы көпқабатты тұрғын үйдің терезесі бүлінген.
Түрлі мәлімет бойынша, жексенбі күні Беларусьтегі наразылықтар барысында 300-ден астам адам ұсталған.
"Вясна" құқық қорғау ұйымы Минск, Брест, Витебск, Гомель, Гродно, Могилев, Бобруйск, Борисов, Жабинка, Жодино, Лида, Ляховичи, Новополоцк, Пинск, Речица қалаларында билік азаматтарды ұстаған деп хабарлады.
Билік орындары нақты қанша адам ұсталғаны жайлы ақпарат бермеді.
Беларусь Орталық сайлау комиссиясы 9 тамыздағы президент сайлауында Александр Лукашенко жеңді деп ресми хабарлаған. Онымен келіспейтін жұрт сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді.
Еуропа одағы мен өзге де батыс елдері сайлау қорытындысын мойындамайды. Армения, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстан сияқты елдердің басшылары Лукашенкоға "сайлаудағы жеңісіне" құтты болсын айтып, жеделхат жолдады.
Он бір аптаға жалғасқан наразылық акциялары кезінде Беларусь билігі демонстранттарға күш қолданып, қолға түскен бейбіт азаматтарды азаптағанын халықаралық ұйымдар мен батыс елдері айыптады. 9 тамыздан бері Беларусьтегі наразылық барысында мыңдаған адам зардап шекті, бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар да бар.
ПІКІРЛЕР