Accessibility links

Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін Қазақстан мен Ресей қатынасы қалай өрбімек?


Санкт-Петербургтегі халықаралық экономика форумы төріне шығып келе жатқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. 17 маусым 2022 жыл.
Санкт-Петербургтегі халықаралық экономика форумы төріне шығып келе жатқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. 17 маусым 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург экономика форумында Украинаның шығысындағы "квазимемлекеттік" құрылымдар мәселесінде Мәскеуді қолдамайтынын білдірді. Бұл Украинадағы соғыстан соң Орталық Азиядағы жағдайдың өзгергенін көрсететіндей.

Қазақстанда биылғы Қаңтар оқиғасы кезіндегі наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, билігіне қауіп төнген соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпісздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегіне жүгінген еді. Содан бері жұрт ҰҚШҰ әскерін елге кіргізген президент Қазақстан тәуелсіздігін құрбандыққа шалып, Мәскеуге қарыздар болып қалды деп айтып жүрді.

Бірақ Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін төрт ай өткенде Тоқаев бұл ойды жоққа шығарды. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен Санкт-Петербург халықаралық экономика форумына қатысып, Кремльді қолдамайтынын айтты.

Ресей президенті Совет одағы құрамында болған елдердің бәрін "Ресейдің тарихи жері" деп атап, Мәскеуге қарсы шыққандарды Украинаның тағдыры күтіп тұрғанын меңзеді.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтке өткен халықаралық экономика форумында. Ресей, 17 маусым 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтке өткен халықаралық экономика форумында. Ресей, 17 маусым 2022 жыл.

Форумда ресейлік RT мемлекеттік арнасының бас редакторы, форум модераторы Маргарита Симонян Украинадағы "арнаулы әскери операция" (Ресей билігі "соғыс" деген сөзді қолдануға тыйым салған – ред.) жайлы Қазақстанның ұстанымы қандай деген сұрақты Тоқаевқа төтесінен қойды. Бұл сұраққа жауабында Тоқаев Нұр-Сұлтан Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдар – Донецк және Луганск "халық республикаларын" тәуелсіз ел деп мойындамайтынын айтты.

"Егер халықтардың қалағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамындағы қазіргідей 193 ел емес, 500 я 600 мемлекет болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецкінің квазимемлеттік құрылымдарына да қолданатын шығармыз" деді Тоқаев.

Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығына бірінші рет наразылық білдіріп тұрған жоқ. Бірақ Тоқаевтың Путиннің жанында отырып, сол ойын қайталауы Ресейдің Қазақстан секілді әріптестерінің Мәскеуден бойын алшақ ұстауға тырысып жатқанын көрсетеді.

"Путиннің жанында сахнада отырып бұлай деу батылдық болды" деді Азаттыққа RAND корпорациясының адъюнкт-стипендиаты, АҚШ-тың Қазақстандағы бірінші елшісі болған Уильям Кортни. "Мәскеудің көршілеріне деген көзқарасы агрессиялы бола бастады және оның Украинадағы [соғыстан] көңілі қалуы бұл ұстанымға қаттырақ әсер етуі ықтимал. Бұл болашақта Қазақстанның қысымға ұшырауы мүмкін екенін білдіреді".

НҰР-СҰЛТАННЫҢ БАСҚА ДА ШЕШІМДЕРІ

Тоқаев бұл мәлімдемені Ресейдің билікшіл адамдарының Қазақстанның солтүстігіндегі жерлерді Украинаның шығысымен бірге аннексиялайтын аймақ деп меңзеген сөзінен кейін айтты. Қазақстанның солтүстігінде ұлты орыс азаматтар көп тұрады.

Бірақ Украинадағы соғыс жалғасып жатқан тұста Қазақстан Мәскеуге тәуелді емес екенін көрсетіп жатыр. Сарапшылар мұндайды күтпеген еді.

Нұр-Сұлтан Мәскеу қолдап отырған сепаратистер қолындағы құрылымдарды мойындамайтынын айтып қана қойған жоқ. Ол бұған дейін Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Совет одағының нацистік Германияны жеңгенін атап өтетін дәстүрлі әскери парадты да өткізген жоқ.

Қазақстан Батыстың Ресейге салған санкцияларын айналып өту үшін абайлап әрекет етті. Ел ішіндегі Мәскеудің сыртқы саясатына қатысты жеккөрініш пен елдегі украиншыл демонстрациялардың арасында тепе-теңдік ұстауға тырысты.

Украинаны қолдап, Ресей бастаған соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Украинаны қолдап, Ресей бастаған соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Нұр-Сұлтан Еуропаға энергия ресурсын жіберу келісімін де кеңейте түсті. 15 маусымда "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Тоқаев Нұр-Сұлтан Мәскеуге санкциялардың жаңа режимін айналып өтуге көмек көрсетпейтінін айтып, ҰҚШҰ әскер жіберген соң елдің Ресейге қарыздар болып қалғаны жайлы әңгімені жоққа шығарған еді.

"Кейбіреулер Ресей Қазақстанды құтқарып қалды, Қазақстан енді Ресейге қызмет етіп, бас иіп өтуі керек деп мәлімдеп, жағдайды бұрмалап жатыр" деді ол сұхбатта. "Бұл шындыққа жанаспайтын негізсіз аргумент деп ойлаймын".

Ресейде бұл мәлімдемелерге жылдам реакция білдіргендер болды. Депутат Константин Затулин Қазақстан жерінің тұтастығына күмән келтірді.

"Олар орыстар көп тұратын аудандар мен елді мекендердің Қазақстан деп аталатын жермен байланысы әлсіз екенін өте жақсы біледі" деді Затулин радиоға берген сұхбатында.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы миссиясы аясында Қазақстанға аттанған ресейлік әскерилер Мәскеу маңындағы аэродромда ұшаққа мініп жатыр. 6 қаңтар 2022 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы миссиясы аясында Қазақстанға аттанған ресейлік әскерилер Мәскеу маңындағы аэродромда ұшаққа мініп жатыр. 6 қаңтар 2022 жыл.

Ресей құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров та Қазақстан мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше басқа да елдерді Мәскеудің Украинаға басқыншылығын қолдамады деп сынаған сөзі жазылған видео жариялады. Ол Нұр-Сұлтанның солтүстігінде егемендік осал екенін айтты.

Тоқаевтың Ресейдің Украина туралы ұстанымына қарсы шыққанына және оған ұлтшыл ортаның жауабына қарамастан, Қазақстан президентінің Путиннің жанында отырып айтқан сөзінің көбі Ресейдің экономикалық оқшаулануы кезінде онымен байланысын сақтап қалу жайлы болды. Ол біршама жыл бойы Қазақстанмен байланысын нығайтқаны үшін Ресей президентіне алғыс та білдірді.

"Қазақстан Мәскеу басқыншылығының салдарына қарамастан Ресеймен әріптестіктің және жұмыс істеудің жолын іздеуді жалғастыра береді, – дейді Кортни. – Бірақ Ресейдің Қазақстанның солтүстігі жайлы ұлтшыл мәлімдемелері [Қазақстан билігі үшін] өте зор проблема. Бұл жазылмаған жара іспетті".

НҰР-СҰЛТАН ЕНДІ НЕ ІСТЕЙДІ?

Қазақстан мен Ресей арасындағы мұндай жағдайлар Тоқаев үшін де, Нұр-Сұлтан үшін де жаңалық емес. Бірақ Мәскеудің Украинаға басқыншылығы жағдайды өзгертті.

Бұрын Қазақстан премьер-министрі, сыртқы істер министрі, БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігі директоры, парламент сенаты спикері болған Тоқаев – тәжірибелі дипломат. Ол 1991 жылы Совет одағы құлаған соң Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

Қазақстан бұрыннан АҚШ-пен де, Еуроодақпен де байланысын сақтай отырып, Қытай мен Ресей сияқты екі ықпалды көршісімен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысып келеді. Нұр-Сұлтан Иран мен Түркия секілді державалармен де байланысын нығайтуға талпынды.

Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан бұл стратегиясын күшейте түсті. Қазақстан Қытайдың сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдады, Анкарамен де, Тегеранмен де байланысын тереңдетуге тырысты. Мамырда Тоқаев Түркияға мемлекеттік сапармен барып, сауда байланысын арттыруға және "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға баратын сауда жолын Түркия арқылы өтетіндей етіп жүзеге асыруға келісті.

Президент Режеп Тайып Ердоған Мәскеуге бағытталған мәлімдемелерді де қолдайтынын анық байқатты.

19 маусымда Тоқаев Иранға сапармен барып, екіжақты сауда байланысын арттыру қамын жасады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) Иран президенті Ибрахим Раисимен кездесіп отыр. Тегеран, 19 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) Иран президенті Ибрахим Раисимен кездесіп отыр. Тегеран, 19 маусым 2022 жыл.

Сарапшылар Қазақстан Ресейге тәуелділіктен арылу үшін басқа державалармен байланысын нығайтып, Ресей басқыншылығынан кейін ұстанымын қайта қарап жатқанын айтады.

"[Ұстанымын] қайта қарау ұзақ мерзімде бірдеңе өзгеретінін білдіреді, – деді Азаттыққа Eurasia Group консалтинг компаниясының аға сарапшысы Закари Витлин. – Совет одағы құрамында болған, Ресейге көрші кез келген ел үшін Украинадағы жағдайға қарап, "Тағы не болуы мүмкін?" деген сұраққа бас қатырмай отыру өте қиын".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG