Француз журналистері Ресей мен Франция президенттерінің 20 ақпандағы телефон әңгімесін жариялады. Бұл әңгімеден кейін, небәрі 4 күннен соң Мәскеу сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" тәуелсіздігін мойындап, ізінше Украинаға басып кірді.
France 2 телеарнасында көрсетілген "Президент, Еуропа және соғыс" деректі фильмінің негізгі өзегі - Владимир Путин мен Эммануэль Макронның телефонмен сөйлескен тоғыз минуттық сөзі. Фильм аңдатпасында айтылғандай, Елисей сарайында кейінгі алты айда болған дипломатиялық әңгіме — Макронның соғыстың алдын алуға тырысқаны және соғыс басталғандағы реакциясы әңгімеленген.
"Маған әуелі қазіргі жағдайды қалай түсінетініңізді және бәлкім, екеуара әңгіме болғандықтан, не істегіңіз келетінін тура айтарсыз?" — деп басталады Макрон сөзі.
"Не деймін? Не болып жатқанын өзіңіз де көріп отырған жоқсыз ба?" деп жауап берген Путин Украина президенті Владимир Зеленскийді өтірік айтады деп айыптап, Макронның өзін Донбастағы жағдайды реттеуге арналған Минск келісімін қайта қарағысы келеді деп кіналай сөйлейді.
Макрон бұл пікірмен келіспей, дауласып қалады. Путиннің "ДХР" мен "ЛХР" сөзін ешкім тыңдағысы келмейді дегеніне Макрон "сепаратистердің ұсынысына түкіргеніміз бар" деп жауап берген.
АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу туралы Макронның ұсынысына Путин ақыры соңы келіседі, алайда дайындалып алу үшін саммит уақытын белгілемей қоя тұруды сұрайды. Әңгіме Путиннің "хоккей ойнағым келіп тұрғанын сізден жасырмай-ақ қояйын, қазір спортзалдамын" деген әңгімесімен аяқталады.
20 ақпандағы телефон әңгімесі туралы Кремль таратқан ақпаратта Байденмен кездесу туралы мүлде сөз болмаған. Келесі күні, сепаратистік республикаларды мойындау мәселесіне арналған Ресей қауіпсіздік кеңесінің отырысында Путин француз тарапынан әлдебір ұсыныс жасалғанын, бірақ оның нақты еместігін айтқан.
Ресей сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин Батысқа келіссөзге отыруға соңғы шанс беруді ұсынды, бірақ Путиннің "сіз немене келіссөз процесін бастағыңыз келіп тұр ма" деген сөзінен кейін шатасып, әуелі "ДХР" мен "ЛХР-ді" Ресейге қосып алу керек деді, Путин тағы бір жекігенде "екеуінің де тәуелсіздігін мойындау керек" деп құтылды.
Макрон соғыс басталған соң да Путинге бірнеше рет телефон соққан. Ол мұны "амалсыз әрекет, бейбітшілікке жол іздеу үшін контакт керек" деп түсіндірген.
Кремль француз деректі фильмі жайлы әзірге пікір білдірген жоқ.
ПІКІРЛЕР