25 маусымда Санкт-Петербургте Александр Лукашенкомен кездескен Владимир Путин Ресейдің Беларуське "Искандер-М" зымыран кешенін беруге шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Путин сөзінше, бұл зымыран кешені Минскіге таяу уақытта беріледі және "Искандер-М" зымыранын баллистикалық зымыран ретінде де, "қанатты зымыран" ретінде де, яғни ядролық қару атуға да пайдалануға болады. Ресми мәліметке қарағанда "Искандер-М" зымыран кешені 500 шақырымға дейінгі нысананы ата алады.
Путин мен Лукашенко Ресей мен Беларусь арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл құрметіне кездескен.
Таяуда Украина өз жері Беларусь жақтан алғаш рет жаппай зымыранмен атқыланғанын хабарлаған. Украина барлау қызметі "бүгінгі соққы Кремльдің Беларусьті соғысқа тартқысы келетін ниетіне тікелей байланысты" деп бағалаған.
Лукашенкомен келіссөз кезінде Путин Беларусьтің Су-25 әскери ұшақтарын Ресей зауыттарында қосымша жабдықтауды ұсынды. Лукашенко ядролық қару алып жүруі мүмкін НАТО ұшақтарының жаттығуына лайықты жауап беруге Путиннен көмек сұрады.
Владимир Путин сөзінше, Беларусьте Су-25 ұшағы жеткілікті. Оларды қайта жабдықтаса болады.
Александр Лукашенко Путинмен әңгіме кезінде Беларусь пен Ресейді сыртқы қауіптен қорғайтын "ең қауіпті қару" қолдануға дайындық мәселесін талқылауды ұсынды. Лукашенко "Польша мен Литваның агрессияшыл саясаты" қатты ұнамай жүргенін айтқан.
"Оларға конфронтацияның неге керек екенін білмеймін, бірақ арқасынан әлдекімнің итермелеп тұрғаны түсінікті", – дейді Лукашенко.
Беларусь Украинадағы соғысқа тікелей қатысып жатқан жоқ. 2020 жылы тамыздағы сайлаудан кейін Батыс елдер легитимді президент деп мойындамайтын Лукашенко Украинаға шабуыл жасап жатқан Ресейге логистикалық қолдау көрсетіп отыр. Ресей әскерінің бір бөлігі Украинаға Беларусь жері арқылы кірген.
ПІКІРЛЕР