Accessibility links

Украинаның Херсонындағы басқыншы "үкіметті" Ресей шенеунігі басқарады


Украинаның Херсон қаласы. Маусым, 2022 жыл
Украинаның Херсон қаласы. Маусым, 2022 жыл

Украинаның Ресей басып алған Херсон облысының үлкен бөлігінде "аймақ үкіметі" құрылғаны жарияланды, оны Ресейдің бұрынғы шенеунігі басқаратын болды.

Басқыншы үкіметті бұрын Ресей арнаулы қызметінде, кейін Калининград облысы басшысының бірінші орынбасары болған Сергей Елисеев басқарады. Ресейдің Калининградынан шыққан тағы бір шенеунік вице-премьер болған.

Тағы бір вице-премьер - Украина Жоғарғы радасының бұрынғы депутаты, "Слуга народа" фракциясына кірген Алексей Ковалев. Ол Херсонды Ресей әскері басып алған соң қалаға оралып, "сайлаушыларыммен бірге болуға тиіспін" деген. Біршама уақыттан кейін Ресей тағайындаған билікпен ымыраласып, жұмыс істей бастағанын әлеуметтік желідегі парақшасына жазған.

Ресей шенеуніктері бұған дейін де сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" әкімшіліктерінде жоғары лауазымдар иеленген. Мәскеу Херсон облысын аннексиялау жоспары бар екенін мәлімдеген емес, алайда бұл өңірге келген Ресей шенеуніктері "Херсон облысының болашағы Ресеймен интеграцияда" екенін әлденеше рет айтқан.

Херсон – 24 ақпанда соғыс басталғалы Ресей басып алған жалғыз облыс орталығы. Онда да Херсон облысының аумағын Ресей әскері толық бақылай алған жоқ. Бірнеше елдімекенді Украина бұрынғыша ұстап тұр, майданда ұрыс жүріп жатыр.

The Economist басылысы репортажында Украина әскері Херсоннан бірнеше шақырым ғана жерде тұрғанын айтады. Ашық деректерге қарағанда, майдан Николаевск облысының әкімшілік шекарасына жақын тұста, Херсоннан 20 шақырым жерде тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG