6 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстандағы қанды оқиғадан бес күн өткен соң, оған "шетелдегі күштердің" қатысы болғанын мәлімдеді. Ол бұл жайында Ташкентте видеобайланыс арқылы өткен жиынында айтқан.
"ШЕТЕЛДЕГІ АРАМ ПИҒЫЛДЫ КҮШТЕР"
Президент Мирзияевтің сөзінше, Қарақалпақстан оқиғасы санаулы күндер ішінде емес, жылдар бойғы дайындықпен ұйымдастырылған.
"Бұл әрекеттерге шетелдегі арам пиғылды күштер жылдар бойы дайындалған. Олардың негізгі мақсаты Өзбекстанның аумақтық тұтастығына шабуыл жасап, ұлтаралық қақтығыс тудыруға бағытталған" деді Мирзияев.
Ол тергеу ашық жүру үшін бас прокурордың бірінші орынбасарының басшылығымен арнайы топ жұмыс істеп жатқанын да айтқан. Президент азаматтық қоғам өкілдерін, депутаттарды және белсенділерді де осы жұмысқа тарту керек деген.
Өзбекстан басшысы жиында оқиға кезінде қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, күштік құрылым өкілі әсіре күш қолданса, қылмыстық жауапқа тартылатынын де айтты.
Өзбекстан Конституциясына енгізуге ұсынылған Қарақалпақстанның жаңа мәртебесі дауға айналып, 1-2 шілдеде Нөкістегі наразылыққа ұласты. Мәліметтерге қарағанда, заңгер әрі тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов ұсталған соң ел жаппай көшеге шығып, оны босатуды талап еткен. Бұл Қарақалпақстанның басқа да ауыл, қала көшелеріндегі наразылыққа ұласқан. Әуелде Дәулетмұрат Тәжімұратов босатылғанымен, кейін қайта қамалған.
Наразылық басып-жанышталған соң биліктің таратқан мәліметіне қарағанда, кемінде 18 адам қаза тауып, 243 адам жараланған, 516 адам қамауға алынған. Зардап шеккендердің арасында ауыр жараланғандар бар. Қаза тапқандардың төртеуі – күштік құрылым өкілдері.
Алайда құқық қорғаушылар қаза тапқандар саны ресми деректен көп екенін айтады. Наразылықтың қалай аяқталғаны сырт әлемге белгісіз күйде қалды. Ал әлеуметтік желі арқылы тараған видеоларда полицейлердің шабуылы және жараланған адамдар түсірілген, кейбір кадрларда көшеде қимылсыз жатқан адамдар көрінеді.
Билік наразылықты күшпен басып, 2 шілде күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ташкенттен Нөкіске суыт ұшып барды. Ол Қарақалпақстан Жоқарғы кеңесінде (парламенті – ред.) жиын өткізіп, Қарақалпақстанның жаңа мәртебесіне қарсылықтан "бейхабар қалғанын" айтқан. Мирзияев жергілікті депутаттарға қарата "Ең болмағанда маған телефон соғып, осындай адамдар наразы деп неге айтпадыңдар?" деген.
Өзбекстанның үш мың жылдық тарихы және "үшінші ренессансы" жайлы жиі айтатын Мирзияев Нөкістегі алғашқы жиында "Қарақалпақ халқы наразы болса, Конституциядағы бір де бір бап ешқашан өзгермейді" деді.
Президенттің жарлығымен Қарақалпақстанда 2 шілдеден бастап 3 тамызға дейін "төтенше жағдай" тәртібі енгізілді. Қарақалпақстан аумағында интернет шектеліп, байланыс алмасуда кедергі туындады. Өзбекстан Қарақалпақстан тұсында Қазақстанмен шектесетін шекараларын жапты.
Назар аударатын мәселе – Мирзияев наразылыққа шыққандарға меңзеп, "олар мылтық алып, ұлттық гвардиямызды атты. Олар сырттан басқарылып отыр. Біз оларды олай ойнатып қоя алмаймыз. Күш бар, құдірет бар, мүмкіндік бар, Қарақалпақстанға тыныштық орнатамыз" деген.
ҚАЗАҚСТАН АЛҒАШҚЫ ҚОЛДАУШЫ МА?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарақалпақстандағы оқиғадан соң Өзбекстан президенті хабарласқан алғашқы басшы болды. Ол Ташкенттің "тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларын" қолдаған. Мұндай қолдауды Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Түркия президенттері де білдірді. Шанхай ынтымақтастығы ұйымы да Өзбекстанды қолдап, қуаттады.
Ал оқиға кезінде Норвегияның Хельсинки комитеті Өзбекстан билігін халықтың бейбіт жиналу құқығын сыйлауға шақырды.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс "Билікті халықаралық норманы сақтай отырып, толық, сенуге лайықты, ашық тергеу жүргізуге үндейміз" деп мәлімдеген. Еуропа одағы да оқиғаны ашық және тәуелсіз зерттеуге шақырған. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет те оқиғаға алаңдап, пікірін білдірген. "Күш жұмсау жайлы ақпарат алаңдатады. Наразылық кезінде адам өлімі де болған. Билікті дереу ашық әрі тәуелсіз тергеу бастауға шақырамын. Мемлекет өкілі тарапынан жасалған заңсыздықтар да жан-жақты тергелуі тиіс" деген ол.
Human Rights Watch адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйым да Қарақалпақстандағы оқиғалар тәуелсіз және ашық тергелу керектігін мәлімдеген. Ұйымның Еуропадағы және Орталық Азиядағы директоры Хью Уильямсон "Өзбекстан билігінің бұл процесске қалай келетіні президент Шавкат Мирзияев үшін сын болмақ. Біз биліктің адам құқығы мен заңның үстемдігін қаншалықты сыйлайтынына қарап, Өзбекстанның қаншалықты дамығандығын білетін боламыз" деген.
"ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БІР ҚАЛАСЫ" ҚАЙ ҚАЛА?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасының да "кәсіби түрде мұқият жоспарланғанын" айтып, "сырттан әскери жасақ тартылған террор операциясы" деп атаған еді. Оқиғадан соң ресми арнаға берген сұхбатында Тоқаев "арнайы дайындықтан өткен әскери жасақ пен командирлерінің Орталық Азияның бір қаласынан гастарбайтер ретінде елге кіргенін", кейін Алматы әуежайы арқылы кері "эвакуация" жасап үлгергенін айтқан.
Тоқаев кейін Қазақстан халқына жолдауында "билікті басып алу үшін" сыртқы дұшпандар мен ішкі жаулардың "күш біріктіргенін" айтқан.
Оқиға басталған кезде президент Тоқаев "20 мың террористің бір ғана Алматыға шабуылдағанын" мәлімдегенімен, кейін "20 мың террористің 13 қалаға шабуылдағаны" жайлы айтып, ескі мәлімдемесіне "түзету" енгізді.
Қаңтар оқиғасынан бері жарты жыл уақыт өтсе де, билік қоғам сынына тап болған Қазақстан президентінің осы айтқандарына нақты дәлел ұсынған жоқ.
Биыл мамырда Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиясы аумағында, Рушан ауданында тұрғындар әскери техниканы өткізбеуге тырысып, Душанбе – Хорог жолын жапқан кезде, арты қақтығысқа ұласты. 16 адам қаза тауып, 220 адам ұсталды. Кейін билік "антитеррористік операция" өткізілгенін айтып, наразылық білдіргендерді елде тұрақсыздық тудыруға сырттан бұйрық алатын қылмыстық топтың мүшелері деп жариялады.
Таулы Бадахшанда жағдай былтырғы қарашадан бері оңалмай тұр. Сол кезде арнайы операция кезінде күштік құрылымдар қолынан жергілікті тұрғын Гулбиддин Зиёбеков қаза тапқан. Оған наразылық білдіргендердің ішінен тағы екі адам мерт болған. Биыл мамырда жергілікті тұрғындар Гулбиддин Зиёбековтің қазасына кінәлілер жазаланбағанына наразы болып көшеге шыққан. Билік оны ауыр қылмыстарға барды, кепілдікке адам ұстады және ұсталатын кезінде қарсылық көрсетті деген.
ОРТАҚ РИТОРИКА
Қарақалпақстандағы оқиға – Орталық Азияда жыл басынан бері күшпен басып-жанышталған үшінші оқиға. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 238 адам, Тәжікстанның Таулы Бадахшан өңіріндегі оқиғада 16 адам қаза тапқан, Өзбекстан Қарақалпақстанда 18 адам қаза тапқан деп хабарлады.
Осы оқиғалардың масштабы мен талаптары әртүрлі болғанымен, оны басып-жаншу және оқиға себебін іздестіруде үш елде де билік өкілдері ұқсас мәлімдеме жариялап, ұқсас іс-әрекет жасаған. Үш елде де оқиға кезінде байланыс нашарлаған, интернет тоқтатылған, шекара жабылған. Әсіресе, оқиғаны ұйымдастырушылар үнемі "сырттан басқарылатын" үшінші күштер немесе "дұшпандар" болып шығады.
Қарақалпақстандағы интернеттің тоқтатылуына байланысты 6 шілдеде Өзбекстан сыртқы істер министрлігі арнайы хабарлама таратып, "жауласқан күштер популистік ұран аясында ұялы байланыс және интернет арқылы фейк-жаңалықтар таратып, Конституцияға қарсы әрекетке елді жаппай тартуға тырысты. Бұл интернет байланысын уақытша шектеу шараларын қабылдауға итермеледі" делінген.
Хабарламада "наразылыққа шыққандардың Жоқарғы кеңес, ішкі істер департаменті, ұлттық гвардия ғимаратына бірнеше мәрте шабуыл жасамақ болғаны, әскерилерді кепілдікке алып, қару-жарақ тартып, көшелерді өртке орағаны" жайлы айтылады. Бұл да Орталық Азиядағы наразылықтарды мейлінше жаманатты етіп көрсетудегі ұқсас талпыныстардың бірі.
"БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚАТАҢ ЖАЗАЛАУҒА СЕБЕП"
Қарақалпақстанда интернет әзірге қосылған жоқ. Ұялы байланыстың өзі нашар. Бұл туралы Азаттыққа Қарақалпақстаннан Алматыға көшіп келген Сәуірбек есімді азамат айтты. Оның сөзінше, қазір Нөкіспен ғана телефонмен сөйлесуге болады. Қарақалпақстанның қалған ауыл, қалаларымен байланысу қиын.
Қарақалпақстандық азаматтың айтқанына қарағанда, елде Ташкент билігіне наразылық бұрыннан бар еді. Кейінгі жылдары Өзбекстан паспортында азаматтардың ұлты да жазылмайтын болған.
– Мұның бәрі адамдардың ішкі наразылығын қоздырып келген. Алайда Өзбекстан Конституциясынан Қарақалпақстанның "егемендігі" мәртебесі алынатынын білгенде наразылық бұрқ ете қалды. Оны шетелден дайындықпен келіп, ұйымдастырды деу ақылға сыймайды. Бұл ендігіде белсенділерді қатаң жазалауға себеп болатын сияқты. Бара-бара Қарақалпақстанда бас көтеретін белсенді қалмайтын түрі бар, – дейді Сәуірбек Азаттыққа.
Қарақалпақстан Республикасы
1924 жылы Қарақалпақстан автономды облысы құрылды.
1925 жылы Қарақалпақ автономды облысы Қазақ АССР (сол кездегі Қырғыз АССР) құрамындағы аймақ болып бекиді.
1930 жылы Қарақалпақстан автономды облысы РСФСР қарамағына беріліп, кейін Қарақалпақстан АССР болып құрылды.
1936 жылы Қарақалпақстан АССР Өзбек ССР құрамына өтті.
1990 жылы 14 желтоқсанда Қарақалпақстан АССР Жоғарғы кеңесі "Қарақалпақстан Республикасының Мемлекеттік Суверенитеті ҳақында Декларация" қабылдады.
1992 жылы 9 қаңтарда Қарақалпақстан АССР атауы "Қарақалпақстан Республикасы" болып өзгертілді.
1993 жылы 9 сәуірде Қарақалпақстан Конституциясы қабылданды.
1993 жылы бекітілген шартта Қарақалпақстанның 20 жыл Өзбекстан құрамында болып, кейін референдум жолымен Өзбекстаннан бөлініп шыға алатыны қуатталды.
"ҮШІНШІ КҮШТЕРДІ" ҚОЛДАНУ АЯСЫ
Қырғызстандық саясаттанушы Эмилбек Жороев іштегі наразылыққа сыртқы, үшінші бір күштерді айыптау Орталық Азия елдері басшыларының түсінігіне сіңісті болып кеткен деп есептейді.
– Қазақстандағы және Өзбекстандағы, Қарақалпақстандағы оқиғадан кейін де осыны көріп отырмыз. Сыртқы күштерді, үшінші бір күштерді кінәлау олар үшін ыңғайлы аргументке айналып кеткен. Осы арқылы өз билігін ел ішіндегі әлдебір топтарға не азаматтарына қарсы қойып алмау үшін аты аталмаған, үшінші бір күштерді айыптау қолайлы. Сондайда ел басқарудағы не экономикадағы басқа да салаларда қауіп-қатерлер мен проблемаларды айналып өтуге болады, – дейді сарапшы.
Жороевтың айтуынша, осындай толқулардан соң жағдай тұрақталғанда елде әлдебір ынтымақ, әлдебір үйлесім орнатуға мүмкіндік қарастыру үшін де үшінші күшті айыптау кең таралып келеді.
– Ресей мен Беларусьте де осындай күштер туралы айтылады. Ресейдегі "шетелдік агенттер" осыдан шығады. Өзінің іс-әрекетін ақтау үшін басшылар осындай "күштерге" кінәні арта салуға дайын тұрады. Қазақстанда да, Өзбекстанда да халықтың ауқымды наразылығына ұйытқы болатындай сыртқы фактор байқалған емес. Осынша адамның наразылыққа шығуын сыртқы фактор ұйымдастыруы мүмкін де емес, – дейді Эмилбек Жороев Азаттыққа.
Сарапшының пайымдауынша, жаппай наразылыққа осынша көп адамның жиналғанын билік қабылдауы керек және соған жауап беруге тырысуы қажет. Қазақстан мен Өзбекстанда адамдардың көңіл-күйін ескеру үшін саясат, экономика және қоғам арнасында мүмкін болған тұстарды қайта қарастырудың жөні бөлек.
– Президент Мирзияевтің Конституцияға енгізілмек болған өзгертулерді қайтару ұсынысы – кәдімгідей нәтиже. Осындай наразылықтардан соң не бір түннің ішінде әлдебір президент басқаша болып кете алмайды. Қайта туылмайды. Ел көзінше сыртқы үшінші күштерді кінәласа да, олар өз іс-әрекеті алдында адал, салауатты боларына сенгің келеді, – дейді қырғызстандық саясаттанушы.
Қазақстанның ұсынысымен Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала өткізілген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) кезектен тыс жиынында "террорист", "экстремист", "қылмыскер" және т.б. деструктивті құрылымдар бейнесі жайлы жиі айтылды. Қаңтар оқиғасы кезінде тұрақтылықты қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға өзге елдерден ҰҚШҰ күштері тартылған.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстандағы оқиғадан соң бірінші кезекте Орталық Азиядағы көрші елдер басшыларымен телефонмен сөйлескен. Онда талқыланған мәселенің бірі 21 шілдеде Қырғызстанда, Шолпан-атада өтетін Орталық Азия елдері басшыларының консультативті кездесуі туралы болды. Бұл саммитте ортақ "үшінші күш", "жау, дұшпанның" бейнесі қаншалықты анықталатыны белгісіз. Дегенмен жарты жылда аймақтағы үш бірдей елде басып-жанышталған наразылықтар назардан тыс қалмасы анық.
ПІКІРЛЕР