Accessibility links

Билік пен халықтың қақтығысынан кейін Тәжікстанда не өзгерді?


Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы нарызылық акциясы күшпен басылды
Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы нарызылық акциясы күшпен басылды

Бір айдан астам уақыт бұрын Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысында жүздеген адам наразылық акциясына шығып, билікке талап қойды. Тәжік билігі "террормен күрес операциясын" жариялап, ондаған бейбіт адам оққа ұшты. Хорог қаласындағы қазіргі жағдай қандай?

"МӘЙІТТЕРДІ ТАНУ МҮМКІН ЕМЕС"

Акбаршо Муборакшоев көзіне жас алып, ағасының суретін құрылысы бітпеген үйдің қабырғасына іліп жатты.

"Ресейден төрт ай бұрын келіп, менің үйімнің жанынан үй сала бастаған еді. Үш баласы Ресейде жұмыс істейді. Ақша жіберіп тұратын" деді Муборакшоев Азаттықтың Тәжік редакциясына.

Оның сөзінше, 57 жастағы ағасы 18 мамырда қызы жіберген ақшаны алу үшін Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы Дерушон ауылындағы банкке кеткен. "Бізге табытпен жетті. Мәйітті тану мүмкін емес. Денесінің бәрі күйген. Хайуанды да бұлай қорламас" деді ол.

Неккадам – 18 мамырда наразылық кезінде тәжік қауіпсіздік қызметі қолынан қаза тапқан ондаған адамның бірі. Сол күні наразылар Хорог қаласына баратын жолды жапқан.

16 мамырда билік Хорог қаласындағы наразыларды басып-жаншып, қосымша күш жіберген. Ертеңінде Рушан ауданының тұрғындары Таулы Бадахшан автономиялы облысы мен ел астанасы - Душанбені жалғайтын жалғыз жолды жапқан.

Рушан ауданының тұрғындары осылайша Хорогтағы қантөгісті тоқтатқысы келгенін айтады. Бірақ ертеңінде билік аудандағы "қарулы қылмыстық топ" полиция қызметкерін өлтіріп, тағы 13 адамды жаралағанын, сондықтан "террормен күрес операциясын" өткізетінін мәлімдеді.

Таулы Бадахшан автономиялы облысының қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп жөніндегі ведомствоаралық басқарма дерегінше, Хорог қаласы мен Рушан ауданындағы операция кезінде 16 адам қаза тауып, екі жүзден астам адам ұсталған.

Ал тәуелсіз дереккөздер отыздан астам адам өліп, үш жүзден астамы ұсталғанын, оларды кейбірі қатты азапталғанын айтады. "Операция" кезінде елуден астам адам қаза тауып, бес жүзден астам адам ұсталды дейтін де ақпараттар бар.

Тәжікстанның Рушан ауданына кіре беріс қақпа
Тәжікстанның Рушан ауданына кіре беріс қақпа

Қаза тапқандардың туыстары оларды кінәсіз деп санайды. Биліктің "құқық қорғаушылар тек қолында қаруы бар, әскерге оқ атқан адамдарды өлтірді" дегеніне сенбейді.

Акбаршо Муборакшоев ағасында қару болмағанын, тіпті пышақ та алып жүрмегенін айтады. Ол ағасының үйіне барған сайын көз жасын тыя алмайды.

Қаза тапқандардың туыстары әлі өзіне келе алмай отыр. Олар журналистерге мамырдағы оқиғалар жайлы айтқысы келмейді, ресми шағым түсірудің де, бас прокуратураға жүгінудің де пайдасы жоқ дейді.

Бірнеше адам Азаттық радиосына мұндай қадам әділ сотқа жеткізбейтінін, проблеманы ушықтырып жіберетінін айтты.

18 мамырда Дерушон тұрғыны 22 жастағы Тоджиддин Хусайниев те қаза тапқан. Оның әкесі Шоди Зеваршоев ұлының қалай қаза тапқанын білмейді.

"Не үшін шағымданамын? Нені дәлелдеймін? Не болғанын да білмеймін. Ұлымның тағдыры осылай шығар" деді ол.

"БАСҚА АМАЛ БОЛМАДЫ"

Вамар ауылының 45 жастағы тұрғыны "бұл оқиға биліктің халықпен келіссөз жүргізе алмайтынын дәлелдеді" дейді. Ол аты-жөнін атамауды сұрады.

"Адамдардың еңсесі түсіп қалды" дейді ол. "Олар әскердің Хорогқа баруына бейбіт акциямен бөгет жасамақ болды, қантөгіске жол бергісі келмеді. Бәрінің биліктен көңілі қалды".

Бір ай бұрын болған оқиғаға байланысты Рушан ауданы халқының билікке ашуы тарқамаған. Бірақ олардың арасында басқа пікірдегі адамдар да бар.

Рушан ауданы Пастхуф ауылында мұғалім болып жұмыс істейтін Ескендір Айдаров шенеуніктер мен жолды бөгеген адамдар арасындағы келіссөзді көргенін айтады.

"Олар халықаралық маңызы бар жолды жапты, ешкімді тыңдамады. Жолды жаппаса, ештеңе болмайтын еді" деді ол.

"17 МАМЫРДА НЕ БОЛЫП ЕДІ?"

17 мамырда жолды жабуға қатысқан адамдардың бірі "тұрғындар бір күн бұрын Хорог қаласына қосымша әскердің аттанғанын естіді" дейді. Ол аты-жөнін атамауды сұрады. Хорогта наразылық қантөгіспен аяқталып, полицейлер Замир Назришоев деген адамды өлтірген еді. Билік оның полицияға граната лақтырып, үш адамды жаралағанын, оның полицияның қарсы шабуылынан қаза тапқанын мәлімдеген.

Бұл наразылықтар 14 мамырда басталған. Хорог халқы аймақ басшыларын қызметтен алуды, Бадахшан тұрғындарын қудалауды доғаруды, қараша оқиғасын әділ тергеуді, қамаудағы саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қарсылық акциясы
Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қарсылық акциясы

Билік талаптарын орындаудан бас тартқан соң, дүйсенбі күні жергілікті жастардың үлкен тобы облыс әкімдігіне қарай беттеді. Чинак ауылында оларды Тәжікстан құқық қорғау органдарының қызметкерлері күтіп алып, наразы топқа қарсы резіңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданды.

"Түнде таныстарымыздың бәріне хабарластық. Адамдарды Вамар көпіріне жинап, әскери техниканың жолын бөгеп, Хорогтағы қантөгісті тоқтатқымыз келді" деді аты-жөнін атамауды сұраған Вамар тұрғыны. "Таңғы жетіде келдік, аудан комитетінің басшысы мен [соғыс] ардагерлері келіп, сөйлесті. Хорогта әскери операция жасамаса кетеміз дедік. Бірақ ешкім кепілдік бермеді".

Ол 17 мамыр түске дейін наразылармен бірге болғанын және таяқ ұстаған екі-үш адамнан өзге ешкімде қару болмағанын айтады.

17 мамырда билік қарулы топ әскерге шабуыл жасады деп мәлімдеген болатын.

НАРАЗЫЛАРДА ҚАРУ БОЛДЫ МА?

Вамар қаласының тұрғыны Азаттық радиосына наразылардың жиналып жатқанын көргенін, екі жас адамда аңшылық қару болғанын және оны дүкенде тастап кетуді сұрағанын айтады.

"Қарудың оқталған-оқталмағанын білмеймін, бірақ басқа қару көрмедім" дейді ол.

Ол мемлекеттік телеарна наразылардың "қару-жарағы мен оқ-дәрілерін" көрсеткенде жұрттың таң қалғанын айтады. "Оның бәрін қайдан алды?" дейді ол.

Өткен айда ауданда болған оқиға көбін есеңгіреткенімен, бәрі қайта қалпына келіп жатқанға ұқсайды. Адамдарда әлі де үрей бар.

Ресейден Вамар орталығына қанды оқиғадан екі күн бұрын оралған жас жігіт ондағы тәжік мигранттар Рушан ауданындағы ондаған мүгедек балаға арнап ақша жинағанын айтады.

"Қазір ақша таратуға қорқамын" дейді ол. "Шетелден ақша әкелгенім үшін қамауға ала ма деп қорқамын. Келіп, үйімізді тінтіді. Қайдан келгенімді сұрады".

Ол "жиырмаға жуық адамның қамауға алынғанын, бес адамның қаза тапқанын білемін" дейді.

"ҚАЛАДА АДАМ ҚАЛМАДЫ"

Рушандағы қанды оқиғалардан соң әскер Хорог қаласына аттанған. Тұрғындар сол күндері қалада әскердің көп болғанын айтады.

22 мамырда Хорогтың бейресми көшбасшылардың бірі Махмадбокир Махмадбокиров белгісіз жағдайда қаза тапты. Оның өлімінен соң "Комиссия 44" тобының бірнеше мүшесі ұсталды. Бұл қоғамдық топ қараша оқиғасын тергеу үшін құрылған еді.

Сонымен қатар отставкадағы әскери полковник Тобил Аембеков, Ниёзшо Гулобов пен Мунауяр Шанбиева қамауға алынып, Зоир Раджабов пен Хурсанд Мазоров деген лидерлері қаза тапқан. Яғни, ауданда он екіге жуық лидер қамауға алынған немесе өлтірілген.

Рошткала ауданының тұрғыны Гуланов Азаттық радиосына "қаламызда адам қалмады" деді. 16 маусымға қарай әскер Таулы Бадахшан автономиялы ауданынан кетті. Көшеде ғана емес, басқа жерлерде де әскерилер болған жоқ.

Бірақ кей тұрғындар Азаттыққа қауіпсіздік күштері азайғанымен, полиция адамдарды әлі де жауап алуға шақырып жатқанын айтады.

Аудандағы кей мәселелер қалпына келіп жатқанымен, шиеленіс әлі де ушығып тұр. Туған-туысы қаза тапқан адамдардың жан жарасы да жазылған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG