Accessibility links

"Ресей мен Батыс ортасында қалған" Нұр-Сұлтан және Вашингтонның Қазақстанға ескертуі


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербургтегі экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербургтегі экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресей мен Батыстың арасында баланс ұстағысы келген Қазақстан «тұзаққа түсіп қалғанын» жазды. Сонымен қатар қанды Қаңтар, Таулы Бадахшандағы қантөгіс пен Қарақалпақстандағы оқиғалардың қандай ортақ тұстары бар екенін талдады. Одан бөлек Вашингтон Ресей санкцияларына байланысты Орталық Азия елдеріне қандай ескерту жасағанына тоқталды.

"РЕСЕЙ МЕН БАТЫС ОРТАСЫНДА ҚАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН"

Қазақстан өзін оқшауда қалған Ресей президенті Путин үшін жақсы көрші әрі тиімді серіктес әрі өзге әлемге де ашық ел ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ Мәскеу мен Батыс арасында геосаяси шиеленіс күшейіп жатқандықтан, елге екі тарапты тең ұстау қиын болмақ. Politico басылымындағы талдауда Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Наргиз Касенова осындай пікір білдіреді.

Сарапшы Батыс пен Ресейдің арасында баланс ұстау қиын екені жақында президент Тоқаев Еуроодақ басшыларына энергетикалық дағдарысты еңсеруге Қазақстан көмектеседі деп мәлімдеген соң әйгіленді дейді. Мәлімдеменің ертесінде Ресейдегі Новороссийск соты Қазақстан мұнайын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысын бір айға тоқтата тұру туралы шешім шығарды. Бұған «консорциумның апат кезінде төгілетін мұнайды жою жоспары жөніндегі құжаттарының дұрыс еместігі» себеп болған. Осы оқиғадан кейін Тоқаев үкіметтің шұғыл отырысында Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізін дамытуға басымдық беруді тапсырған соң, Ресей соты құбыр жұмысын тоқтату туралы шешімін айыппұлға ауыстырды. Мақала авторы сот шешімін бұлай өзгерту және бұған дейін құбыр жұмысын наурыз және маусым айларында тоқтатудың саяси астары болуы мүмкін, бұған Батыс пен Ресейдің Украинадағы соғысқа байланысты санкция текетіресі себеп болуы ықтимал деп жазады.

Касенованың пікірінше, Тоқаевтың Санкт-Петербург экономикалық форумына баруы Путинмен ынтымақтастығын көрсетсе де, жиын кезінде екеуінің келіспейтін тұстары бар екені көзге түсті.

«Путиннің Ресейі өз саясаты мен экономикасын оқшаулап жатқанда, жас Қазақстан елі ашық болуға бел байлады, сондықтан бұл шиеленіс алдағы апталар мен айларда да жалғаса бермек», − дейді мақала авторы.

Зерттеушінің пайымдауынша, Қазақстанның алдағы уақытта Ресейге қарсы санкцияларды сақтап, Батыспен қарым-қатынасын күшейтуге тырысуы Мәскеудің ашуын тудыруы мүмкін. Дегенмен Қазақстан Ресей мүддесін ескеруге тырысса, ел екінші реттегі санкцияларға ілінуі ықтимал.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербург экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербург экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.

Геосаяси тұзаққа түсіп, қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан, кедейшілікке ұрынған Ресей бүкіл аймаққа теріс әсерін тигізеді. «Қазір Қазақстан сыртқы саясатты қайта кесіп-пішу арқылы теріс әсерді шектеуге тырысып жатыр. Сонымен қатар ел жаңа мүмкіндіктерді зерттеп жатыр».

Бұл ретте зерттеуші Тоқаевтың Санкт-Петербургте «Еуразия экономика одағы Таяу Шығыс және Азия нарығына қатысты барынша белсенді сауда саясатын жүргізуі керек, Қазақстан мұндай жағдайда дәнекер нарық бола алады» деген мәлімдемесін келтіреді. Сондай-ақ Тоқаев Еуразия экономика одағы мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арасында байланысты күшейткісі келеді.

Мақала авторы Қазақстан сауда дәліздерін қайта бағдарлау арқылы пайда табуды көздейді, бірақ Ресей де одан пайда көреді дейді. Қазақстан өзін осылайша саудаға ашық ел, жақсы көрші және тиімді серіктес ретінде көрсеткісі келеді.

«Қазақстан баланс ұстай алуы үшін барлық негізгі ойыншылардың қолдауы керек, ал бұл оңай дүние емес, дегенмен игі ниет болған жағдайда мүмкін нәрсе».

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ҚАНТӨГІСКЕ ҰЛАСҚАН ОҚИҒАЛАРДЫҢ ОРТАҚ ТҰСТАРЫ

Орталық Азияны зерттеуші, белгілі журналист Брюс Панниер Eurasianet басылымындағы мақалада биыл Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда қантөгіске ұласқан наразылықтардың ортақ тұстарын талдайды.

Қазақстанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газ бағасының өсуіне қарсы басталған наразылық елдің басқа өңірлеріне жайылды. «Ресми дерек бойынша, Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, мыңдаған адам ұсталды, көптеген адам әлі де қамауда, кейбір адамдар азапталды».

Видео: Қаңтар оқиғасына жарты жыл: Тергеу неге баяу? (5 шілде 2022 жыл).

Қаңтар оқиғасына жарты жыл: Тергеу неге баяу?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:01 0:00

Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қақтығыс бастауын 2021 жылдың қарашасынан алады. Ол тұста тәжік күш құрылымдары жергілікті тұрғынды атып өлтірген. Мамыр айында Хорог қаласының жүздеген тұрғыны наразылық акциясын өткізіп, аймақ басшыларын қызметтен алуды, Бадахшан тұрғындарын қудалауды доғаруды, қараша оқиғасын әділ тергеуді талап еткен. Талаптары орындалмаған халық Рушанда Душанбені Таулы Бадахшанмен жалғайтын жолды жауып тастады. Үкімет «сыртқы күштерді» айыптап, «антитеррористік операция» жүргізді. Ондаған жергілікті тұрғын қаза тапты.

Панниер Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан «егемен» республикасы 25 жыл бойы билік назарынан тыс қалып, Арал теңізі тартылуына байланысты көптеген проблемамен бетпе-бет келсе де, үн шығармағанын жазады. Бірақ аймақты егемен мәртебесінен айыратын жаңа конституция бұл үнсіздікті үзді. Мыңдаған адам наразылыққа шықты. Нөкіс қаласындағы әкімшілік ғимаратының алдына жиналған жұртты тарату үшін қауіпсіздік күштері тартылып, зорлық-зомбылық басталды. «Өзбекстан билігі 18 адам қаза тапты, 243 адам жараланды, 500-ден астам адам ұсталды деп мәлімдегенімен, қазірдің өзінде бұл сандарға күмән бар».

Журналистің жазуынша, Қазақстандағы қанды Қаңтар, Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қақтығыс пен Қарақалпақстандағы оқиғаның ұқсастықтары бар. Үш оқиға кезінде де билік интернетті өшіріп, шамадан тыс күш қолданып, сыртқы күштерді айыптады.

«Кедейшілік те белгілі бір дәрежеде әсер етті. Үш қантөгіс те орталық биліктен шалғайда жатқан кедей аймақтарда басталды. Осы үш аймақта да үкімет жергілікті наразылыққа мән бермеді, мәселе шешімін табу үшін маңызды шараларды қолға алмады».

Панниер үш оқиға кезінде де билік сыртқы күштерді айыптағанына назар аударады. «Бұл халықтың көңілі тоқ, айлакер шетелдік немесе сыртқы күштер халықты мәжбүрлемесе, олар наразылыққа шықпас та еді дегенді білдіреді», − дейді ол.

Журналистің ойынша, айналып келгенде үш елдегі зорлық-зомбылыққа ұласқан наразылықтың түпкі себебі бір. Ол – сол елдердің үкіметтерінің халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шеше алмауы.

«Бұл қайғылы оқиғалар небәрі алты айдың ішінде ғана болды, оны былай қойғанда бұл билік пен халық арасында жаңа қайшылықтар тудырды».

ВАШИНГТОННЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ЕСКЕРТУІ

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы АҚШ үкіметі Орталық Азиядағы төрт ел – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанды Ресей мен Беларусь санкцияларды айналып өту үшін пайдалануы мүмкін «жүкті қайта тиейтін орындардың» тізіміне қосқанына назар аударады. Басылымның жазуынша, Ресей бастаған соғыс Орталық Азияны қиын жағдайға қалдырды.

Жақында АҚШ қаржы министрлігі жанындағы қаржы қылмысымен күрес жүйесі (FinCEN) мен АҚШ сауда министрлігінің өнеркәсіп пен қауіпсіздік бюросы (BIS) Орталық Азиядағы төрт елді «бақыланатын немесе шектелген экспорт Ресей немесе Беларусь елдеріне жеткенге дейін өтетін қайта тиеу пункттері» тізіміне қосты. АҚШ өз ескертуінде Ресей мен Беларусьтің экспорттық бақылаудан жалтару әрекеттерін болдырмауға, ондай әрекеттерге сақтықпен қарауға шақырды.

Ескертуде қандай тауарларға шектеу қойылғаны, «экспорттық бақылауды айналып өту қаупі бар тауарлар» тізімі мен жүкті Ресей мен Беларуське экспорттау үшін қайта тиейтін пунктер ретінде пайдалануы мүмкін сауда дәліздері көрсетілген.

Жүкті ауыстырып қайта тиейтін орындар ретінде Орталық Азиядағы төрт елден бөлек Армения, Бразилия, Қытай, Грузия, Үндістан, Израиль, Мексика, Никарагуа, Сербия, Сингапур, Оңтүстік Африка, Тайвань, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері көрсетілген.

АҚШ өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы Ресей мен Беларусьтің қорғаныс әлеуетін күшейту үшін сол елдерге тасымалдануы мүмкін тауарлар тізіміне ұшақтардың бөлшектері, антенналар, камералар, GPS жүйелері, мұнай өндірісінің жабдықтары кірген.

Ескертуде кей жағдайда АҚШ бақылайтын тауарлар тізімдегі және өзге елдерге дайын өнім шығару үшін шикізат түрінде экспортталуы мүмкін, бірақ дайын өнімді Ресей мен Беларуське экспорттауға тыйым салынуы ықтимал екені айтылған.

Жақында АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстанның ресми өкілдерімен кездесті. Барлық кездесуде санкциялардың теріс әсерін азайту мәселесі сөз болды. Мақала авторы Кэтрин Путц Вашингтон Орталық Азия елдеріне Ресейге қарсы санкциялардың әсерін барынша азайту жайлы уәде бергенімен, мұны қалай іске асыратыны белгісіз екеніне назар аударады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG