Accessibility links

Қантөгіс, хаос, дағдарыс. Ресейдің Украинаға басқыншылығының зардабы


Ресей күштерінің зымыран шабуылы салдарынан қаза тапқан адамды көтеріп бара жатқан құтқарушылар. Чугуев, Харьков облысы, Украина, 26 шілде 2022 жыл.
Ресей күштерінің зымыран шабуылы салдарынан қаза тапқан адамды көтеріп бара жатқан құтқарушылар. Чугуев, Харьков облысы, Украина, 26 шілде 2022 жыл.

Ресей күштері Украинаға басып кірген 24 ақпаннан бері ондаған мың адам қаза тауып, миллиондаған адам үйінен босып кетуге мәжбүр болды. Ресей басқыншылығы әлем экономикасына да кері әсер етті. Бұл соғыстың қазіргіге дейінгі салдары қандай?

АДАМ ӨЛІМІ

24 ақпаннан бері 5237 бейбіт тұрғын қаза тауып, 7035 адамның жараланғаны тіркелген, бірақ шын мәнінде көрсеткіш бұдан да көп. Бұл туралы 25 шілдеде БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары мәлімдеді.

Оның сөзінше, қаза тапқандар мен жараланғандардың көбі артиллерияның, зымыран мен әуе шабуылына ұшыраған.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Салтовка қаласына жасалған әуе шабуылы салдарынан қаза тапқан 13 жасар ұлының жанында отырған адам. Харьков облысы, Украина, 20 шілде 2022 жыл.
Салтовка қаласына жасалған әуе шабуылы салдарынан қаза тапқан 13 жасар ұлының жанында отырған адам. Харьков облысы, Украина, 20 шілде 2022 жыл.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Салтовка қаласына жасалған әуе шабуылы салдарынан қаза тапқан 13 жасар ұлының жанында отырған адам. Харьков облысы, Украина, 20 шілде 2022 жыл.

Ресей де, Украина да соғыста қаза тапқан жауынгерлерінің нақты санын айтқан жоқ.

АҚШ барлау қызметі Украинада Ресейдің 15 мыңнан астам әскери қызметкері қаза тауып, одан үш есе көп адам жараланғанын айтады. Мәскеу Ауғанстанды оккупациялаған 1979-1989 жылдары Совет одағы да осынша адамынан айырылған.

Қазіргі соғыста Украина да біршама жауынгерінен айырылды, бірақ олардың шығыны Ресейге қарағанда аз деді шілдеде АҚШ орталық барлау агенттігі (ЦРУ) директоры Уильям Бернс.

2014 жылы Майдан революциясынан кейін ресейшіл президент биліктен кеткен соң Украинаның шығысында шиеленіс басталған еді. Сол кезде Ресей Қырымды аннексиялап алды, содан бері Мәскеудің қолдауына сүйенген сепаратистер Украина қарулы күштерімен шайқасып келді.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комиссары 2014-2022 жылдары онда 14 мыңнан астам адам қаза тапты дейді. Оның 3106-сы – бейбіт тұрғын.

БОСҚЫНДАР

Украинада 41 миллионнан астам адам тұрады. БҰҰ RefugAe агенттігі 24 ақпаннан бері олардың үштен бірі мекен-жайын тастап, босып кетуге мәжбүр болды дейді. Бұл көші-қондағы ең үлкен дағдарыс болып отыр.

Қазір Еуропада Украинадан барған 6,16 миллион босқын тіркелген. Олардың көбі Польша, Ресей мен Германияда дейді агенттік.

Ресей басқыншылық жасаған Отанынан кетуге мәжбүр болған украин босқын әйел Румыниямен шекарадағы Сирет бекетінен баласын көтеріп, жылап өтіп барады. 18 сәуір 2022 жыл.
Ресей басқыншылық жасаған Отанынан кетуге мәжбүр болған украин босқын әйел Румыниямен шекарадағы Сирет бекетінен баласын көтеріп, жылап өтіп барады. 18 сәуір 2022 жыл.

УКРАИНА

Адам өлімінен бөлек, Ресей 2014 жылдан бері Украина жерінің 22 пайызын бақылауға алған деп хабарлайды Reuters.

Мемлекеттің экономикасы ойсырады, Ресей атқылаған кей қалалар бүлініп, қаңырап қалды. Дүниежүзілік банк пен халықаралық валюта қоры 2022 жылы Украина экономикасы 45 пайыз құлдырайды деген болжам айтады.

Украинада доллардың нақты бағамы анық емес. Осы айда премьер-министр Денис Шмыгаль соғыстан кейін мемлекетті толық қалпына келтіруге 750 млн доллар қажет болады деп мәлімдеді. Іс жүзінде бұдан да көп қаражат қажет болуы мүмкін.

Украинаның әскери іс-қимылдарға нақты қанша қаржы жұмсағаны белгісіз.

РЕСЕЙ

Бұл соғыс Ресейге де қымбатқа түсті. Ресей мемлекеттік құпия деп, шығын көлемін жарияламай отыр.

Әскери шығыннан бөлек, Ресей Батыс санкцияларына ұшырады. Бұл 1991 жылы Совет одағы құлағаннан бері экономика үшін ең үлкен соққы болды.

Ресей орталық банкі 2022 жылы 1,8 триллион доллар болатын экономикасының көлемі 4-6 пайыз қысқарады деп болжап отыр. Сәуірде бұл көрсеткіш 8-10 пайыз болады деген болжам айтылған.

Соған қарамастан, Ресей экономикасы біршама зардап шекті. Батыс Ресейді қаржы нарығынан ысырып тастады, олигархтардың көбіне санкция салды. Мәскеу микрочип секілді кейбір маңызды тауарларға қол жеткізе алмай қалды.

Өткен айда Ресей 1917 жылғы большевиктер революциясынан бері алғаш рет шетел облигациялары бойынша дефолт жариялады.

БАҒА ӨСІМІ

Басқыншылық пен Батыстың Ресейге салған санкциялары тыңайтқыш, бидай, металдар мен энергия тасымалдағыштар бағасының күрт өсуіне әкелді. Бұл азық-түлік дағдарысын ушықтырып, әлем экономикасындағы инфляцияға да әсер етті.

Ресей әлемде мұнай экспорты бойынша Сауд Арабиясынан кейін екінші орында, ал табиғи газ, бидай, азот тыңайтқышы экспортынан көш бастап тұрған еді. Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін мұнай бағасы 2008 жылдан бергі ең үлкен көрсеткішке жетті.

Ресей мұнайына, газы мен мұнай өнімдеріне тәуелді болмау немесе олардың бағасын шектеу шаралары энергетикалық дағдарысқа әкелді. Бұл 1970 жылдардағы араб мұнай эмбаргосынан бергі ең ірі дағдарысқа айналды.

"Солтүстік ағын" құбыр желісі арқылы газ айдайтын "Портовая" компрессор станциясы. Ленинград облысы, Ресей.
"Солтүстік ағын" құбыр желісі арқылы газ айдайтын "Портовая" компрессор станциясы. Ленинград облысы, Ресей.

Ресей "Солтүстік ағын-1" газ құбыры арқылы Германияға газ беруді азайтқан соң Еуропада газдың көтерме бағасы шарықтап кетті.

Goldman Sachs газ тасымалы толықтай тоқтайтын болса Германия мен Италияда ғана емес, тұтас Еуропада рецессия болады дейді.

ЭКОНОМИКАҒА ӘСЕРІ

Былтыр әлем экономикасы 6,1 пайыз төмендеген. Халықаралық валюта қоры биыл өсім 3,2 пайыз болады деп болжап отыр. Сәуірде өсім 3,6 пайыз, қаңтарда 4,4 пайыз, қазанда 4,9 пайыз болады деп болжанған еді.

Биыл жыл аяғына қарай Ресей газын Еуропаға жөнелту толық тоқтатылып, Ресей мұнайының экспорты отыз пайыз азаятынын ескерсек, Халықаралық валюта қоры 2022 жылы 2,6 пайыз, 2023 жылы 2 пайыз болады, ал келер жылы Еуропа мен АҚШ экономикасында өзгеріс болмайды дейді.

1970 жылдан бері жаһандық өсім бес рет 2 пайыздан төмен болған дейді Халықаралық валюта қорының бас экономисі Пьер-Оливье Гуринша. Мұндай рецессиялар 1973, 1981, 1982, 2009 және 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде болған.

2022 жылы АҚШ-та өсім 2,3 пайыз, 2023 жылы 1,0 пайыз болады деп болжанып отыр. Сәуірде Қытай экономикасы 4,4 пайыз өседі деп болжаған қор бұл көрсеткішті 3,3 пайызға дейін төмендетті.

Соғыс басталғалы Еурокомиссия 27 елдегі ЖІӨ өсімінің болжамын өзгертіп, биылғы экономика өсімін Ресей басқыншылығына дейін болжанған 2,7 пайыздан 1,5 пайызға, 2023 жылы 4,0 пайыздан 2,8 пайызға өзгертті.

БАТЫС КӨМЕГІ

Соғыс басталғалы АҚШ Украинаны қолдауға 7,6 млрд доллар жұмсады. Оның ішінде әуе шабуылына қарсы жүйелер, танкіге қарсы Javelin қаруы, гаубица, химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қорғаныс құралдары бар.

Украинаның тағы бірі ірі доноры болған Ұлыбритания әскери көмекке 2,3 миллиард фунт стерлинг (2,8 миллиард доллар) жұмсады. Еуроодақ Укриананың қауіпсіздік саласына жәрдемге 2,5 млрд еуро жұмсауға келісті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG