Ресей соғыс бастағаннан кейін Қара теңіз жағалауындағы Украинаның бірқатар портты қаласын басып алып, онысымен қоймай украин астығы саудасына бөгет қойды.
"Орыс кемелері Қара теңізде тұр. Олар Украина аумағына соғыс басталғанға дейін келген халықаралық кемелердің жолын кесіп тастады, ол кемелер [теңізге] шыға алмай қалды. Сол сияқты, әдетте [Украинадан] астық тиеп, оны шартарапқа таситын кемелер сырт жақтан кіре алмай отыр" дейді Бүкілукраиндық аграрлық кеңес төрағасының орынбасары Денис Марчук.
Қазір Еврокомиссия Украинадан сыртқа астықты қалай тасымалдауға болатынын ойластырып жатыр. Мысалы, Ресей әскери флоты бөгеп тастаған Украина порттары мен элеваторларында жиналып қалған миллиондаған тонна астықты теміржол және көліктің басқа да түрлерімен тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бірақ бұл аса зор күш-жігер мен мүлде тың логистиканы қажет етеді.
Өйткені бір балкерге орташа есеппен 60 мың тоннаға жуық астық артуға болады. Ал жүк автокөлігі болса ондаған тонна ғана астық таси алады. Тіпті Украинадағы экспортқа шығарылатын бүкіл астықты Еуропаның Жерорта теңізіндегі порттарына жеткізген күннің өзінде мұнша көлемдегі астықты сауда кемелеріне лезде тиеу мүмкін емес.
"Еуропа порттарында барлық жұмыс алдын ала жоспарланып, кестеге сай атқарылатынын да ұмытпайық. Олар жұмыс жоспарын құрған кезде Украинадан астық келіп қалады, оны тиеп, тасу қажет болады деп ойлаған да жоқ қой" дейді саясаттанушы Алексей Якубин.
Ресей президенті Владимир Путин биылғы егін түсімі ел тарихында бұрын-соңды болмаған "рекордты көрсеткішке" жетеді деген болжам жасады. "130 миллион тонна, соның ішінде 87 миллион бидай түседі" деді ол. Және Ресейдің жаңа нарыққа шығатынын айтты.
Америкалық CNN телеарнасы дерегінше, Ресей өз астығымен қоса Украинада өзі басып алған жерлерден әкелген астықты да сата бастаған. Журналистер спутниктен түсірілген суреттерге қарап, Ресей өзіне қосып алған Қырым түбегінен Сирияға астық жеткізген кемені анықтаған. Соның алдында ғана жүк көліктері Украинадағы элеваторлардан Қырымға астық тасыған.
"Біз Украинаның [Ресей] оккупациялаған жерлерінде: Херсон, Запорожье облысының бір бөлігінде, Донецк, Луганск өңірлерінде қалыптасқан ахуал жайлы айтып отырмыз. Іс жүзінде 500 мың тоннаға жуық астық қазір Украина аумағынан апарылып жатыр" дейді Денис Марчук.
Оның есебі бойынша, осы 500 мың тонна астықтың құны 150 миллион доллардан асады: Украина бюджеті айтарлықтай зиян шегіп отыр.
Бұған қоса, дейді Марчук, Украинаның көп жылдан бері сауда-саттық жасап келе жатқан серіктестері дәнді дақылдарсыз қалып отырғанын ескеру керек. Ал олардың қатарында Батыстың дамыған мемлекеттері ғана емес, сонымен бірге Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы дамушы елдер де бар. Бұл аймақтарда астық тапшылығы аштық пен жаппай наразылық туғызуы мүмкін.
"2011 жылғы "араб көктемін" еске түсірейікші. Барлығы іс жүзінде жұртта ақша болмай, астық пен ұн бағасы қатты шарықтап кеткен соң басталды, – дейді Марчук. – Ал соның салдарынан Еуропаға өте көп босқын ағылды. Қазір де дәл сондай мәселе туып отыр".
Бұл пікірмен Украинаның аграрлық саясат министрінің бірінші орынбасары Тарас Высоцкий де келіседі.
"Бұл соғыс сайып келгенде ғаламдық азық-түлік дағдарысының басталуына түрткі болды. Бұған қоса, қазір тамақ өнімдері жетіспей, бағаның өсуінен халықтың ауқымды бөлігінің экономикалық жағдайы нашарлап, көп нәрсені сатып алуға шамасы жетпейтін болады. Егер болашақта, орта мерзімді кезеңде баға өсімін тоқтатпаса, оның әсері ұзаққа созылып, кейін қайта қалпына келтіруге көп жыл қажет болады" дейді Высоцкий.
"Өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерінің барлығы тұтынылып келген. Сондықтан егер қандай да бір ондаған миллион тонна азық-түлік ешқайда жіберілмесе, оны тек тұтынуды азайтып қана алмастыруға болады, – деп түсіндіреді Высоцкий. – Немесе ол азық-түлікті басқа елдерден алуға болады, оларға тиісінше тұтынуды азайтуға тура келеді. Қалай болғанда да тапшылық орнайды. Ал егер аса бай емес бұл елдерде барлық зат қатты қымбаттап, ақша жетпей, осы азық-түлікті сатып алу мүмкін болмаса, онда тұтынуды да азайту керек болады. Бұның салдары халыққа қатты батады, аштан өлмесе де, тамақтан тарығады".
Украинада енді бірнеше айдан кейін егін орағы басталады. Бірақ ол кезге дейін дамушы елдердің көбінде астық қоры таусылуы мүмкін, ал оны тез арада толтыру, Қара теңіздегі кеме жолын Ресей әскері бөгеп тұрған кезде мүмкін емес дейді сарапшылар.
ПІКІРЛЕР