Accessibility links

Украина сабақтары: Қазақстан Ресейден алшақтап, қорғанысты күшейтіп жатыр ма?


Дайындықтан өтіп жатқан әскери қызметкерлер. 2022 жыл. Қорғаныс министрлігінің Телеграм парақшасынан алынды.
Дайындықтан өтіп жатқан әскери қызметкерлер. 2022 жыл. Қорғаныс министрлігінің Телеграм парақшасынан алынды.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасын қайта сүзгіден өткізіп, басқа сыртқы ойыншылармен қарым-қатынасын күшейте бастағанын жазды. Бұдан бөлек Мәскеуден алшақтаған Нұр-Сұлтанның Украинадағы соғыстан сабақ алып, қорғанысты күшейтіп жатқанын талдады. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің интеграциясына не кедергі деген сұраққа жауап іздеді.

"ҚАЗАҚСТАН ҚОРҒАНЫС БЮДЖЕТІН АРТТЫРЫП, ӘСКЕРДІ РЕФОРМАЛАМАҚ"

АҚШ-та шығатын Wall Street Journal басылымы Ресей Украинаға басып кірген соң, Қазақстан мен Орталық Азиядағы өзге елдер Мәскеумен қарым-қатынасты қайта сүзгіден өткізіп, Вашингтонға бет бұра бастағанын жазды.

Совет Одағы ыдыраған соң Мәскеу Орталық Азиядағы республикалармен экономикалық және әскери одақтар құру арқылы аймақта ықпалын сақтап қалуға тырысты. Бұл республикалардың арасындағы ең маңызды ел − аумағы Батыс Еуропадан асып түсетін, мұнайға бай Қазақстан екені сөзсіз. Ресей Украинаға басып кірген соң екі елдің қарым-қатынасы өзгеріп жатыр. «Бұрынғы және қазіргі шенеуніктер, депутаттар мен сарапшылардың сұхбатына қарағанда, сыртқы саясатта Ресейге басымдық беріп келген Қазақстан мұны қайта қарастырып, АҚШ, Түркия мен Қытай тәрізді ойыншылармен байланысты күшейте бастады».

Мақала авторы Эван Гершковичтің жазуынша, Орталық Азия елдерінің Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдамай бейтарап ұстанымда қалуы, Мәскеуден біртіндеп алшақтауы АҚШ-қа соңғы жылдары аймақта әлсіреген ықпалын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Сәуір айынан бері АҚШ-тың лауазымды тұлғалары Орталық Азияға бірнеше рет келді. Мысалы, сәуірде мемлекеттік хатшының адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея келсе, мамыр айының аяғында мемлекеттік хатшының көмекшесі Дональд Лу Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанға сапарлады. Ал маусым айында бұл елдерге АҚШ Орталық қолбасшылығының жаңа басшысы, армия генералы Майкл Эрик Курилла келген.

Батыс Ресейге қарсы санкция енгізген соң, Қазақстанды Ресей арқылы Еуропамен жалғайтын сауда жолы тоқтап қалуға жақын қалды. Сол себепті қазақстандық шенеуніктер сауда жолдарын әртараптандыыруды қарастыра бастады. Соғыс басталған соң бірнеше аптадан кейін қазақстандық шенеуніктер Түркиямен шекаралас Грузия мен Әзірбайжанға сапарлап, Қытай, Орталық Азия, Кавказ аймағы мен Түркия арқылы өтетін Орталық дәліз сауда жолын жандандыруды талқылады.

Түркия сыртқы істер министрінің бұрынғы кеңесшісі, Түркияның Азия-Тынық мұхиты елдерін зерттеу орталығының директоры Селчук Чолакоглу Орталық Азия, Қытай мен Түркия бұған дейін Ресейді ашуландырғысы келмегендіктен, бұл сауда жолын зерттемеді дейді. Оның айтуынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі аймақ елдерін батыл ете түсті, Қытай мен Түркияны Ресейдің үстемдігіне қарсы тұруға жігерлендірді.

Басылымның жазуынша, көп жыл бойы Мәскеу мен Пекин арасында міндеттердің айқын бөлінісі болған: Ресей аймақтағы қауіпсіздікке жауапты болса, Қытай экономиканы дамытқан. Дегенмен қазір бұл бөлініс өзгеріп жатыр.

Сәуір аяғында Қытайдың ұлттық қорғаныс министрі Вэй Фэнхэ Қазақстанға сапармен келіп, Тоқаевпен кездесті. Қытай тарапының хабарлауынша, екі жақ әскери ынтымақтастықты күшейтуге келіскен. Қазақстан бұдан бөлек НАТО-ға мүше Түркиямен қарым-қатынасын күшейтуге талпынып жатыр. Тоқаевтың мамыр басында Түркияға сапары кезінде екі тарап Қазақстанда әскери дрондар шығару жөніндегі келісімге қол қойды.

Оны былай қойғанда, Қазақстан қорғаныс бюджетін 441 миллиард теңге немесе 918 миллион долларға арттырды. Жоғары лауазымды шенеуніктің басылымға айтуынша, бұл соманың бір бөлігі әскери резервтерді арттыруға жұмсалады. Шенеуніктің сөзіне қарағанда, Қазақстан Украинаның қарсылығынан сабақ алып, әскерді реформаламақ.

Батыс Украинадағы соғыс Ресей әскерінің әлсіз екенін көрсетті деп жатса да, Орталық Азиядағы шенеуніктердің бірі басылымға берген сұхбатында Мәскеу амбицияларынан сескену күшейе түскенін жеткізді. «Олар Еуропа мен Украинаны қорлап жүр, ісі басқалармен болғаны бір бөлек. Ал егер Украина болмаса ше? Біз келесі боламыз ба?» − дейді шенеунік.

НҰР-СҰЛТАННЫҢ БАТЫСПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ КҮШЕЙТУГЕ ТАЛПЫНУЫ

Қазақстанның Ресейден алшақтап, Еуропа және АҚШ-пен қарым-қатынасын күшейтуге ұмтылып жатқаны Modern Diplomacy платформасының да назарына іліккен.

Мақала авторы Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеулер мектебінің аға ғылыми қызметкері Джеймс Дорси Қаңтар оқиғасы мен Ресейдің Украинадағы соғысынан сабақ алған Қазақстан қорғанысты күшейтіп, жергілікті қорғаныс өнеркәсібін құрып, қару-жарақ сатып алуда Ресейге тәуелділіктен арылуға мән беріп жатқанын жазады.

Каспий құбыр желісінің жұмысын тоқтата тұру туралы Новороссийск сотының шешімнен кейін Тоқаев мұнай тасымалын әртараптандыру мәселесін көтерді. Мақала авторы «Тоқаев бұл ретте Еуроодақ Қазақстанға балама дәліздерді, оның ішінде халықаралық Транскаспий көлік дәлізін дамытуға көмектеседі деп үміттенеді» деп жазады. Ресейді айналып өтетін бұл дәліз Әзірбайжан астанасы Бакуды Жерорта теңізіндегі Жейхан портымен қосады.

Ақтау портында жұмыс істеп жатқан адамдар. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузияға шығады, одан ары Түркия мен Еуропа елдеріне барады.
Ақтау портында жұмыс істеп жатқан адамдар. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузияға шығады, одан ары Түркия мен Еуропа елдеріне барады.

Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы талқылаулар Еуропаның Орталық Азияға қызығушылығы артқанын көрсетеді. Вашингтон да аймаққа басымдық бере бастады.

«Вашингтондағы саясаткерлер Ресей ықпалына қарсы тұру және Путиннің өмірін қиындатудың жолын іздеп жатыр. Сондықтан Қазақстанның Мәскеу бақылауындағы құбырларға тәуелділігін азайту, Қытай мен Ресей ықпалын шектеу үшін көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп экономиканы реформалау – осының басы болуы мүмкін». Мақала авторы бұл ретте Wall Street Journal шолушысы Уолтер Рассел Мидтің пікірін келтіреді.

Дегенмен Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасы шиеленіссе де, Қазақстан Қытай, Иран, Үндістан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Армениямен бірге тамыз айында Ресей ұйымдастыратын халықаралық армия ойындарына қатыспақ.

Оны былай қойғанда Путин өткен айда Тәжікстан мен Түркіменстанға сапарлап, Ресей Орталық Азияны назардан тыс қалдырмайтынын көрсетті.

Мақала авторы Джеймс Дорси сарапшы Пол Гоблдың мына пікіріне сүйенеді: «Алдағы уақытта Мәскеу Нұр-Сұлтанды ырқына көндіру үшін өз аумағы арқылы өтетін мұнай құбыры, пропаганда аппараты мен Қытаймен байланысты пайдалануы ықтимал. Есесіне Нұр-Сұлтан бұған қарымта жауап ретінде ұлтшыл саясат жүргізіп, Батыспен қарым-қатынасын күшейтуге талпынады».

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫНА НЕ КЕДЕРГІ?

«Америка дауысы» радиосы Орталық Азия елдері ынтымақтастыққа ұмтылса да, аймақ үшін интеграция не себепті әзірге орындалмайтын арман болып қала беретінін талдайды.

21 шілде күні Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия елдерінің консультативтік кездесуінде Тәжікстан мен Түрікменстан басшылары Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қоюдан бас тартты. Екі ел келісімге қол қоймас бұрын өз елдерінде бірқатар процедураны реттеу керектігін айтты. Сөйтіп, шартқа тек Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары қол қойған.

Сарапшылар пікіріне сүйенген «Америка дауысының» жазуынша, Тәжікстан мен Түркіменстан басшылары өзіне сенімді Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері тәрізді батыл әрекет еткісі келмейді.

Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының ғылыми қызметкері Темур Умаровтың айтуынша, үш елдің ауызша уәдені құжат жүзінде рәсімдеуінің өзін оң қадам деп бағалауға болады.

«Жетекшілер ең болмағанда аймақтың болашағы қандай болатынын бірге талқылап, пайымдауға мүдделі. Бірнеше жыл бұрын бұл да жоқ еді», − дейді Темур Умаров.

Ал АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бойынша бағдарламасының директоры Марлен Ларюэль аймақта ынтымақтастыққа ұмтылыс байқалса да, бұл интеграция емес деп есептейді. «Блоктың құрылуы әзірге мүмкін емес. Өйткені бір-біріне сенімсіздік көп».

Марлен Ларюэль интеграцияға аймақтағы саяси ұстанымдардың әртүрлі болуы және төменнен жоғарыға талпыныстың жоқтығы кедергі келтіріп отыр деп есептейді.

Ал өзбекстандық сарапшы Анвар Назир аймақ елдерінің Мәскеу мен Пекинге тәуелділігін интеграцияға кедергі деп санайды.

«Басшылар сол күштерден қорқып, оларға арқа сүйегенін тыймайынша, Орталық Азия тәуелсіз аймаққа айналмайды», − дейді Назир.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG