Ұлыбритания барлау қызметінің жетекшісі Ричард Мур Украинада Ресей әскерінің "демі таусылды" деп мәлімдеді. Бұл жөнінде ол Twitter'дегі парақшасында жазды. Ол британ қорғаныс министрінің Ресей әскерінің қателіктері туралы видеосына пікірін білдірген.
Видеода Ресей әскерінің Украинада ондаған жауынгерінен айырылғаны, ал әскери техниканың орнын толтыру барған сайын қиындай түскені айтылады. Бұл тұжырымның дұрыстығын тексеру соғыс жағдайында қиын болып тұр. Ресей қорғаныс министрлігі наурыз айынан бері армия шығыны жайлы мәлімет жариялауды доғарған.
Ресей қорғаныс министрлігі осыған дейін "арнайы операцияға" қатысатын жауынгерлер жеткілікті екенін, мобилизация жариялауға қажеттілік жоғын айтқан. Алайда елдің көптеген аймақтарында еріктілерді соғысқа тарту кампаниялары жүріп жатқаны белгілі.
Ұлыбритания барлау қызметі күн сайын жариялайтын есебінде украин әскері Донецк түбіндегі шайқаста Ресей күштерінің бетін қайтара алған тәрізді деп жазды. Авдеевка, Марьинка және өзге де елді мекендерге Ресей күштерінің шабуылдағанын бірнеше күн бұрын ресейшіл және ресейлік телеграм-арналар хабарлаған.
- Ресей әскері Харьков облысында жаулап алған аудандарына қосымша күш тартып жатыр. Бұл жөнінде Planet Labs спутник мәліметтеріне сүйенген Азаттықтың Украин қызметінің "Схема" жобасы хабарлады. "Схема" жүргізген сауалнамаға сәйкес, алдағы уақытта Ресей әскері қосымша күшті Украина шығысындағы Изюм және Славянск бағытындағы шайқастарда пайдалануы мүмкін.
- Сенбіге қараған түні Ресей әскері Николаев елді мекенін атқылап, соның салдарынан кемінде бір адам опат болған, алты адам жараланған. Зымырандар көп қабатты тұрғын үйлерге түскен. Бұл жөнінде облыс әкімшілігінің жетекшісі Виталий Ким хабарлады. Сенбі күні атқылау кезінде ауыр жарақаттанған Николаев елді мекенінің екі тұрғынының ауруханада қайтыс болғаны хабарланды.
- Ресей әскері жаулап алған Энергодар қаласында өткен түні Ресейдің үш әскери техникасы жойылған.
- Сенбіге қараған түні Харьков қаласына зымыранмен шабуыл жасалған. Бұл жөнінде қала мэрі Игорь Терехов хабарлады.
- Днепропетровск облысы әкімшілігінің хабарлауынша, Никополь қаласы "Град" зымыран қондырғысымен атқыланған. Бір ғимарат қирап, 15 нысан бүлінген. Зардап шеккендер жайлы мәлімет жоқ.