Accessibility links

Медведев "Вконтакте" парақшасының "бұзылуын" ақпараттық соғыстың көрінісі деп атады


Дмитрий Медведев.
Дмитрий Медведев.

Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев "РИА Новости" агенттігіне берген сұхбатында "Вконтакте" парақшасының "бұзылғандығы" жөнінде пікірін айтты. Ол мұндай нәрседен ешкімнің қорғалмағанын, кінәлілер жазаланатынын жеткізген.

"Мұндай жайт алғаш рет болып отырған жоқ. Одан ешкім қорғалмаған. Кезінде үкімет жетекшісі қызметін атқарған кезде де осындай шабуылдарға тап болғанмын. Бұл қазір ғана айтқан ақпараттық соғыстың көрінісі" деді Медведев.

2 тамызға қараған түні Медведевтің "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Қазақстан - жасанды мемлекет", "Солтүстік және Оңтүстік Осетия, Абхазия мен Грузияның қазіргі жері Ресей туы астына бірігуі мүмкін" дейтін пост пайда болған. Он минуттан кейін пост жойылған. Кейін Медведевтің көмекшісі бұрынғы президенттің парақшасы "бұзылғанын" мәлімдеді.

Дмитрий Медведевтің парақшасындағы постқа Ресейдің белгілі блогерлері назар аударып, скриншотын жариялаған.

Дмитрий Медведев 4 тамыз күнгі сұхбатында "Ресейді ешкім ТМД-дағы дос елдермен жанжалдастыра алмайды, олармен ашық әрі екіұшты емес диалог орнаған" деді. Ол шабуылдағандардың "айласыз әдістері" мен "пиғылы" туралы да айтты.

"Танымал адамның атынан көршілер туралы өткір немесе адам жанына қатты әсер ететін жазбалар жариялап жіберу, тарихи оқиғалармен ойнау, фейкті жоятын кезді күту, сосын онымен саудаласу. Құдды Ресей бәрін әдейі жасағандай, одақтастарына қатаң сигнал жібергендей қылып көрсету. Сосын дипломатиялық түрде жуып-шаю. Ізі жоқ, бірақ салдары қалады. Міне, "орыстардың шынайы пиғылы", "басқыншы ойы осы" дейтіндей" деді Медведев.

Бірнеше күн бұрын Медведев постының скриншоттары әлеуметтік желіде жылдам тарап, ол туралы Қазақстан қоғамында сын пікір мен Ресей саясаткеріне қарата айтылған сарказм күрт көбейгені аңғарылды. Кейбір авторлар оны Қазақстан жерін даулап, мәлімдеме жасап жүрген Ресейдің кейбір депутаттарының сөздерінен кейінгі тағы бір белгі деп болжағаны байқалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG