«Украинадағы соғыста не болып жатыр?» деген сұраққа келгенде білуіміз керек екі мәселе бар. Біріншісі, Ресей әскері көліктерін, танктері мен артиллериясын, басқа да қару-жарағын алып, Донбасстан оңтүстік-батысқа, кемінде бір жағдайда оккупацияланған Мариуполь қаласынан солтүстік-батысқа қарай бағыт алды.
Екіншісі, Батыс берген қуатты қару-жарақпен қаруланған Украина әскері елдің оңтүстік аудандарындағы көпірлерді, оқ-дәрі қоймалары мен темір жолдарды атқылап жатыр.
Ең бастысы, Украинадағы соғыс жаңа кезеңге аяқ басқалы тұр. Енді ең қиян-кескі ұрыс Днепр өзенінің бойында Запорожьеден Херсонға дейін 350 шақырымға созылған соғыс алаңына ойысады.
Херсон қаласы үшін болатын ұрыстың өзі «соғыста шешуші рөл атқаруы мүмкін» дейтіндер бар.
«Оңтүстік бұл негізгі кілт» деді отставкадағы генерал, Мәскеудегі АҚШ елшілігінде әскери атташе болған Питер Звак.
«Киев мұны жай ғана сынақ көрмейді» деді ол Азаттыққа. «Оңтүстіктегі ұрыстың экзистенциалды мәні бар. Әрине, [украиндар] күшін жетілдіріп, адамдар мен техниканы толықтырып жатыр, бірақ ең алдымен мұның экзистенциалды мәні бар. Олар орыстар мықтап орнықпай тұрып оларды оңтүстіктен қазір шығаруы керек» деді ол.
Украина билігі Херсон облысында Ресей басып алған ауылдар мен қалалардың көбейіп жатқанын айтады.
Аймақ басшысы Дмитрий Бутрий 2 тамызда ұлттық арнада басқыншылық басталғалы Ресей 53 елді мекенді басып алғанын, олардың тоғызын кейінгі 24 сағатта бақылауға алғанын айтты.
Украина қолбасшылары Ресей әскері қарымта шабуылға дайындалып, оңтүстікке басымдық беріп жатқанын, осылайша Украинаның қарымта шабуылын күтіп немесе дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Украина артиллериясы мен алысқа ататын зымырандары да Херсон облысында Ресей үшін көпір секілді стратегиялық маңызы бар нысандарды қиратып жатыр. Жуырда олар аймақты Ресей оккупациялаған Қырыммен байланыстыратын темір жолдарды қиратты.
«Украинаның Херсон маңында қол жеткізген жетістіктері туралы бәріміз айттық, [соған] куә болдық» деді өткен аптада Пентагон өкілі. «Бұл үлкен жетістік емес, бірақ орыстарға қарсы болғаны сөзсіз».
«Бұл қарымта шабуылдың бір бөлігі ме, ол жағын білмеймін» деді шенеунік журналистерге арналған брифингте. «Олардың шабуылда жетістікке жетіп жатқанын білемін. Біле білсеңіздер, олар мұны бұған дайын болмай шыққан орыс күштеріне қарсы істеп отыр».
ОҢТҮСТІКТЕГІ ЖАҒДАЙ
Ресей Украинаға басқыншылық жасаған соң алғашқы апталарда әскери әрекеттердің көбі солтүстікте Киев маңында, оңтүстікте Азов теңізі маңындағы Мариупольде жүрді. Солтүстікте Украина әскері басым түсіп, орыс әскерін шеттетті. Ал Ресей оңтүстікте біршама жетістікке жетіп, Херсонды бақылауға алды. Басқыншылыққа дейін 300 мың адам тұрған Херсон Ресей басып алған ең бірінші ірі қала болды. Содан кейін Мәскеу қоршауда болған Мариупольді бақылауға алды.
Содан кейін соғыс шығысқа қарай ойысып, Донбассқа басымдық берілді. Онда Ресей қайта топтасып, Украина әскерін артиллерия мен зымыранмен атқылап, қалада қиян-кескі ұрыс жүргізді. Украина әскері шегінуге мәжбүр болды. Ресей жедел үзіліс жасамас бұрын Луганск облысындағы ірі қалаларды бақылауға алды.
Украина күштері бірнеше апта бойы оңтүстікте Днепр өзенінің екі жағалауында орналасқан Херсон облысында кішігірім жетістіктерге жетіп жатты. Өзен табиғи қорғаныс кедергісі болды да, Украина күштері солтүстік жақтан, яғни, оң жағалаудан келді.
Әскери сарапшылар мен куәгерлердің, Батыс барлауының деректері, әлеуметтік желідегі хабарламалар Украинаның да, Ресейдің де Днепр бойында жаңа әскери әрекеттерге басымдық беріп жатқанын көрсетеді.
Ресейдің Херсон мен Запорожье облыстарындағы оңтүстік топтарына 49-бірлескен армиясы, парашютті-десантты бригадалар, Донецк пен Луганск облыстарынан мобилизацияланған кейбір бөлімшелер кіреді.
2 тамызда Украина әскери барлауы Қырымға 800-1000 адамнан тұратын жаңа батальон жіберілгенін, олардың жуырда Херсон облысына жіберілетінін хабарлады.
Ресейдің Днепрдің солтүстік жағалауындағы позициясы әлсіз болды дейді Украина билігіне қарайтын ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Николай Белоруссков. Көбіне бұған Украинаның HIMARS деген атпен танымал M142 реактивті жүйесін қолдануы ықпал етті.
Украинаның қарымта шабуыл жасайтынын көрсететін белгілерді ескеріп, Ресей әскерінің орын ауыстыратынын күтуге болады деді Белоруссков Азаттыққа.
«Олар [Украинаның] жарияланған, кең мағынада алғанда, болуы мүмкін қарымта шабуылына жауап беріп, топтарды күшейту шараларын қабылдамаса біртүрлі болар еді» деді ол. «Бірақ қозғалыс [Ресейдің] бұл проблемасын өздігінен шешпейді. Олардың Днепрдің оң жағалауындағы күштері Украина артиллериясы қауіп төндіріп тұрған көпірге тәуелді болып отыр».
Өткен аптада Днепрдің Антонов көпірін қоса алғанда үш негізгі көпірі қатты қирады. Украина шабуылынан соң көпірден өту мүмкін болмай қалды. Ресей көпірді жөндеуге асығып, уақытша понтон көпірін орнатты. Осылайша адамдар мен техниканың, бейбіт тұрғындардың өзенді кесіп өтуіне мүмкіндік берді.
«УКРАИНАНЫҢ ӘСКЕРИ ПОТЕНЦИАЛЫ СЫНАЛАТЫН КЕЗ»
Херсон мен Запорожье облыстары географиялық орнына байланысты маңызды болып отыр. Ондағы жазық жердің көбінде ауыл шаруашылығы алқаптары мен электр станциялары бар.
Қазіргі таңда Ресей оккупациялаған Украина жерлері қатарында Азов теңізі бойындағы Қырым түбегі мен Украинаны Қырыммен байланыстырып тұрған Қара теңіз бен Днепр аралығындағы аймақ бар.
Бұл жағдайда Ресей Украинаның жағадағы жерлерінің бәріне жолды жаба алады.
Әскери әрекеттерді күшейтіп, әскердің орнын жылдам ауыстыру шешімін Кремль қабылдаған болуы мүмкін.
Ресей билігі екі ауданда референдум өткізу жоспарын жариялады. Бұл 2014 жылы Қырымдағыдай аннекция мақсатында қабылданған шешім болуы мүмкін. Ресей қазірдің өзінде әкімшілік құрып, Ресей паспортын тарата бастады. Онда жергілікті валюта ретінде Украинаның гривнасы емес, Ресей рублі қолданылып жатыр.
Украина Ресейдің референдум өткізуіне жол бермеуге тырысуы мүмкін. Мәскеу референдумды өзінің бақылауын күшейту үшін өткізбек дейді сарапшылар.
Украина әскері бірнеше ай бойы Донбасста Ресей әскеріне қарсы шығып жатқанда, Херсон мен Запорожье Украинаның да, Ресейдің де ақпаннан бері не үйренгенін көрсетеді.
«Иә, бұл Украинаның әскери қуаты сыналатын кез болады» деді Лондондағы Royal United Services Institute сарапшысы Ник Рейнольдс. «Ресей әскері өз күштерін қайта топтастыру үшін алып кеткен кездерді ескермегенде, осы күнге дейін олардың қарымта шабуылды сәтті жасауға шамасы жетпеді».
Ресей әскері күштерін қайта топтастырып жатқанда, Украина командирлері бастаманы өз қолына алуға тырысуы мүмкін деді өткен айда Ұлыбританияның MI-6 сыртқы барлау қызметінің басшысы Ричард Мур.
Жуырда Ресейдің күші сарқылады деді ол Aspen қауіпсізідк форумында.
«Қарымта шабуыл жасау қабілетін көрсету украиндардың өзі үшін, моральды рухын сақтап қалу үшін маңызды» деді Мур. «Бұл Еуропаға украиндар үшін сәтті науқан болатынын еске салу үшін де маңызды болады деп ойлаймын».
БАТЫСТЫҢ КҮМӘНІ
Қарымта шабуыл Украинаның Американың HIMARS жүйесін, француздардың Caesar гаубицасын, немістердің Panzerhaubitze артиллериясын қалай қолданатыны да сыналатын уақыт болады.
«HIMARS секілді жүйелерді енгізу Украинаның беренді танктері мен әскерінің тиімділігін арттыруға көмектесе ме? Соны білу де қызық болар еді» деп жазды Рейнольдс Азаттыққа.
«Міне, Херсон үшін ұрыс осымен де маңызды» деп жазды 27 шілдеде Лондондағы King's College әскери зерттеулер профессоры Лоуренс Фридман блогында. «Украина өз жерін қайтарып алуға, халқының бұл соғысты жеңуге болады деген сенімін ақтауға, сол арқылы ол Батыс елдерінің де сенімін оятуға тырысып жатыр».
Жаңа қарымта шабуылда екі елдің де төзімі сынға түседі. Екі елдің де күші сарқылған, әскерінің саны азайған. Ресей жағдайында тіпті мораль мен бағынбау проблемасы өршіп кеткені жиі хабарланып жатыр.
«Шабуылға дайындалу проблемасы НАТО мен АҚШ-ты алаңдатады деп ойлаймын. Олар Ресей қорғанысына төтеп беру үшін Украинаның адамы, техникасы мен оқ-дәрісі жететініне сенімді емес» деді АҚШ қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкері, Вашингтондағы АҚШ қауіпсіздік орталығының сарапшысы Крис Доэрти Азаттыққа берген сұхбатында.
«Орыстар сарқылды, сапасыз қосалқы бөліктер әкелді» деді Звак. «Оңтүстікте олар да біз секілді Украинаның қарымта шабуыл жасайтынын болжап отырған болар. Адамдар да мұны айтып жатыр. Бұл қорғанысты күшейтуге итермелейді».
«Тірі қалу үшін соғыста жүргенде, сен бейімделесің» деді ол. Соғыста жүргенде тірі қалу үшін бейімделесің» деді ол. «Сонда күресу ниеті пайда болады. Орыстар бұрынғыдан да мықты. Украиндар да. Бұл соғыс, оның қаншалық жақсы болатынын біз білмейміз».
ПІКІРЛЕР