Accessibility links

"Әділдік маршы". Қаңтарда оққа ұшқан балаларын ақтауды талап еткен ата-аналар астанаға жаяу аттанды


"Әділдік талап еткендер маршы". Астанаға жаяу шыққан Тараз тұрғындары Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан жақындарын ақтауды талап етеді. Жамбыл облысы, 10 тамыз 2022. Скриншот.
"Әділдік талап еткендер маршы". Астанаға жаяу шыққан Тараз тұрғындары Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан жақындарын ақтауды талап етеді. Жамбыл облысы, 10 тамыз 2022. Скриншот.

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан немесе оқиғаға байланысты істі болған балаларын ақтауды талап еткен бірнеше ата-ана 10 тамызда Тараздан астанаға қарай жаяу аттанды. Ақпаратқа қарағанда, облыс билігі оларды тоқтатуға тырысқан.

Қаңтар оқиғасында 18 жастағы ұлы оққа ұшқан Бақытжан Шыңғысбековтың Азаттыққа айтуынша, олардың Нұр-Сұлтанға сапары сейсенбі күні кешке қарай басталған. Бірақ көліктерін полиция бірнеше рет тоқтатып, жүргізбеген.

– Түннен бері кедергі жалғасып келеді. Екі такси, бір автобусқа отырдық. Жүргізбеді. Автобус 500 метр жүріп, біреу хабарласты ма, бізді күре жолдың бойына түсіріп кетті. Ал таксилерді жүргізбей, айыппұл салды. Содан жаяу келе жатырмыз, - дейді ол 10 тамызда Азаттыққа.

Қазір олар Тараздан 60 шақырымдағы Ақыртөбе ауылы маңына жеткен. Өздерінің сапарын “әділдік талап еткендер маршы” деп атады.

"Маршқа" қатысқандар арасында Қаңтар оқиғасында қаза болған Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева мен Тоқтар Ошақбайдың анасы Жәмила Рахимбекова және балалары қамауда отырған Гаухар, Света есімді әйелдер бар.

Жол бойында байланыс нашар болған соң анықтап сөйлесу де мүмкін емес. Олар өздеріне осы күнге дейін билік түрлі уәде бергенін, оны күте-күте шыдамдары таусылғанын айтады.

- Ақыртөбеде бізді Жамбыл облысы әкімі мен прокуроры қуып жетті. Олар “қайтыңыздар, өзіміз шешеміз” дейді. Бізді Нұр-Сұлтанға апарып тастайтын көлік те береміз деді. Келіспедік,- дейді Бақытжан Шыңғысбеков.

Азаттық Жамбыл облысы әкімдігіне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

  • Қаңтар оқиғасында балаларынан айырылған немесе оқиғаға байланысты жақындары істі болған Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Тараз және Шымкент қалаларынан келген жиырмаға жуық адам биыл 11-14 шілде аралығында Ақорда маңына түнеп наразылық өткізген. Оларды полиция ұстап, әр облыстан келгендерді сол жердің билігі өкілдері келіп алып кеткен. Оққа ұшқан, қамауға алынған туыстарын ақтауды, әділ тергеу жүргізуді талап еткендерге “қалаға барған соң талап-арыздарыңызды” орындаймыз” деген уәде берген, бірақ орындамаған.
  • Биыл қаңтардың басында Қазақстанның бірнеше аймағында бір мезгілде жаппай наразылық болып, соңы қантөгіске ұласқан еді. Қаңтардың бесіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген болатын.
  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында өлгені ресми хабарланған. Билік қаза болғандардың аты-жөні мен қандай жағдайда қаза болғаны жайлы әзірге ақпарат жариялаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG