Accessibility links

Ресей паспортын беріп, рубль енгізіп жатыр. Оккупациядағы Херсонның ахуалы


Жұмысқа тұрып, көлік жұргізіп, жәрдемақы алу үшін Ресей паспортын алу керек. Паспортқа өтініш беретін ғимаратқа кіретін азаматтарды осылай тексереді. Херсон, 25 шілде, 2022 жыл.
Жұмысқа тұрып, көлік жұргізіп, жәрдемақы алу үшін Ресей паспортын алу керек. Паспортқа өтініш беретін ғимаратқа кіретін азаматтарды осылай тексереді. Херсон, 25 шілде, 2022 жыл.

Ресей билігі Украинаның оңтүстігіндегі оккупацияланған Херсон облысында қатаң тәртіп енгізіп жатыр. Олар Украина ұлттық валютасы гривнаның орнына рубльді қолданысқа енгізіп, Ресей паспортын таратып жүр. Жақында Ресей құрамына қосылу бойынша референдум өтуі мүмкін деген әңгіме бар.

Ресей билігі Украинаның оңтүстігіндегі Херсон облысында жергілікті халықты қыспаққа алып, Ресейдің жүргізуші куәлігі мен паспортын алуды талап етіп жүр дейді Украина шенеунігі.

Херсон облыстық кеңесінің депутаты Юрий Соболевскийдің айтқандары Ресей билігінің референдум қарсаңында өзгеше ойлайтындар мен оппозиция өкілдерін басып-жаншуға тырысып жатқанын көрсететіндей. Мәскеу көп ұзамай референдум өткізеді деген әңгіме бар. Ресми Киев пен тәуелсіз сарапшылар оккупацияланған аймақта қандай да бір «референдум» өткізу заңға қайшы деп санайды. Ал Ресей оның нәтижесіне сүйеніп, аймақты өз жері деп жариялай алады.

Украина Ресей күштеріне қарымта шабуыл жасағалы жатқандықтан, Херсон мен Запорожье облыстары қиян-кескі ұрыс орталығына айналуы мүмкін. Украина сол арқылы референдумды болдырмауға тырысады дейді сарапшылар.

Демалыс күндері Украина Херсон маңындағы Днепр өзенінде аман қалған жалғыз көпірді қиратты. Осылайша өзеннің батыс жағалауындағы Ресей әскерін көбейтуге не оларды эвакуациялауға тосқауыл қойды.

13 тамызда Николаев облысының басшысы Виталий Ким Ресейдің жоғары шенді офицерлері батыс жағалаудағы позицияларын тастап кетіп жатқанын мәлімдеді, бірақ мұны растайтын ақпарат шықпады.

24 ақпанда басып кірген Ресей күштері Украинаның Херсон облысының біршама бөлігін оккупациялады. Бақылау орнату үшін жылдам әрекет етуге тырысқанымен, олар шашыраңқы болды деді Соболевский 13 тамызда «Настоящее время» арнасына берген сұхбатында. «Қазір Херсонда ұлттық гвардия мен ФСБ, яғни, федералдық қауіпсіздік қызметі өкілдері жүр».

- Гвардияның 100-150 өкілі мен ФСБ келіп, елді мекендерді тазалап жүр. Олар кішігірім ауыл, қалаларды жауып, кіретін, шығатын жолдарын бекітіп, үй-үйді аралап тексеріп жатыр. Олар құжат, мобильді телефон, гараж бен көлік – бәрін қарайды. Бірнеше мақсаты бар. Херсон – [Ресейге] белсенді түрде қарсылық жасап келе жатқан аймақ, оларда өздеріне бағынбайтындардың ұзақ-сонар тізімі бар, соларды іздейді, - дейді Соболевский.

ОККУПАЦИЯЛАНҒАН ОҢТҮСТІКТЕГІ АЗАПТАУЛАР

Ресей Херсон мен Запорожье облыстарын бақылауға алғанда өңірден кеткендер болғанымен, көбі сонда қалған. Құқық қорғаушылар Ресей күштерінің тұрғындарды азаптау және заңсыз қамауға алу фактілерін анықтаған.

– Ресей күштері Украинаның оңтүстігіндегі оккупацияланған аудандарды қорқыныш пен заңсыздық ордасына айналдырды, – деп мәлімдеді шілдедегі баяндамасында Human Rights Watch зерттеушісі Юлия Горбунова. – Біз құжаттаған әскери қылмыстар қатарында азаптау, адам құрлы көрмеу, азаматтарды себепсіз және заңсыз қамауға алу секілді [жағдайлар] бар. Ресей билігі мұндай заңсыздықтары дереу тоқтатуы тиіс, олар бұл үшін жауапқа тартылатынын да білуі керек.

– Халық толық қолдамаса, қандай да бір [референдум] өткізу мүмкін емес. Бас дәрігерлер, бөлім басшылары [Ресей билігіне мойынсұнбай] кетіп жатса, дәрігерлер бұл жүйеде жұмыс істеуден бас тартса, Херсон облысының медицина жүйесін қалпына келтіру мүмкін емес. Білім беру саласында да тура солай, – деді ол.

Ресей президенті Владимир Путиннің "Орыс пен украин - бір халық" деген сөзі жазылған плакаттардың қасынан өтіп бара жатқан адам. Херсон, 25 шілде, 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің "Орыс пен украин - бір халық" деген сөзі жазылған плакаттардың қасынан өтіп бара жатқан адам. Херсон, 25 шілде, 2022 жыл.

Ол Ресей билігі мемлекеттік сектор қызметкерлерінің орнына жоғары жалақы ұсынып, ресейліктерді алып жатқанын, басшылық жұмыс орнын сақтап қалғысы келетін дәрігерлерге Ресей банктерінің картасын алып, еңбекақыны рубльмен алулы талап етіп жатқанын айтады.

– Енді жұмыс істегің келсе, ақшаңды алғың келсе, адамдарды емдегің келсе, паспорт алуың керек деп жатыр, – дейді Соболевский.

«Халықтың қанша бөлігі Ресей паспортын алуға ерікті түрде өтініш берді?» деп сұрағанымызда Соболевский мұндай адамдардың тым аздығын, тұрғындардың Украина мемлекетіне адал екенін, оккупациялық билікті мойындамайтынын айтты.

– Шын мәнінде [өз еркімен Ресей паспортын алып жатқандар] саусақпен санарлық, тіпті процентке шағатындай емес. Көбі зейнеткерлер, – деді ол.

ПАСПОРТ АЛУ ЖӘНЕ ТӨЛЕМ ЖАСАУ

Соболевскийдің сөзін жылдам растау мүмкін болмады. Бірақ оның мемлекеттік қызметкерлерді еңбекақыны рубльмен алуға мәжбүрлеп жатыр деген сөзі Украина әскери барлауының мәлімдемелерімен сәйкес келеді. Олар Херсонда жедел жәрдем қызметкерлерін еңбекақыны Ресей рублімен алуға мәжбүрлеп жатқанын хабарлаған.

Ресей билігі Украина банктерінің филиалдары мен банкоматтарын, зейнеткерлер зейнетақы алатын пошта қызметінің кеңсесін жауып тастаған.

Ресей паспортын алуға өтініш беріп жатқан Херсон тұрғындары. 25 шілде, 2022 жыл.
Ресей паспортын алуға өтініш беріп жатқан Херсон тұрғындары. 25 шілде, 2022 жыл.

– Зейнетақыны қолма-қол алатын кей зейнеткер ақшасын алу мүмкіндігінен мүлдем айырылды, – дейді Соболевский. – Ал зейнетақысын картамен алатындар ақшасын жұмсай алмайды, себебі дүкендерден Украина терминалдарын алып тастаған. Базарда картамен төлем жасау мүмкін емес. Ал ақша аудару өте қиын. Олар қызметтердің бәрін өшіріп жатыр.

14 тамызда гуманитарлық көмек алатын Херсон тұрғындарын жеке анкета толтыруға мәжбүрлегенін әскери барлау хабарлады. Барлау мәліметіне сенсек, паспорт деректерін берген адамдарды Ресей операторларының мобильді байланыс қызметін пайдалануға үгіттейді.

Соболевский облыс тұрғындарының «азғантай бөлігі» ерікті түрде Ресей паспортын алады деп болжайды.

– Олар өзін, халқын, елін және балаларын – бәрін сатып, ар жаққа өтіп кеткен сатқындар, – дейді ол.

"Настоящее время" материалы бойынша жазылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG