Accessibility links

"Бастысы халық білсе болды". Әскерде жыныстық қысымға ұшырадым деген Айғанымның оқиғасы


Әскерде келісім-шартпен қызмет еткен Айғаным Елшібаева жыныстық қысым көргенін айтып, жұмыстан кетті
Әскерде келісім-шартпен қызмет еткен Айғаным Елшібаева жыныстық қысым көргенін айтып, жұмыстан кетті

Отанын қорғаймын деп әскери қызметке тұрған бойжеткен өзін қорғауға мәжбүр болған. Келісімшарт бойынша әскери қызметте істеген Айғаным Елшібаеваның "батальон командирі бейәдеп қылық көрсетті" деген арызы әйелдерді харассменттен қорғау мәселесін қайта көтерді. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста қорғаныс министрлігі жәбірленушінің арызын қарап, істің ақ-қарасын ажырату үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Бірақ үш күннен кейін комиссия Айғанымның шағымы расталмағанын хабарлады.

Айғаным Елшібаева Алматы облысы Шеңгелді ауылындағы 54179 әскери бөлімшесінде істеген. 9 тамызда "НеМолчиKZ" қоры Айғанымның арызын жариялады. Елшібаева арызында әскери қызметке тұрғалы батальон командирі қыр соңынан қалмай қырындап, маза бермегенін айтқан. "Отбасылы адам, бірақ оған да қараған жоқ. Қарсыласқаныма ашуланып, айтқанына көнбегенім үшін қорлап, мазақ қылды" деп жазады Елшібаева.

Айғанымның айтуынша, командирдің қол астындағы басқа қызметкерлер оның арсыз әрекетін көрмеген сыңай танытып, әскери бөлімше басшылығы бұл бассыздыққа көз жұма қарап келген.

Оның айтуынша, басшылық "Әдемі қызсың, жеке өміріңе араласпаймыз. Ағаң да, құдаң да емеспін, командирді таңдамайды. Сені ешкім әскерге сүйреп әкелген жоқ" деп, Айғанымның сөзін елеусіз қалдырған.

Бірақ майорды басқа бөлімшеге ауыстырған. Оның орнына Айғанымды қорлаған командирдің досы келіп, Елшібаеваны жұмыстан шығаруға тырысқан. Айғаным жаңа командир келгелі әскердегі өмірі "адам төзгісіз" болып кеткенін, бұрынғыдан да зор қорлық көргенін айтады. Жаңа басшы бақылау-өткізу пунктінде Айғанымның үстін тінтіп, денесін ұстап шыққан. "Тінту кезінде ерлердің көзінше әскери бөлімше дәлізінде менің рұқсатымсыз кеудемді, жыныс мүшемді ұстады" дейді Елшібаева.

Ауыр күйзелістен Айғанымға эрозиялық гастрит және терінің аутоимундық ауруы – псориаз деген диагноз қойылған. Көктемде бойжеткенге қатаң сөгіс беріліп, көп ұзамай "аттестациядан өткен жоқ" деген себеппен әскери қызметтен қуылған.

12 тамызда қорғаныс министрлігі комиссия жұмысы мен 54179 әскери бөлімшесі қызметкерлерінің түсініктемелерін саралау нәтижесінде Елшібаеваның шағымы расталмағанын мәлімдеді. Ведомство дерегінше, 6 мамырда әскери полиция бөлімі Елшібаеваның шағымы бойынша тексеру жүргізген, бірақ батальонның жеке құрамы басшылық тарапынан ешқандай құқық бұзу болмағанын айтқан. Азаттық батальон командиріне хабарласып, байланыса алмады. Әскери бөлімше қоңырауға жауап берген жоқ. Ал қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі әскерилердің телефон нөмірін беруден бас тартты.

ХАРАССМЕНТ, КУӘГЕРЛЕРДІ ҚОРҚЫТУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСТАН БОСАТУ

Айғаным бұрынғы командирі жиі хабарласып, бірге уақыт өткізуді ұсынып, жұрттың көзінше ашық қырындағанын айтады.

– Үнемі хабарласып, "серуендеп қайтайық", "кешкісін бірге уақыт өткізейік" деп қоймайтын. Кабинетіне жиі шақыратын. Батальон қызметкерлерімен отырыста командир ішіп алып, бәрінің көзінше мені құшақтап, тиісті. Ұрып жібердім. Осыдан кейін “мұныңыз дұрыс емес” деп ашық айтатын болдым. Мені “жалған сөйледің” деп айыптады, – дейді Айғаным Елшібаева.

Ол әскери қызметте жүрген әйелдер жағдайын түсініп, іштей қолдау білдіргенін, бірақ ашық қорғап, көмектесуге ешкімнің батылы жетпегенін айтады. Олар "Командиріміз ғой, отбасымызды, балаларымызды асырауымыз керек. Сондықтан бастық қалай десе, солай болады" деп ақталған. Әріптестері командирдің "Айғанымды қолдасаңдар, жұмыстан қуыласыңдар" деп қорқытқанын айтқан.

– Бәріміз жиналып, ұжымдық арыз жазайық деп ұсындым. Олар (командирден қысым көрген басқа да әйелдер – Ред.) мұндай жағдайлар бұрын да болғанын, әскерде бәріне шыдау керегін айтты. Мен жұмысқа келмей тұрып, бір әйел болған екен. Ол да ұзақ уақыт бойы харассментке шыдап, кейін ашық қарсыласа бастағанда, жұмыстан қуылыпты, – дейді Айғаным Елшібаева.

Айғанымның хикаясы әйелдерді жұмыс орнындағы харассменттен қорғау мәселесін қайта көтерді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, жас қыздың өзі куә болған әділетсіздікті ашып айтып, қоғам назарын аударуы харассментке ұшыраған әйелдердің реакциясы әртүрлі болатынын, қылмысты әшкерелеп, материалдық дәйек жинап, куәгер табу қиын екенін көрсеткен.

Сарапшылардың айтуынша, жыныстық бопсалауға ұшыраған әйелдер көбіне не істерін білмей, дәрменсіз күйде қалады, кейін қарсылық таныта алмағаны үшін өзін кінәлі сезінеді. Жұмыс беруші тарапынан болатын харассмент әйелдің азаматтық құқығы мен еркіндігін бұзып қана қоймай, жәбірленушіге психикалық жарақат салады. Жыныстық бопсалау объектісіне айналған адам харассмент құрбаны болғанын бірден түсінбеуі де мүмкін. Кейде жәбірленуші ұзақ уақыт бойы басына түскен жағдайды мойындай алмайды.

– Зорлық көрген адамда ұзақ жыл бойы ПТСР (посттравматикалық стрестік бұзылыс – Ред.) синдромы болуы мүмкін. Бұл синдром көп ауруға (гастроэнтерологиялық, иммундық жүйе аурулары, бас, кеуде, буын ауруы, дененің басқа бөлігіндегі жайсыздық) себеп болады, психиканы бұзып, депрессияға әкеледі, дезадаптация қаупін арттырады. Ұзақмерзімде қарастырсақ, психикаға зарар келіп, қауіпсіздік, өзін қабылдау сияқты базалық психологиялық қажеттіліктер бұзылады. Зорлық көрген адамдардың көбі үнемі сақ жүруге тырысады. Бұл өз кезегінде жиі шаршау мен депрессияға алып келеді. Көбіне диссоциативті күй, есте сақтау қабілетінің бұзылуы байқалады. Зорлық кезінде немесе одан кейін жәбірленуші орнынан қозғала алмай, қатып қалуы мүмкін. Жыныстық бопсалауға реакция бірден пайда болмайды. Диссоциация механизмі іске қосылады, жәбірленуші "автопилот" режимінде өмір сүреді, – дейді зорлық құрбандарымен жұмыс істейтін психолог Райса Байдалиева.

– Қазақстан 1998 жылы "Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою туралы" халықаралық конвенцияға қосылды. Конвенция қатысушылары әйелдерді дискриминациядан қорғау үшін қолынан келгеннің бәрін жасауы керек. Ведомство істі зерттеуге тәуелсіз мамандарды тартуға мүдделі болуы тиіс. Жыныстық бопсалау – зорлықтың күрделі түрі екенін ескеріп, зерттеуге (бұл жағдайда тексеріске) психологты да қатыстыру керек, – дейді Байдалиева.

ЗАҢДАҒЫ КЕМШІЛІКТЕР

Харассмент әрекет түрінде ғана емес, ауызша формада да жүреді. Мұндай зорлық түріне ұшыраған адам заңда "харассмент" ұғымы жазылмаған елде полицияға баруға қорқады. Өйткені полиция "физикалық байланыс болмаған, қылмыс құрамы жоқ" деуі мүмкін. "НеМолчиKZ" қорының билікке жазған хатында Айғанымның әскери бөлім заңгеріне харассментке ұшырағанын айтып, шағымданғаны, оның "Айтарлықта ештеңе болған жоқ қой, бір жағдай бола қалса, бірден хабарлас" деп қайтарғаны айтылады. Мұны заңгердің өзі де растаған.

Жыныстық зорлық көрген азаматтарға көмектесумен айналысатын SVET қоры құрылтайшыларының бірі Кирилл Флаймэн Қылмыстық кодексте "харассмент" ұғымының болмауы жәбірленушілерді қорғау процесін қиындатып отыр деп қынжылады.

– Агрессорды жауапқа тарту мүмкін емес. Харрасмент жағдайында қолдануға болатын екі бап бар: Әкімшілік кодекстің 434-бабы (“Ұсақ бұзақылық”) және Қылмыстық кодекстің 123-бабы (Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету). Екіншісінің атауы жағымсыз әрі дискриминациялық сипатқа ие. Қос бап та жыныстық бопсалау актісін толық сипаттап, оны қалай ажыратуға болатынын, харассмент неден басталатынын, бұл қылмыс үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірмейді. Жоғарыда аталған баптар бойынша жауапқа тарту өте сирек кездесетін құбылыс, – дейді ол.

Қоғамдық орындағы харассмент үшін Әкімшілік кодекстің "Қоғамдық орында тиісу" бабы бойынша айыппұл салуға болады. Тіленіп ақша сұрау, такси жүргізушілерінің өз қызметін ұсынып, мазаны алуы да осы бапқа кіреді.

Кейде харассмент фактілері Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша ("Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету") қаралады. Бас прокуратура дерегінше, 1998-2018 жылдар аралығында бұл бап бойынша 87 іс тіркеліп, оның 30-ы сотқа жеткен, 25 іс бойынша айыптау үкімі шығарылған. Бірақ бір де бір жағдайда айыпталушы түрмеге жабылмаған. 2020–2021 жылдары аталған бап бойынша он шақты іс сотқа жеткен, олардың бір-екеуі бойынша ғана үкім шыққан.

Сарапшылар пікірінше, бұл бап жәбірленушілердің құқығын шектейді. Өйткені бұл бапта "жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу" туралы ғана айтылған. Яғни, агрессор жәбірленушіге жыныстық қатынасқа түсуді ұсынса, қарсыласқаны үшін қоқан-лоқы көрсетіп, бопсаласа, бұл бап көмектеспеуі мүмкін.

ҚОҒАМНЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

Сарапшылар заңға харассмент туралы бап енгізу керек деп есептейді. Құқық қорғаушылар жыныстық бопсалау мәселесі жиі кездесетінін, харассментке не жатады, дәйектер базасын қалай жинақтаймыз, бұл бапты қалай қолданамыз деген талқылаулар жүріп жатқанын айтады.

Қазіргі заңнама жыныстық қысым жасаушылардың жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, бұл ауыр қылмыстарға жол ашады, ал виктимблейминг құбылысы (зорлық көрген адамды айыптау) мен жыныстық бопсалау қатар жүреді.

"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смайылова
"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смайылова

Зорлық көрген азаматтарға қолдау көрсететін "НеМолчиKZ" қорының негізін қалаушы Дина Смайылова жыныстық бопсалау жиі кездесетін мәселе екенін мойындап, елдегі әйелдердің барлығы дерлік орынсыз қырындау мен харассментке тап болып көрген деп топшылайды. Құқық қорғаушының сөзінше, жыныстық бопсалау медицина және білім саласында және полицияда көп кездеседі.

– Жыныстық бопсалауға еті үйренген қоғамның кесірінен бұл мәселеге осындай селқос көзқарас қалыптасып отыр. Қоғамның харассментті қалыпты нәрсе деп қабылдағаны соншалық, қылмыс туралы айтып, агрессорға қарсы күрескен адамның өзін кінәлайды, – дейді Дина Смайылова.

Қор парақшасында Айғанымның хикаясы жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде әскерде харассмент жиі кездесетінін растайтын пікірлер жазылды. "Харассментке ұшыраған азаматтардың көбі әскерден кетіп қалады немесе жұмысынан айырылмау үшін басына түскен жағдайға көндігіп өмір сүруге мәжбүр болады" дейді құқық қорғаушы.

Қоғам көп жағдайға болған оқиғаға харассмент құрбанын кінәлап, жауапкершілікті жартылай немесе толықтай соған артып қояды.

– Әйелдердің өзі солай жазады. Осыдан қорқамын. Бұл түрімізбен қоғамды әйелге деген тұтынушылық көзқарастан арылта алмаймыз. Қоғам дертін емдеу керек, харассмент үшін қатаң жазалап, қылмысты бірден тоқтату керек. Әр мекемеде этикалық кодекс, шағым қабылдайтын ыстық желі болуы тиіс, – дейді Дина Смаилова.

Құқық қорғаушы мәселені шешуге заңға харассмент ұғымын енгізіп, ол үшін жаза бекіту ғана көмектесе алады деп сенеді. "Заң ғана көмектеседі", – дейді ол.

– Адамдар заңнан ғана аяқ тартады: заңда тыйым салынса, жауапкершілік барын білсе, [агрессор] өзін ұстауға тырысады. "Мен қызметте жүрмін, олай жасауға болмайды, жұмыстан шығып қалуым мүмкін" деп ойлайды. Бізде мұндай жағдайда не істеу керегі туралы қаулы да жоқ, – дейді Смайылова.

"ҚОЛДАНЫЛМАЙТЫН БАП БОЛЫП ҚАЛМАУЫ КЕРЕК"

Адвокат Бауыржан Азанов.
Адвокат Бауыржан Азанов.

Адвокат Бауыржан Азанов харассмент үшін жауапкершілік қарастыратын бапты қабылдау үшін бұл ұғымға нақты анықтама беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, анықтамадағы кез келген қателік баптың дұрыс қолданылмауына алып келеді.

– Заңда "харассмент" ұғымы дұрыс сипатталмаса, норма дұрыс қолданылмауы мүмкін. Көп жұмыс атқарып, мұның алдын-алу керек, – дейді адвокат.

Азанов бапты қабылдау ғана емес, оны іс жүзінде қолдану да маңызды екенін ескертті.

– Бұл бап қабылданған күннің өзінде қандай да бір учаскелік полиция қызметкері "Сені ешкім зорлаған, өлтірген жоқ қой. Басқа ісің жоқ па? Бар, жұмысыңды істе" деуі мүмкін. Міндетті түрде солай болады деген сөз емес, бірақ ол да мүмкін, – дейді Азанов.

"НеМолчиKZ" қоры харассмент туралы бапты қабылдауға "жала жабылу" ықтималдылығы кедергі болмауы керек деп есептейді. Қор өкілдері жала жапқысы келген адам тіпті, жемқорлық бабы бойынша да жала жаба алатынын айтады.

– Біреуге жала жабылуы мүмкін деп қорықсақ, қылмыстық кодекстегі бүкіл бапты алып тастау керек. Жала жабу тұрғысынан қарасақ, қазіргі баптарды шолып шығайық. Мысалы, "Зорлау" бабы бар. Бұл бап бойынша бәрі бірдей арыз жаза бермейтіні түсінікті: зорлық құрбандары әлдеқайда көп. Бірақ жала жабу өте сирек кездеседі. Харассмент бабымен де солай. Иә, кейде жала жабылуы мүмкін. Бірақ харассмент бойынша қанша іс қозғалатынын, қаншасы сотқа жететінін ескерсек, жала жабу ілуде бір кездесетін жағдай болады, – дейді құқық қорғаушы.

"Заңда жала жапқан адамға жауапкершілік қарастырылған. Харассмент бабы бойынша айыпталған адам жазықсыз болса, жала жабу бабы бойынша арыз бере алады. Әлі заңға енбеген харассмент бабымен салыстырғанда, жала жабу бабы бұрыннан жұмыс істеп келе жатыр", – дейді Дина Смаилова.

Бақылаушылар Қазақстандағы харассмент ауқымын бағалай алмай отыр. Жүргізілген әлеуметтік зерттеулер толық мәлімет бермейді, өйткені көбіне сауалнамаға қатысушылар сұрақтың түпкі мәнін түсінбейді.

– Ай сайын харассмент бойынша онға жуық арыз түседі. Көбі арыз жаза бермейді. Жәбірленушілер [агрессорға] ешқандай шара қолданылмайтынын біледі. Жеке шекарамыз жиі бұзылатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан халықтың басым көпшілігі қылмыс жасалғанын түсінбейді. Айғанымның арызынан кейін полиция қызметкерлерінің өзі хабарласып, "Жаман ештеңе болған жоқ қой!" деді. Жыныстық бопсалаудан бастаған адамның жәбірленушіні ешкім қорғамағанын көріп, зорлыққа барғанына да куә болдық, – дейді Дина Смаилова.

Заңға харассмент туралы бап енгізу керек пе, жоқ па деген талқы жүріп жатқан тұста дискриминация мен зорлық формасы саналатын жыныстық бопсалауға ұшыраған азаматтар не істеуі керек деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.

Айғаным Елшібаева 25 жаста. Әкесі қайтыс болғаннан кейін отбасының жалғыз асыраушысына айналған. Айғаным әскерден кеткен соң, такси жүргізушісі болып жұмысқа тұрған. "Арманымнан бас тартуға тура келді. Енді отбасымды қалай аяққа тұрғызуға болады деп қиналып жүрмін" дейді ол. Айғаным әскери қызметке оралғысы келмейді. "Бастысы, халық 54179 әскери бөлімшесінде не болып жатқанын білсе болды" дейді Айғаным.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG