АЯННЫҢ АЙТҚАНЫ
21 жастағы Аянның (есімі өзгертілді) айтуынша, шілденің соңында ол ЛГБТ (гей, лезби, трансгендер және бисексуал) өкілдері отыратын әлеуметтік желідегі топ арқылы бір жігітпен танысып, онымен құпия кездесуге келіседі. Кейін желіде танысқан жігіт пен оның досы Аянды "гей болғаны үшін" сабап тастаған.
– Біз сексуалдық бағытымыздың өзгелерден басқа екенін білдіртпеуге тырысамыз. Сондықтан мейлінше желі арқылы өзіміз сияқты адамдар "отыратын" топтарда танысып, құпия кездесу ұйымдастырамыз. Сондай топтардың біріне кіріп, өзім туралы мәлімет қалдырдым. Шілденің 27-сі кешке бір пәтерде кездестік. Маған ол жігіт бірден ұнамады, кетуге ыңғайландым. Бірақ ол "отыра тұр, қазір досым келеді" деп өтінді. Сәлден кейін досы келіп, екеуі бірден дөрекі сөйлей бастады. Мен кетуге ыңғайланып едім, есік жабық тұр екен. Сол сәтте "өлген жерім осы шығар" деген ой келді. Олар "ешқайда кетпейсің, сені қазір натуралға айналдырамыз" деп соға бастады, зорлады. Айғайлап едім, көмекке келген ешкім болмады, – дейді ол.
Аянның сөзінше, өзін соққан екі жігіт ұйықтап жатқанда таңертең кілтті тауып, қашып құтылған. 21 жастағы жігіт сол түні көрген қорлықтан бір айдай есін жия алмаған. Ол "бұл оқиғадан кейін өмірімнің күл-талқаны шықты" деп көзіне жас алды.
– Мен соңына дейін барам, себебі олар менің өмірімнің күл-талқанын шығарды. Өлгім келді. Әкем менімен сөйлеспейді, анам "мен үйленсем бәрі түзеліп кетеді" деп жүр. Достарым мен туыстарым теріс айналып кетті. Тек туған әпкем мен құпиямды білетін достарым қолдады. Басым жарылып, аяғым сынды. Үтік басып қорлық көрсетті, екі рет зорлады. Жұмысым бар еді, екі айдан бері жұмысқа шыға алмай отырмын. Айлық алмаған соң, кредит алған банктен ескерту алып жатырмын, – деді ол.
Аян оқиғадан бір ай өткен соң ЛГБТ өкілдерінің оқиғасын жариялап жүрген қазақстандық "Kok.team" сайты өкілдерімен кездесіп, басынан кешкендерін баяндауға бел буады. Ол Қазақстанда өзі секілді қорлық көргендер аз емес екенін айтады.
– Көп жігіттер бұл туралы айтпайды, ішінен тынады. Өйткені қорқады. Менталитет, консервативті ата-ана мен достар – осының барлығы жан-жақтан қысып, кейбірі өз-өзіне қол салады. Бұл өте қорқынышты, – дейді ол.
Аян ЛГБТ өкілдеріне Қазақстанда өмір сүру өте қиын екенін айтады. Ол қазір "елден кетуді ойластырып жүр".
"ЕКІ КҮДІКТІ ҚАМАЛДЫ"
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бұл оқиғадан соң "Сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеті", "Бас бостандығынан заңсыз айыру" және "Бопсалау" баптары бойынша іс қозғалғанын, қазір сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Департаменттің дерегінше, екі күдікті қамалған. Полиция тергеу жүріп жатқандықтан өзге ақпарат бермеді.
"Kok.team" сайтының өкілдерінің сөзінше, "Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің өмірі мен құқықтары жайлы ақпарат жоқтың қасы. Аян сияқты біреулерден таяқ жегендердің нақты санын да білу қиын. Бірақ ақпараттың аздығы ондай проблеманың жоғын білдірмейді". Сайттың дерегінше, Қазақстанда былтыр 40-тан астам гейге қысым жасалған.
– Бізге айына 10-12 хабар келіп түседі. Олардың көбі – жұмыстағы басшылығымен, әке-шешесімен арадағы түсініспеушіліктер, балағаттау сияқты фактілер. Ал Аянның басынан өткендей ұрып кету сияқты оқиғалар жиі болмаса да, ара-тұра болып тұрады. Бірақ біз ол туралы көп айта бермейміз, бізге нақты дәлел керек. Бірақ бұл "ұрып-соғу фактісі жоқ" дегенді білдірмейді. Себебі жәбірленуші полицияға арыз жазып, істі сотқа дейін жеткізгісі келмейтіндіктен болады. Олар "туған-туысы, жақындары, қоғам біліп қояды" деп қатты қорқады. Көбі полиция мен сотқа сенбейтіндіктен арыз жазбайды. Сондықтан Аян секілді өз оқиғасын ашық айтатындар өте сирек. Бірақ қоғам қысымынан қорықпай істі сотқа дейін жеткізу керек, – дейді "Kok.team" сайтының негізін қалаушылардың бірі Данияр Сәбитов.
Ал Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының өкілі, құқық қорғаушы Евгений Жовтистің ойынша, қоғамдағы теріс көзқарасқа қарамастан, сот бұл істі соңына дейін жеткізуі тиіс.
– Бұл істе заңды жағы мен қоғамдық пікірді бір-бірінен ажыратып алу керекпіз. Заңды жағын алсақ, мұнда көзге көрініп тұр, қылмыс жасалды, жазалануы керек. Ал қоғамдық пікірге келсек, біздің қоғамда зорлық-зомбылық, әсіресе, ерлер арасында қатты сыналмайды. Әдетте "қыздың өзі кінәлі" дегенге саяды. Ал сексуалдық бағыты өзге адамдарға деген қоғам пікірі бұдан да жаман. Себебі біздің қоғамда ЛГБТ өкілдеріне теріс көзқарас бар. Сондықтан басым көпшілік "өз обалдары өзіне" деген пікірде болары сөзсіз. Дегенмен мемлекеттік сот жүйесі кімнің болса да, құқығын қорғауға міндетті, – дейді Жовтис.
Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар да Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің құқығы көп бұзылатынын жиі айтады. Биыл наурыз айында Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы резолюция қабылдаған Еуропарламент елде "ЛГБТ (лесби, гомосексуал, бисексуал, трансгендер) қауымы өкілдеріне қысым көп, олар заң жағынан кедергіге жиі тап болады" деп бағалаған. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Еуропарламенттің қарары заңды күші жоқ, тек ұсыныс сипатындағы құжат" деп мәлімдеген.
Ал 2017 жылы Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне теріс көзқарас қалыптасқанын, "бір жынысты қарым-қатынас пен гендерлік жайсыздық бірден айыпталатынын" айтқан. Ұйым бұл елде ЛГБТ гомофобия мен кемсітушілікке ұшырайтынын мәлімдеген. AI Қазақстан билігін ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғап жүрген ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, кедергі келтірмеуге шақырған. Ұйым биылғы есебінде "Нұр-Сұлтан азаматтарды жыныстық ерекшелігіне бола кемсітуден қорғайтын дискриминацияға қарсы заң қабылдауы тиіс" деген.
ПІКІРЛЕР