Accessibility links

"Жыныстық сипаты өзгеше" әйелдерді қорғаудың қиындығы


"Феминита" қоғамдық қорының белсенділері Гүлзада Сержан (сол жақта) және Жанар Секербаева. Астана, 17 мамыр 2017 жыл.
"Феминита" қоғамдық қорының белсенділері Гүлзада Сержан (сол жақта) және Жанар Секербаева. Астана, 17 мамыр 2017 жыл.

"Жыныстық сипаты өзгеше" әйелдерді қоғам жатсынады, мүмкіндігінше шеттетуге тырысады. ЛБК (лесби, бисексуал, квир) қауымының құқығын қорғаумен айналысқысы келетін ұйым ресми тіркеуден өте алмай отыр. Құқық қорғаушының пікірінше, билік адам құқығына "азшылық көпшілікке бағынуы тиіс" деген ұстаныммен қарайды.

"ЖҰРТТЫҢ МАЗАҒЫ МЕН ТУЫСТЫҢ НАЛАСЫНА ҚАЛДЫҚ"

Жеке өмірі күтпеген жерден көпшілікке жария болған Алматы тұрғыны Зәуре (өз өтінішімен есімі өзгертілді – ред.) өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Бастан кешкендерін Азаттық тілшісіне айтып берген оның сөзінше, істі сотқа жеткізудің өзі оңай болмаған.

Өзге де жастар секілді Зәуренің де жанына жақын тартып, жақсы көретін құрбысы бар. Онымен кейде ренжісіп, татуласады. Сондай бір күні, өткен жылғы қаңтарда екеуі кездесіп, киноға барған. Алайда жақындары мен туған-туысынан жасырып жүрген сырлары сол күні жалпақ жұртқа жария болады деп ойламаған. Киноға келген көрерменнің бірі екі қыздың сүйісіп отырған сәтін смартфонмен видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге таратып жіберген.

- Оқып жүрген кезім еді (2018 жылы). Әнел екеуміз киноға бардық. Видеоға екеуміздің татуласқан сәтіміз ілінген. Жанымызға келіп, ашу-ызасын білдірген жігітке қолымызды бір сілтеп қоя салған едік. Оның бізді видеоға түсіргенін байқамаппыз. Сол күні интернетке жүктелген видео ертеңіне жаппай тараған. Сөйтіп, курстастар мен әріптестердің, дос-жаранның мазағы мен ағайын-туыстың наласына қалдық, - дейді Зәуре.

ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) символы бейнеленген матаны жамылып отырған адамдар. Көрнекі сурет.
ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) символы бейнеленген матаны жамылып отырған адамдар. Көрнекі сурет.

"Желіде жарияланған видео арқылы жеке өмірімізге қол сұғылды, ар-намысымыз тапталды" деп есептеген екі қыз бастапқыда қайда барып, кімге шағынарын білмеген. Ақылдаса келе, әуелі заңгер кеңесі мен адвокатқа қажетті ақша жинауды ұйғарған. Бұл істе оларға қазақстандық "Феминита" феминистік бастама тобы" ұйымы көмекке келген.

- "Феминита" тобы барын естіп, өкілдерімен кездестік. Олар бірден бізді қолдап, қаржы жинауға кірісіп кетті. ЛБК (лесби, бисексуал, квир) қауымының пікірі екіге жарылды, бір жағы бізді жақтаса, екінші жағы әлгі жігіттің видео түсіріп, жариялап жібергеніне өзімізді кінәлады. Меніңше, видео түсірген адамға бұл тек кезекті хайп қана. Сондықтан сотқа беріп, жеңіп шықтық, - деді Зәуре Азаттыққа.

2018 жылғы мамырда Алматының Әуезов аудандық соты "жеке өміріміз жайлы видеоны рұқсатсыз түсіріп, таратты, ар-ожданымызды қорлады" деп шағым түсірген қыздардың талабын қанағаттандырған және жауапкерді моральдық зиян келтіргені үшін екеуіне 15 мың теңге (шамамен 46 доллар) өтемақы төлеуге міндеттеген. Бірақ тамызда Алматы қалалық апелляциялық сот алқасы екі қыз көпшілік орында "қоғамның моральдық негіздеріне жат қылық жасаған", ал видеоны таратқан жігіт "рухани адамгершілік өнегені қорғауға тырысқан" деген ұйғарымға келіп, істі қайтарып тастаған. Бұған меселі қайтпаған қос қыз Жоғарғы сотқа жүгінген. Биыл шілденің соңында талапкерлердің кассациялық шағымын қараған Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы "жауапкер арызданушылардың жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын бұзған" деген шешім шығарған.

"ЖЫНЫСТЫҚ БАҒЫТЫН ТҮЗЕУ ҮШІН ЗОРЛАУ"

Зәуре секілді жеке өмірі жария болып, зәбір көрген жандар кімнен көмек сұрайды? Ондай әйелдер көп пе? Мұндай сауалдың жауабын Зәуре мен құрбысының құқығын қорғауға атсалысқан "Феминита" феминистік бастама тобы" қоғамдық ұйымын құрып, жыныстық ерекшелігіне байланысты қорғансыздың күйіне түскендердің мұң-зарын қоғамға бірігіп жеткізіп, олардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан көбірек біледі.

- 2014 жылы теңге күрт құнсызданғанда наразылық шеруі болды емес пе? Сол шеруге екеуміз де шыққанбыз. Жанарды ұстап әкетті. Суретіміз бен сөздеріміз әлеуметтік желіде жиі тарады. Кейбіреулерге сырт келбетіміз ұнамай қалғаны түсінікті болды. Жыныстық бағытымыз оғаш көрінетінін сезіндік. Осы наразылықтан кейін басқа да азаматтық қозғалыстарға қосылайық десек шеттететіні байқалды. Біз сияқты әйелдердің құқығы шектеліп, қоғамнан қысым көретінін, мұның үлкен мәселе екенін сонда түсіндік, - дейді Гүлзада Сержан.

Ресми тіркеуден өте алмай жүрген "Феминита" қоғамдық ұйымының құрылтайшыларының бірі Гүлзада Сержан.
Ресми тіркеуден өте алмай жүрген "Феминита" қоғамдық ұйымының құрылтайшыларының бірі Гүлзада Сержан.

Мұндай мәселенің қаншалықты тереңдегенін жете түсіну мақсатында олар алдымен зерттеу жүргізген. Зерттеуге 200-ден аса адам қатысқан. Респонденттердің 48 пайызы жыныстық өзгешелігіне бола зорлық-зомбылық, қысастыққа кезігетінін айтқан. Әсіресе тілдеу, қорлау, ұрып кету, қудалау, қысым көрсету жиі кездесетінін, кейбірін үйге қамап тастаса, кейбірін "жыныстық бағытын түзу жолға салу үшін зорлағанын" хабарлаған. Олар ақпараттық ресурстарға, медициналық және психологиялық жәрдемге, туыс-жақындары үйден қуып шыққанда паналайтын жерге мұқтаж екенін айтқан.

Мәселенің күрделі екенін түсінген белсенділер "Феминита" қоғамдық ұйымын тіркеп, ресми жұмыс істеуге бел буған. Алайда екі жылдан бері ол талпыныстарынан нәтиже шықпаған.

ҰЙЫМДЫ ТІРКЕУ МАШАҚАТЫ

"Феминита" бастамашыл тобы 2017 жылдан бері Алматы қалалық Әділет департаментіне үш рет құжат тапсырып, үшеуінде де тіркеле алмаған. Бастамашыл топтың алдынан "ұйым мақсатын заң баптарындағы сөйлемдермен бірдей ету мәселесі" шыға берген.

- "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңның 4-бабына сәйкестендіру керек деді. Онда ұйымның қызметi мен мақсаттары туралы мәлімет беру керектігі жазылған. Біз мақсатымыз "қоғамнан шетқақпай көретін әйелдердің құқықтық, әлеуметтік жағдайларына байланысты құқығын қорғау" деген едік, қысқарта-қысқарта "жеке тұлғалардың құқығын, заңды мүдделерін қорғау, дене және ақыл-ес мүмкіндіктері шектеулі, ЛБТИК (лесби, бисексуал, трансгендер, интерсекс, квир) қауымының, жыныстық қызмет көрсететін әйелдердің адам құқығы туралы жеке түсінігін арттыру" деп көрсеттік. Алайда ол да төртінші бапқа сәйкес болмай шықты, - дейді Гүлзада Сержан.

Белсенділер Жанар Секербаева (сол жақта) мен Гүлзада Сержан (оң жақта) адвокат Айман Омаровамен бірге әкімшілік соттың алдында тұр. Алматы, 20 тамыз 2018 жыл.
Белсенділер Жанар Секербаева (сол жақта) мен Гүлзада Сержан (оң жақта) адвокат Айман Омаровамен бірге әкімшілік соттың алдында тұр. Алматы, 20 тамыз 2018 жыл.

Қор өкілдерінің сөзінше, мемлекеттік орган қоғамдық ұйым құжатының нақты қай тұсы заңға сай емес екенін көрсетпеген. Үш талпыныстан нәтиже болмаған соң екі белсенді ақыры сотқа жүгініп, "Феминита" қоғамдық қорын тіркеуден өткізуді міндеттеуді сұраған. Гүлзада Сержанның айтуынша, бірінші сот отырысында Алматының әділет департаменті "Феминита" феминистік бастамашыл тобы" қоғамдық қорының тіркеу құжаты "Қайырымдылық туралы" заңда қоғамдық ұйымның мақсаты туралы жазылған 2-бабының 2.1-тармағына да сәйкес келмейді деген уәж айтқан. Ол бапта қайырымдылық мақсатына қандай міндеттерді орындау арқылы қол жеткізілетіні көрсетілген.

- Біз құжат тапсырғанда ол туралы білмейміз ғой? Бізге ол туралы осы сотта ғана айтты, - дейді Гүлзада Сержан.

Істі қараған Алматының Медеу аудандық соты 2019 жылы мамырда талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарды. Кейін қыркүйекте өткен аппеляциялық сот алқасы бұл шешімді күшінде қалдырды.

Қоғамнан шетқақпай көретін әйелдердің құқығын қорғағысы келетін екі белсенді "ұйым құруға рұқсат беретін конституциялық құқықтарын" әрі қарай да талап ете бермекші.

- Ұйым ретінде тіркелсек шетқақпай көрген әйелдерге көмегіміз көбірек тиер еді. Ал қазір әртүрлі жобаларға қатысып, сайт пен әлеуметтік желі арқылы кеңес берумен ғана шектеліп жүрміз, - дейді Гүлзада Сержан.

Азаттық тілшісі "Феминита" қоғамдық ұйымын тіркеуге алмаудың себебін Әділет министрлігінің баспасөз қызметінен сұрап көрді.

- Біз ұйымдарды "тіркемейміз" демейміз. Тек тіркеуді тоқтату туралы бұйрық шығарамыз, себебі сонда көрсетіледі, - деп қысқа жауап берді министрлік өкілі.

Ол Жоғарғы сот белсенділердің кассациялық шағымына байланысты шешім шығарғанға дейін түсініктеме бере алмайтынын айтты.

"АЗШЫЛЫҚТЫ КӨПШІЛІККЕ БАҒЫНДЫРУ"

Қазақстандық "Либерти" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов жыныстық сипаты өзгеше әйелдер құқығын қорғауға талпынған бастамашыл топтың қиындыққа кезігуі билік орындарының адам құқығы жайлы түсініктерімен байланысты деп топшылайды.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.

- Қазіргі билікте "азшылық көпшілікке бағынуы тиіс" дейтін советтік ұраншыл саяси жүйенің дәстүрі жалғасып келеді. Адам құқығы мәселесіне олай қарауға болмайды. Азшылық құқығы көпшілікпен бірдей. Біздің билік көпшілікке ұнамаған нәрсені күшпен, мәжбүрлеп жүзеге асырғысы келеді. Керісінше, билік азшылықты қолдап, адам құқығын сақтауға мүдделі болуы керек, - дейді Ағелеуов.

Оның сөзінше ЛБК қауымына жататын әйелдерді өзгелерге ұқсамайтындығы үшін кемсітіп, шеттетуге болмайды.

Қыркүйектің 13-і күні халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда "Феминита" тобын кезекті рет тіркеуден өткізбей қойған биліктің ісін сынады. HRW ұйымының жазуынша, билік "Феминита" ұйымына "тіркеуден өту үшін не істеу керектігін" нақтылап түсіндірмеген және тіркеу жайлы істі қараған судья топтың мақсаты "рухани-моральдық құндылықтарға қайшы және қоғамда отбасының рөлін дамытпайды" деген тұжырым жасаған.

"Қазақстанда ұзақ уақыттан бері лесби, бисексуал, трансгендер әйелдер бар және мұндай шешім оларды қоғамнан тұтастай алшақтатып тастаған сияқты көрінеді" деген Feminita тобының құрушылардың бірі Жанар Секербаева.

Қазақстанның "Азаматтық және саяси құқықтар" туралы халықаралық пактіні қабылдағанын алға тартқан HRW бұл "пакті бірлестік аясында бірігу құқығын құрметтеуді талап етеді" деп атап өткен.

Биыл наурыз айында Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы резолюция қабылдаған Еуропарламент елде "ЛГБТ (лесби, гомосексуал, бисексуал, трансгендер) қауымы өкілдеріне қысым көп, олар заң жағынан кедергіге жиі тап болады" деп бағалаған. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Еуропарламенттің қарары заңды күші жоқ, тек ұсыныс сипатындағы құжат" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG