Accessibility links

"Қатыгездікпен өлтірген". ЛГБТ қауымының мүшкіл халі


Гей екенін әлеуметтік желіде хабарлағаннан кейін көп ұзамай Шокир Шавкатовты Ташкентте өлтіріп кетті.
Гей екенін әлеуметтік желіде хабарлағаннан кейін көп ұзамай Шокир Шавкатовты Ташкентте өлтіріп кетті.

Өткен аптада Ташкентте 25 жастағы гейдің кісі қолынан мерт болуы Өзбекстанда биліктен өздерін қорғауды сұраған ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің мүшкіл жағдайына назар аудартты.

Ташкентте 25 жастағы гейді асқан қатыгездікпен өлтіру қылмысы тұрғындарының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын Орталық Азиядағы елде қысымға жиі тап болатын ЛГБТ қауымдастығы өкілдерін шошытты.

"ГЕЙ ЕКЕНІН АЙТҚАН СОҢ ӨЛТІРІП КЕТТІ"

Бірнеше күн бұрын ғана гей екенін мойындап Instagram әлеуметтік желісінде пост жазған Шокир Шавкатов қыркүйектің 12-сінде Ташкенттегі пәтерлердің бірінен өлі табылды. Ішкі істер органының мәліметі бойынша, Шавкатовты мойны мен қолына бірнеше жерден пышақ салып өлтірген. Милиция өкілінің хабарлауынша, тамағынан бауыздалған жігіттің басы денесінен ажырап түсуге шақ қалған.

Қасақана адам өлтіру қылмысына күдікті ретінде 28 жастағы азамат қамауға алынған.

- Бұл жауыздықпен кісі өлтіру әрекеті - гомофобияның айқын көрінісі.

Өзбек милициясы адам өлтіруге түрткі болған себептерді анықтап жатқандарын айтқанымен, жергілікті белсенділер бұл қылмысты сексуалдық азшылық өкілдеріне деген өшпенділіктің белгісі деп санайды.

- Бұл жауыздықпен кісі өлтіру әрекеті - гомофобияның айқын көрінісі, - деді жергілікті ЛГБТ қауымдастығының белсендісі Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында.

Жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жарияламауды сұраған белсенді: "Біз қатты алаңдап отырмыз... және үкіметтен сексуалдық азшылық өкілдерін қорғауды талап етеміз" деді.

Шавкатов өлімінің жай-жапсары жайлы бір-біріне кереғар ақпараттар бар. Бір досының айтуынша, қайғылы оқиғадан сәл бұрын оны Ташкенттегі гейлер арасында танымал түнгі клубта көргендер бар.

Өзін тек "Әзиз" деп таныстырған жігіттің айтуынша, жас шамасы 40-тардағы екі ер адам Шавкатовпен сөйлесіп, оны бір жаққа алып бара жатқан. Оны күштеп әкетті ме, әлде пәтерге өз еркімен барды ма, ол жағы белгісіз. Бірнеше сағаттан соң ол Ташкенттің Юнусобод ауданындағы пәтерден өлі табылған.

- Шокир Шавкатовты түнгі клубтан алып бара жатқан екі адам өздерін "этика жөніндегі милиция қызметкеріміз" деп таныстырған, - деген ташкенттік белсенді Әзиздің сөзін растаған.

Белсендінің сөзінше, қылмыс болардан бір күн бұрын түнгі клубқа рейд жүргізген милиция оншақты гомосексуалисті алып кеткен. Билік өкілдері бұл айыпты жоққа шығарып, ақпарат құралдарын "жалған хабар таратып, халық пен милицияны адастырмауды" сұрады.

Милицияның айтуынша, Шавкатовты ресейлік ВКонтакте әлеуметтік желісі арқылы кездескен жігіт өлтірген. Құқық қорғау органдары Ташкенттің Олмазор ауданында уақытша тұрып жатқан Одилжон есімді жұмыссыз жігітті күдікті деп таныды.

Тәртіп сақшыларының болжамы бойынша, екі жігіт жәбірленушінің пәтерінде кездесіп, әлденеге дауласып қалған. Соңынан Одилжон Шавкатовтың мойны мен қолына пышақ салған.

Милицияның айтуынша, пәтердің есігінің астынан аққан қанды көрген көршісі құқық қорғау органдарына хабарлаған. Күдікті такси жүргізушісі берген мәліметтердің негізінде табылып, қамауға алынған.

Милиция мәлімдемесінде жарақаттың қаншалық ауыр екендігі жайында ештеңе айтылмайды, дегенмен Азаттықтың Өзбек қызметімен сұхбатында милиция қызметкері "жігіттің басын кесіп тастауға шақ қалған" деп айтты.

ГЕЙ БОЛУДЫ ҚЫЛМЫСҚА ЖАТҚЫЗАДЫ

Өзбекстанда гомосексуализм қылмысқа жатады, заң бойынша, ондай айып тағылған адамға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Тамызда елдегі түрлі ЛГБТ қауымдастықтарының белсенді мүшесі президент Шавкат Мирзияевтан гомосексуализмді қылмыс қатарынан алып тастауды сұраған.

Видеомәлімдемесінде Шохрух Салимов президентті Қылмыстық кодекстің атышулы120-бабының күшін жоюға шақырған. Ол бап "екі ер адамның өз қалауымен жыныстық қатынас жасауы" жайын қарастырады.

Шетелде тұрып жатқан Өзбекстан ЛГБТ қауымының өкілі Шохрух Салимов.
Шетелде тұрып жатқан Өзбекстан ЛГБТ қауымының өкілі Шохрух Салимов.

Гомосексуализм туралы ешқашан жария түрде пікір айтпаған президент бұл мәлімдемеге де жауап берген жоқ. Сол кезде Түркияда болған Салимов Өзбекстандағы ЛГБТ қауымы өкілдерінің "аса қатыгез қудалауға ұшырап жатқанын" айтып, Мирзияевті өздеріне қорған болуға шақырған.

Сол видеомәлімдеме жарияланардан біраз уақыт бұрын милиция "заңсыз жыныстық қатынас" жасады деп Ташкенттің Чолинзор ауданында екі гей жігітті тұтқындады деген хабар тараған.

Видео интернетте жарияланған соң Өзбекстан полицейлері Салимовтың Ташкенттегі туыстарының үйіне барып, оған іздеу салынғанын айтқан. Салимовтың ата-анасымен көрші тұратын бір адам Азаттыққа берген сұхбатында оларға ұлдарының сексуалдық ұстанымына бола "көршілері қатты қысым жасап жатыр" деді.

- Үйлеріне милицияның келуі отбасы үшін үлкен психологиялық қысым болды, - деді ол.

Белсенділердің айтуынша, милиция гейлерден ақша талап етіп, жиі бопсалайды.

ЛГБТ қауымдастығын балағаттап, ұрып-соғу жиі болып тұрады. 2017 жылы Ферғана аймағында гей жігітті кемсітіп, қатты ұрып-соққаны үшін бес адам тұтқындалған. Бұзақылар өз іс-әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған соң милиция олардың кім екенін анықтап, тұтқынға алған.


2013 жылғы Женевадағы кездесуде БҰҰ-ның Адам құқықтары комитеті Өзбекстан билігін совет заманынан қалған "заңсыз жыныстық қатынас" ережесінен бас тартуға шақырған.

Алайда өзбек делегациясының басшысы Абдукарим Шодиев бұған қарсылық білдіріп, ол заңның "Өзбекстанның мәдениеті мен дәстүріне сай" келетінін айтқан.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалдары негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG