Былтыр АҚШ-тан саяси баспана сұраған ресейліктер саны соңғы 24 жылда болмаған рекордты көрсеткішке жеткен. 2016 жылмен салыстырғанда Америкадан пана іздегендер 40 пайызға артқан. Ресей президенті Владимир Путин 2012 жылы Кремльге қайтып оралғалы бері Америкадан сауға сұрайтындар жылдан жылға көбейіп барады.
Қыркүйектің 30-ында аяқталатын қаржы жылында АҚШ-тың атқарушы органдарына Ресей азаматтарынан 2664 өтініш түскен. Саяси баспана сұрағандардың көлемі 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 39 пайызға көп.
АҚШ-тың "Ақпарат еркіндігі" заңының аясында Азат Еуропа/Азаттық радиосы Американың Азаматтық және иммиграция қызметіне (USCIS) өтініш айтып, 2017 жылғы статистиканы алдыртты. Бұл мәліметтер әлі ашық түрде жарияланған жоқ.
2017 жылы АҚШ-тан пана сұраған ресейліктер саны Путин төрт жыл үкімет басқарған соң президенттікке қайтып оралған 2012 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Бұл тіпті Совет одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңнің көрсеткіштерінен де асып түскен. Бұдан бұрынғы рекорд 1994 жылы тіркелген – ол жолы Ресей азаматтарынан 2127 өтініш түскен еді.
АҚШ-тан пана сұраған ресейліктер туралы инфографика:
Путиннің сыншылары ол президенттікке қайтып келгелі Ресейде өзге ойлы азаматтарды, соның ішінде саяси оппозиция мен Кремльмен жүз шайысқан бизнес өкілдерін қудалау көбейгенін, сексуалдық азшылық өкілдерін кемсіту күшейгенін айтады.
Путин үшінші мерзімге президент болып отырғаннан соң бір жыл өткеннен кейін, 2013 жылы қол қойған заң бойынша Ресейде кәмелетке толмағандарға "дәстүрлі емес сексуалдық қарым-қатынасты насихаттауға" тыйым салынған. Кремльге қатысты сыни пікірді үдеткен бұл заңды адам құқықтарын қорғаушы белсенділер "бәзбіреулерді кемсітетін заң" деп сипаттаған. Кремль бұл айыпты жоққа шығарады.
АҚШ-тың Отандық қауіпсіздік департаментінің (DHS) статистикасында саяси баспана сұраудың себептері көрсетілмейді. Дегенмен, өтініштері қанағаттандырылуы үшін олар "нәсілі, діні, ұлты, белгілі бір әлеуметтік топ құрамында болғаны не саяси көзқарасы үшін өз елінде қудаланып жатқанын, я қудалаудың нақты қаупі бар екенін" дәлелдеп беруі керек.
Адам құқығын қорғаушылар мен иммиграция саласындағы заңгерлердің айтуынша, АҚШ-тан баспана сұраушылардың артуына бір жағынан 2013 жылғы сексуалдық азшылық туралы заң да түрткі болған.
Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі соты былтыр шығарған шешімінде мұндай заң қабылдау арқылы Ресей басшылығы "стигма мен теріс түсінікті үстемелеп, гомофобияға қолдау көрсетеді, ал бұл демократиялық қоғамға тән теңдік, плюрализм және толеранттылық қағидаларына қайшы келеді" деген тұжырым жасаған.
"КЕТУГЕ МӘЖБҮР ЕТТІ"
Жасы отыздың шамасындағы Влад есімді гомосексуалист Азаттыққа берген сұхбатында "еркін өмір сүре алатын" орта іздеп жүргенінде заңгерлердің "АҚШ-қа өтініш жаз" деп кеңес бергенін айтады. Өзінің сөзінше, отбасы оның гей екенінен бейхабар, сондықтан ол фамилиясын жарияламауды өтінді.
Телефонмен берген сұхбатында Влад Ресейде кездесіп жүрген жігітін гей-клубтан шыққан жерінен әлдекімдер өлтіріп кеткенін айтты. "Мұны гейлерге қарсы қарулы банда ұйымдастырды деп күдіктенемін" дейді Влад. Өзінің айтуынша, сексуалдық бағдары үшін Ресейде оны көп кемсітеді екен.
"Мұнда тыныш өмір сүре алмайтынымды, Ресейде әріптес таба алмайтынымды түсіндім де, кетуге бел будым", – дейді Влад. Ол АҚШ-тан саяси баспана сұрап, 2016 жылғы желтоқсанда өтініш жазған.
Нью-Йоркте тұратын белсенді, орысша сөйлейтін сексуалдық азшылық өкілдері мен олардың отбасы мүшелерін қорғаумен айналысатын RUSA LGBT қоғамдық ұйымының басшысы, өзі де бір кездері Америкадан саяси баспана алған Леша Горшковтың айтуынша, 2016 жылдан бері Ресейдегі ВИЧ жұқтырған гейлер АҚШ-тан "жаппай" саяси баспана сұрай бастаған.
Оның айтуынша, бұған Ресейде ВИЧ індетін емдеудің қиындығы себеп болған.
Былтыр Ресей құрамындағы мұсылман елі – Шешенстанда гомосексуалистерді азаптау және өлтіру науқаны жүріп жатыр деген әңгіме шыққалы Канада мен Еуропаның бірнеше мемлекеті Шешенстаннан баспана сұрағандарға көп көмектесе бастаған.
Ресейдегі белсенділер АҚШ визасын алуда шешендердің қиындықтарға тап болып жатқанын айтады.
Нью-Йорктегі Grinberg & Segal құқықтық кеңсесінің иммиграция жөніндегі адвокаты Уенди Барлоу Азаттыққа берген сұхбатында былтыр Шешенстанның ЛГБТ қауымдастығы өкілдеріне "бір-екі мәрте кеңес бергенін, бірақ әлі ешкімнің ісіне өкілдік етпегенін" айтты.
САЯСАТҚА АРАЛАСПАЙ-АҚ БИЛІКТЕН ҚҰҚАЙ КӨРГЕНДЕР
Америкалық адвокаттардың сөзінше, Ресей билік өкілдерінен құқай көрдік деп, АҚШ-тан баспана сұрап жатқандар арасында бизнесмендер де көп.
Нью-Йоркте тұратын адвокат Борис Палант өзі ісін жүргізіп жатқан ресейліктердің көбі "жалған қылмыстық іс бойынша қудаланып жатқандар" екенін айтады.
"Біреуі – банкир, көпшілігі – жас бизнесмендер", – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.
Нью-Йоркта тұратын тағы бір адвокат Эндрю Джонсонның айтуынша, оның фирмасы 2017 жылы саяси баспана сұраған ресейліктердің 25-30 ісін қабылдаған. Олардың жартысы "саяси көзқарасына" байланысты өтініш берсе, 35 пайызы "саяси реңкі бар", бизнеске қатысты істер екен.
Адвокаттың сөзінше, клиенттердің арасында "Путинге қарсы болып, басқа саяси партияны қаржыландырғаны не оның жұмысына қатысқаны үшін бизнесіне қатер төнген" адамдар бар.
Кейде тіпті ешқандай саясатқа араласпай-ақ, пара сұрағандарға не басқа да қысым жасағандарға наразылық білдіргені үшін "үкіметке қарсы шықты" деп айыпталғандар да бар дейді Джонсон.
Ресейде жақында өткен сайлауда Владимир Путин айқын басымдықпен жеңіске жетіп, төртінші мерзімге президент болып сайланды. Оппозиция өкілдері бұл сайлауды "қатаң бақылаумен ұйымдастырылған саяси спектакль" деп сипаттайды.
Сайлау науқанының ең қызған шағында, наурыздың 1-і күні Ресей халқына жасаған жолдауында Путин "жемқор басшылар мен құқық қызметкерлерінің бизнеске қысым жасауына мүмкіндік беретін тетіктердің бәрін жою керек" деп мәлімдеген.
Путин де, оның алдында аз уақыт Ресей президенті болған, қазіргі премьер-министр Дмитрий Медведев те осындай мәлімдемелерді жиі жасап тұрады.
"ЖАСЫРЫН" МИГРАЦИЯ
Былтыр 2664 адам АҚШ-тан баспана сұраған, бұл – 2012 жылғы көрсеткіштен 268 пайызға көп. Әйткенмен, 144 миллион тұрғыны бар Ресей үшін бұл тым мардымсыз.
Сонда да, 2017 жылы алғаш рет саяси баспана сұраған ресейліктердің саны бойынша АҚШ екінші орында тұр. Еуропа Одағының былтыры иммиграция туралы мәліметтеріне сүйенсек, 4885 Ресей азаматы пана сұрап, Германияға өтініш берген. 28 елден тұратын Еуроодақ елдеріне жалпы 12600 ресейліктен өтініш түскен.
Германиядан саяси баспана сұраған ресейліктердің 90 пайызы – Еуроодаққа Беларусь-Польша шекарасы арқылы кірген шешен ұлтының өкілдері дейді Берлинде орналасқан Миграциялық саясат институтының басшысы Ольга Гулина.
"АҚШ-тан баспана сұрап жатқан ресейліктер – әртүрлі топ өкілдері", - дейді ол.
Гулинаның айтуынша, Ресей азаматтарының Еуропаға "гуманитарлық миграциясы" жасырын жүріп жатыр.
"Жұрт саяси баспана сұрамай, басқа механизмдерді, мәселен, білім беру бағдарламаларын қарастыруға тырысады", – дейді Гулина.
Ресей Ұлттық экономика және қоғамдық саясат академиясы ғалымдарының биыл қаңтарда жариялаған зерттеу еңбегіне сенсек, соңғы кездері жылына 100 мыңға тарта Ресей азаматы елден көшіп жатыр екен. Олардың 40 пайызға жуығы – жоғары білімді адамдар.
Тағы бір ғалымдар тобы 2010 жылдан бері Ресейден шетелге көшіп, сонда қалып қойған кәсіби білігі жоғары мамандар арасында сауалнама жүргізген. Респонденттердің көбі 2014 жылы болған экономикалық қиындық кезінде елден кетуге бел буыпты. Сол жылы Украинаға қатысты экспансиялық саясатына бола Батыс елдері Ресейге санкция салып, оның үстіне мұнай бағасы арзандап, ел экономикасы құлдырап кеткен еді.
Сұралғандардың 25 пайызға жуығы Ресейдегі "саяси жағдайға" байланысты көшіп кеттік деген. Соның ішінде олар 2012 жылы Путиннің Кремльге қайта оралуын және "2014 жылғы оқиғаларды" атаған. Сол жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап, Шығыс Украинада ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған.
(Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды)