Accessibility links

Путиннің Ресейді кері тартқан 10 заңы


Ресей полицейлері шерушіні ұстап жатыр. 19 сәуір 2015 жыл.
Ресей полицейлері шерушіні ұстап жатыр. 19 сәуір 2015 жыл.

Ресей оппозициялық белсенділері «Путинизмді қалыптастырған, оған билікті асыра пайдалануына жол ашқан» бірнеше заңның тізімін жасады. Олардың ойынша, Ресей қоғамының бұл заңдардан құтылғаны жөн.

Ресейдің бір топ диссиденті «ең зиянды» деген 10 заңның тізімін жасады. «Құқық санациясы» (Санация права) жобасына біріккен олар «Ресей қоғамына ауыр залал келтіріп отырған бұл заңдардан дереу құтылу керек» деп санайды.

Идея авторлары: жазушы Григорий Чхартишвили («Борис Акунин» деген псевдониммен танылған), Transparency International ұйымының вице-президенті Елена Панфилова, қуғындағы оппозициялық саясаткер Владимир Ашурков және адам құқықтарын қорғаушы заңгер Павел Чиков.

«ШЕТЕЛ АГЕНТТЕРІ» ТУРАЛЫ ЗАҢ

Мәскеудегі Хельсинки тобының президенті Людмила Алексеева Ресей думасы алдында ҮЕҰ-ны "шетел агентіне" теңестіретін заңға наразылық білдіріп тұр.
Мәскеудегі Хельсинки тобының президенті Людмила Алексеева Ресей думасы алдында ҮЕҰ-ны "шетел агентіне" теңестіретін заңға наразылық білдіріп тұр.

Оппозиция жаппай наразылық шараларын өткізіп жатқан 2012 жылдың қарашасында қабылданып, үлкен дау тудырған бұл заң бойынша, шетелден қаражат алатын және «саясатқа араласатын» үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) барлығы Ресей әділет министрлігінде «шетел агенті» ретінде тіркелуге міндетті.

Бұл шартқа бағынбаған ҮЕҰ-ға 4 215 АҚШ долларына дейін айыппұл салынуы немесе оның басшысы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ҮЕҰ-лардың көбі «тыңшы» дегенмен пара-пар «шетел агенті» болғаннан гөрі жұмысын тоқтатқанды жөн көретін сыңайлы. Осы заң қабылданғалы 20-ға тарта қоғамдық ұйым жабылған.

Тәуелсіз ақпарат құралдарын қолдаумен айналысатын, Борис Зимин басқаратын ҮЕҰ «шетел агенттерінің» қара тізімінде тұр. Ал Бористің әкесі, телекоммуникация саласының магнаты Дмитрий Зиминнің «Династия» қоры осы «жаман атты» жамылмас үшін былтыр жұмысын тоқтатқан. Бұл қор жас ғалымдарға грант бөлумен айналысып келген еді. Оның жабылуы қаржылық қолдауға мұқтаж ғалымдарды қынжылтты.

«Құқық санациясы» тобының айтуынша, «саясатпен айналысу» дегеннің өзі ауқымды түсінік болғандықтан, полиция кез келген мекеменің қоғамдық жұмысын «саясатқа» жатқыза алады».

Олардың айтуынша, бұл заң «азаматтардың бірігіп, қоғамдық іс-әрекеттер жасау мүмкіндігін шектейді» және Ресей конституциясы мен Еуропаның адам құқықтары жөніндегі конвенциясына қайшы келеді. Еуропа кеңесі мүшесі ретінде Ресей конвенция шарттарына бағынуы тиіс.

«ДИМА ЯКОВЛЕВ» ЗАҢЫ

Соңғы жылдары Ресей парламенті қабылдаған заңдар ішіндегі қоғамды жікке бөлген даулы құжаттың бірі – ресейлік жетім балаларды АҚШ азаматтарының асырап алуына тыйым салған заң.

2012 жылы қабылданған бұл заңға АҚШ азаматы асырап алған ресейлік бала Дмитрий Яковлевтің есімі берілген. 2008 жылы кішкентай Диманы асырап алған өгей әкесі көлік ішіне тоғыз сағатқа қамап кетіп, ол машина ішінде ыстық өтіп қайтыс болған. АҚШ соты «бала қасақана өлтірілмеген» деген тұжырым жасаған.

Бұл заң «Магнитский ісі» бойынша АҚШ-тың Ресейдегі адам құқықтарын бұзушыларға қарсы жариялаған санкциясына жауап ретінде қабылданған. Ресейлік заңгер Магнитский үкіметтің салықтан жалтару оқиғаларын әшкерелегеннен кейін түрмеде қайтыс болған еді.

«Дима Яковлев» заңы қабылданған соң «Америкадағы ата-аналарыңа барасыңдар» деген жаңалықты естіп, елеңдеп отырған 200-ге тарта сәби Ресейдегі жетімдер үйінде қалып қойды. Ол балалардың көбі ауыр науқасқа шалдыққандар мен мүгедектер болатын.

«Құқық санациясы» тобының мәлімдеуінше, бұл заңды қабылдау кезінде «көптеген процедуралық кемшіліктер болған және ол Ресей конституциясына, отбасы кодексіне және Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясына қайшы келеді.

Құқық қорғаушылар бұл заң «адамшылық және әділет идеяларына қайшы келеді, жетім балалар сыртқы саясат ойынындағы сауда құралына айналды, сондықтан олар отбасын табу мүмкіндігінен айырылды» дейді.

«ЖАҒЫМСЫЗ ҰЙЫМДАР» ТУРАЛЫ ЗАҢ

Биылғы мамырда Ресей президенті Владимир Путин қол қойған бұл заң бойынша, елдің бас прокуратурасы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деген «жағымсыз» қоғамдық ұйымдарды сот шешімінсіз-ақ жаба алады.

Бұл заң Ресейдегі демократия мен адам құқықтары саласындағы кері кетудің ерекше нышаны болды.

Шілде айында осы заң арқылы бас кеңсесі Вашингтонда орналасқан National Endowment for Democracy (NED) ұйымының жұмысына тыйым салынды.

Ресейдің бас прокуратурасы NED-тің «дүние жүзіндегі демократиялық институттардың дамуы мен нығаюына жәрдемдесу» деген мақсаты «Ресейдегі конституциялық тәртіпке, оның қорғаныс қабілетіне және үкіметтің қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деген тұжырым жасады.

Қараша айында америкалық миллиардер Джордж Сорос құрған демократияны қолдау мақсатындағы Open Society ұйымының Ресейдегі екі филиалы «жағымсыз» ұйым ретінде жабылды.

«Құқық санациясы» ұйымының айтуынша, бұл заң «үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын анағұрлым қиындатып, Ресейдегі азаматтық қоғамның дамуына залалын тигізді».

«ДІНДІ ӘЖУАЛАУҒА ТЫЙЫМ САЛУ» ЗАҢЫ

Pussy Riot тобының әншілері Надежда Толоконникова (сол жақта) мен Мария Алехинаның Будапештте түскен суреті. 14 тамыз 2015 жыл.
Pussy Riot тобының әншілері Надежда Толоконникова (сол жақта) мен Мария Алехинаның Будапештте түскен суреті. 14 тамыз 2015 жыл.

2012 жылғы наурызда Мәскеудегі ең ірі кафедралдық шіркеу ішінде атышулы Pussy Riot тобы Кремльге қарсы саяси ұранмен ән айтқаны белгілі. Содан соң Ресей азаматтарының діни сенімдері мен сезімдерін қорғау мақсатында қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Ал шіркеуде ән айтқан үш қыз «бұзақылық жасады» деген айыппен түрмеге қамалды.

Бұл айып бойынша «қоғамды сыйламайтынын ашық білдіру әрі дінге сенушілердің сезімдерін қорлау мақсатында жасалған қоғамдық орындағы әрекет үшін» 4 215 долларға дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар атқару немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Құқық санациясы» өкілдерінің айтуынша, бұл заң зайырлы мемлекет принциптеріне қайшы келеді әрі Ресей азаматтарының сөз және ар-ождан бостандығын шектейді.

Әзірге бұл заң ақпарат құралдары мен мәдениет саласындағы мекемелерге қолданылып келеді, бірақ бұған дейін осы заң арқылы бірнеше интернет парақшасы жабылған еді.

Осы заң негізінде Ресей православ шіркеуі мен Новосибирск мемлекеттік опера театры директоры арасында даулы іс болды. Ресей православ шіркеуі театр қойған Ричард Вагнердің 19-ғасырда жазған Tannhauser операсында христиандарды кемсітетін тұстар бар деп, театр басшысы Борис Мездричті сотқа берді. Мыңдаған белсенді консерватор театрдың алдына келіп, наразылық шарасын өткізді. Сот бұл істі жапқанымен, Ресей мәдениет министрлігі «көпшілік құндылықтарын елемегені және азаматтардың пікірін сыйламағаны үшін» Мездричті қызметінен алып тастады.

«Құқық санациясы» тобы өкілдерінің айтуынша, бұл заң интернет пен ақпарат құралдарына цензура қою мақсатында жиі пайдаланылады және өнер адамдарына қысым жасайтын құрал рөлін атқарады».

АЗЫҚ-ТҮЛІК ИМПОРТЫНА ШЕК ҚОЮ

«Құқық санациясы» 2014 жылғы тамыздағы Батыстан келетін азық-түлік түрлеріне жарияланған эмбаргоны және өткен айдағы Түркиямен арадағы сауданы шектеу туралы санкцияны толығымен алып тастау керек деп санайды.

Ұйым мәлімдемесінде «Азық-түлік эмбаргосы Батыс елдері экономикаларына әркелкі әсер етті, негізінен оларға тиген зарары аз болды. Керісінше, бұл Ресей экономикасы мен азаматтарына көбірек зардап әкелді» деп жазылған.

«Құқық санациясы» тобы өкілдерінің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылы Ресейде жалпы азық-түлік бағасы 17 пайызға, соның ішінде қант 40 пайызға; ет, құс еті, балық, жеміс пен көкөніс бағасы 20 пайызға қымбаттаған.

«Оның үстіне, бұл Ресейдің Дүниежүзі сауда ұйымы алдындағы міндеттемелеріне қайшы келеді» дейді белсенділер. Мәскеу бұл ұйымның құрамына 2012 жылы кірген еді.

САЙТТАРДЫ СОТСЫЗ ҚҰЛЫПТАУ

2013 жылдың желтоқсан айында қабылданған бұл заң биліктің «жаппай тәртіпсіздікке не экстремизмге үндейтін» сайттарды сот шешімінсіз құлыптауға мүмкіндік береді. Заң «Роскомнадзор» аталатын мемлекеттік мекеменің тыйым салынған сайттардың тізімін жасап, интернет-провайдерлерден олардың бұғатталуын талап етуіне мүмкіндік береді.

Содан бері бұл мекеме Кремльдің саясатын, соның ішінде Ресей әскерінің Қырымға басып кіруін және түбекті Ресейдің өзіне қосып алуын қатты сынаған EJ.ru, Kasparov.ru және Grani.ru сайттарын бұғаттап тастады.

Оппозиция жетекшілерінің бірі Алексей Навальныйдың LiveJournal платформасындағы блогы да құлыптанды.

«Құқық санациясы» тобының айтуынша, бұл заң сөз және жиналу бостандығына шек қояды әрі ол «экстремизммен күреске ғана емес, бөтен пікір айтқызбау үшін де пайдаланылып келеді».

«ГЕЙЛЕРДІ НАСИХАТТАУҒА ТЫЙЫМ САЛУ» ЗАҢЫ

Жыныстық азшылық өкілдерінің Ресей картасы түрінде жасалған плакаты.
Жыныстық азшылық өкілдерінің Ресей картасы түрінде жасалған плакаты.

2013 жылғы Ресей думасы қабылдаған бұл даулы заң «дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды кәмелетке толмағандарға насихаттаған» адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастырады.

Заң жобасын әзірлеген депутаттардың бірі Елена Мизулинаның айтуынша, заң Ресей балаларын «дәстүрлі отбасы құндылықтарына» қайшы келетін ақпараттан қорғау мақсатында қабылданған.

Билік өкілдері бұл заң аясында көп адамды жазаға тарта қойған жоқ, дегенмен адам құқықтарын қорғаушы белсенділердің айтуынша, бұл өзгеріс жыныстық азшылық топтарына қарсы зорлық-зомбылықты көбейтіп, гейлерді кемсітуге жол ашқан.

«Құқық санациясы» мұны «жыныстық азшылық өкілдерін кемсітетін әрі онсыз да теперіш көрген ЛГБТ өкілдерін одан сайын оқшаулай түсетін заң» деп атайды.

ҚАЙТА НАРАЗЫ БОЛҒАНЫ ҮШІН ЖАЗАЛАЙТЫН ЗАҢ

Бұл заң Украина астанасындағы «Еуромайдан» шерулері кезінде әзірленіп, Путин оған 2012 жылдың шілдесінде қол қойған. Ол бойынша «алты айдың ішінде қайталап митинг, шеру, демонстрация, марш өткізуге тыйым салынады».

Бұл талапқа бағынбағандар үлкен айыппұл арқалауы, қоғамдық жұмысқа жегілуі немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жаңа заң бойынша Мәскеу соты алғаш рет осы айдың басында Ильдар Дадин есімді азаматты үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Талапты бұзған үш адамға ел аумағынан сыртқа шығуға тыйым салынды. Солардың бірі – 76 жастағы зейнеткер Владимир Ионов. Ол биыл қаңтарда Кремльдің маңында "Je Suis Charlie" деген жазуы бар транспарант ұстап жүрген жерінен қамауға алынған. Ионов желтоқсанның басында Украинаға кетіп қалды, енді сол елден саяси баспана сұрамақ ойы бар.

«Құқық санациясы» ұйымы өкілдерінің айтуынша, бұл заң Ресей азаматтарының сөз бостандығын шектеп қана қоймай, «олардың бұл құқығын қылмысқа теңестіріп отыр».

«ЖАЛА ЖАБУ» ТУРАЛЫ ЗАҢ

Бұрынғы президент Дмитрий Медведевтің кезінде жала жабуды әкімшілік құқық бұзушылық қатарына қосатын реформа жасалған. 2012 жылғы шілдеде қабылданған жаңа заң бойынша, жала жабудың кей түрлері қылмыс қатарына жатқызылды.

Жаңа заңға сүйенсек, Ресейде «жала» деп танылған мәлімдеме үшін 70 мың 240 АҚШ долларына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұған қоса, заңда судьяға, прокурорға, құқық қорғау органы қызметкеріне жала жабу туралы арнайы баптар бар.

Жала жабылған материалды көшіріп басқан ақпарат құралдары да жазаға тартылады. Оппозиция өкілдері «үкіметті сынайтындардың аузын жабу мақсатына пайдаланады» деп Ресей басшылығын сынға алды.

САЙЛАУ ТУРАЛЫ ЗАҢ

2014 жылы қабылданған бұл заң Ресей парламентін сайлаудың әдісін өзгертті. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, жаңа заң 2011 жылғы сайлау кезінде дауыстарды бұрмалады деп айыпталып, беделі түсіп қалған «Единая Россия» (Біртұтас Ресей) партиясын қолдау мақсатында қабылданған.

Бұл заң бойынша, Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік думадағы 450 депутаттың жартысы «Единая Россия» үшін қолайсыз партиялық тізім әдісімен емес, аймақтардағы бірмандатты сайлау округтерінде сайланады.

«Құқық санациясы» ұйымының айтуынша, жаңа жүйе тәуелсіз кандидаттардың немесе кішкентай партиялардың атынан түсетін үміткерлердің думаға өтуіне мүмкіндік бермейді және үкіметтің «қажетсіз» кандидаттарды ысырып тастауына жағдай жасайды.

Топ өкілдерінің айтуынша, жаңа заң ақпан айында өткен сайлауда кеңінен пайдаға асып, көп аймақтарда оппозиция өкілдері кандидаттар тізіміне енбей қалған.

Клэр Бигтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG