Өткен аптада украиналықтарға Еуропа Одағына визасыз кіруге рұқсат беретін шешімнің күшіне енуіне арналған Киевтегі шарада көпшілік алдында сөйлеген Украина президенті Петр Порошенко мұны "Ресей империясының шеңгелінен босаған тарихи оқиға" ретінде сипаттап, 19-ғасырда өмір сүрген орыс ақыны Михаил Лермонтовтың "Қош бол, Ресей, кірленген!" деген әйгілі өлеңінен үзінді оқыған еді.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша, биыл да тікелей желіде халықтың қойған сұрақтарына жауап берген Ресей президенті Владимир Путинге осы туралы сауал қойылды. Порошенко үзінді келтірген өлеңнің жалғасын оқыған Путин Лермонтов бұл шығармасын жазған тұста Украинаның Ресей құрамындағы аймақ болғанын еске салып, Украина президентін "гей" Еуропадан сақтануға шақырды.
Путиннің үшінші президенттік мерзімі кезінде Ресей "дәстүрлі" құндылықтарды қорғайтын ел ретінде танылып, "дәстүрлі емес" азшылық өкілдерін насихаттауға тыйым салатын заң қабылдаған. Әйтсе де, ресми басшылық осы кезге дейін гомосексуализмге ашық қарсылық білдірген емес.
Маусымның 15-і күні өткен тікелей желі кезінде Ресей президентіне: "Петр Порошенконың "Қош бол, Ресей, кірленген!" деген өлең шумақтарын оқығанына не айтар едіңіз?" деген сұрақ қойылды. Путин әуелі "Ресей классикасын жақсы білгені үшін" Порошенконы мақтап сөйледі, сол сәтте камералар студияда отырғандардың кеңкілдеп күлгенін көрсетті. Бұдан соң "Қош бол, Ресей, кірленген, Байдың елі, құлменен. Қош бол, көкшіл шендер де, Шенқұмар жұрт, сендер де!" деп басталатын төрт жолды қайта оқыған Путин бұл өлеңнің жалғасы бар екенін еске салды. Ол өлең жазылған 1841 жылы Лермонтовтың Ресей империясының құрамына кіретін Кавказға офицер ретінде соғысуға барғанын айтты.
- Яғни ол Ресейден ешқайда кеткен жоқ, оның бір аймағына барды, - деді Ресей президенті.
Ол кезде қазіргі Украинаның да Ресейдің бір аймағы болғанын еске салған Путин Лермонтов айтқан сынның Украинаға да қатысы барын ескертті. Осы арқылы ол 2008 жылы сол кездегі АҚШ президенті Джордж Бушқа "Украина тіпті жеке ел емес" деп айтқан өз сөзін қайталағандай болды.
- Бәлкім, Петр Алексеевич [Порошенко] те өзінің ешқайда кетпейтінін тұспалдап жеткізгісі келген шығар. Бірақ ол ура-патриоттар немесе свастика ұстап жүгіріп жүрген нақұрыс националистерге жалтақтап отырып айтқан тәрізді, - деді Путин.
Украинада 2014 жылы Еуромайдан төңкерісі нәтижесінде билік басына келген еуропашыл, ұлтшыл күштерді Кремль "фашистер", "әсіреұлтшылдар" деп атап, Қырымды аннексиялаған кезде "халықты сондайлардан қорғадық" деп ақталған. Оның үстіне, шығыстағы сепаратистердің де "әсіреұлтшылдардан" жапа шегіп жатқанын айтқан.
Бұдан соң Путин Лермонтов өлеңіндегі "көгілдір" [гомосексуалистерді меңзегені – ред] сөзіне ерекше тоқтатып, Украинаны "көгілдірі көп" Еуропадан абай болуға шақырды.
"Іс жүзінде Петр Алексеевич сайлаушыларына берген уәделерін орындап, қазіргі Украина басшылығы айтып отырғандай өркениетті таңдау жасап, елді Еуропаға кіргізгісі келетін шығар. Бірақ, ол жақта бізге қарағанда "көгілдір мундирлер" әлдеқайда көп, сондықтан, кім біледі, ол көп босаңсымай, абай болсын. Жан-жағына мұқият қарап жүрсін, - деді Ресей президенті.
Камера залды көрсеткенде жұрттың көбі күліп отырды, тек бір адам ғана президенттің сөзін құптамаған сыңай танытты.
Ресейде гейлердің құқықтары жиі бұзылады. Жақында Шешенстан республикасының белсенділері жүзден астам гомосексуалист адамдардың қудаланып, "құпия түрмеде" қамалып, азап шегіп жатқаны туралы мәлімдеген.