24 тамызда Ақтауда полиция тәуелсіз кәсіподақ лидері Әмин Елеусіновті екінші рет жауап алуға шақырды. Одан Қаңтар оқиғасында не болғанын сұрап, бұған дейінгі сотталғандығын есіне салған.
Елеусінов полиция шақырған екінші күні де жауап беруден бас тартқанын айтады. Полиция оған қажет болса тағы да шақыратынын ескерткен. Жауап алу екі сағатқа созылған.
Қаңтар оқиғасындағы бейбіт митингінің жетекшісі ретінде көзге түскен Әмин Елеусіновті тергеу сейсенбіде басталған. Оның Азаттыққа айтуынша, 23 тамыз күні қарапайым киінген екі адам үйіне келіп, полиция департаментіне барып Қаңтар оқиғасына байланысты ашылған қылмыстық іске қатысты жауап беру керектігін айтқан.
– Олар маған қызметтік куәлігін көрсетті. Аты-жөні есімде қалмапты, тек “аса маңызды істер жөніндегі майор” дегенін оқыдым. Бірақ үстілерінде форма болған жоқ. “Мұндай куәлікті қазір екінің бірі жасап ала алады” деп сөйлеспедім. Бірақ іле-шала екі учаскелік инспектор келіп шақырту қағазын беріп кетті, - деді ол.
Әмин Елеусіновтің айтуынша, полиция Қаңтар оқиғасы туралы айтуды, не көргенін сұраған. Бірақ ол Қаңтардағы іс-қимылының бәрі видеода көрініп тұрғанын, полицияның бейбіт жиынды дронмен де түсіргенін еске салып, барлық материал өздерінде бар екенін айтқан.
– 3 қаңтарда адамдар жиналған соң бардым. Талап көп болды, бірі әлеуметтік, енді бірі саяси мәселені қозғайды. Мені таныған көпшілік жиынды реттеуді сұрады. Мен олардың талаптарын бір арнаға тоғыстырып, олар орындалуы үшін жүйенің толық кетуі қажеттігін айттым, “Шал кетсін” дедім”. Жауап алу кешкі 18-20.00 арасында болды, - деді ол.
Әмин Елеусіновке берілген шақырту қағазында оның куәгер ретінде жауап беретіні жазылған. Бірақ оған полицияда қылмыстық іс туралы ақпарат бермеген.
Азаттық тілшісі 24 тамызда Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен қозғалған қылмыстық іс және Елеусіновтың бұл істегі мәртебесі туралы сұраған. Баспасөз қызметіндегілер “сәл кейін жауап беруге” уәде бергенмен жаңалық жарияланғанға дейін жауап түспеді.
Әмин Елеусіновке шақыру қағазын әкеп бергендерді белсендінің жақындары видеоға түсіріп, оны азаматтық белсенді Жадыра Досекеева Facebook’тегі парақшасында жариялаған. Онда қызмет куәлігін көрсеткен екі полиция қызметкері Әмин Елеусіновке шақырту қағазын тапсырғаны көрінеді.
- Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, аталған екі қаладан бөлек жерлерде соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Басқа аймақтарда болған қақтығыс, атыс кесірінен кемінде 238 адам қаза болды. Маңғыстаудағы бейбіт митинг кезінде тәртіп бұзылмаған. Ақтау мен Жаңаөзендегі митингілер кезінде халық билікке саяси және экономикалық талаптар қойып, саяси жүйені толық ауыстыруға үндеген.
- Тәуелсіз кәсіподақ лидері Әмин Елеусінов бірнеше жыл бұрын "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды" және "полицейлерге тіл тигізді" деген айыптармен екі жылға сотталған. Amnesty International және бірнеше халықаралық ұйым Қазақстан билігін қамауда отырған Әмин Елеусіновті босатуға үндеген.
ПІКІРЛЕР