Accessibility links

Эльвира Әзімова: Амнистияға жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталғандар ілігуі керек


Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова парламент қабырғасында журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек 2022 жыл.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова парламент қабырғасында журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 7 қыркүйек 2022 жыл.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Қаңтар оқиғасына байланысты рақымшылыққа қылмыстық кодекстегі "Жаппай тәртіпсіздік" бабының 2-тармағы кіруі керек дейді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған, ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға бір реттік рақымшылық жасалатынын айтқан. Бірақ содан бері билік амнистияға кімнің жататынын нақтыламаған.

Азаттық бұл сұрақты 7 қыркүйек күні парламент отырысына келген адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға қойып көрді.

– Қазіргі уақытта жұмыс тобының құрамы әлі жоқ. Бірақ біз бұл топқа міндетті түрде кіреміз. Рақымшылыққа қандай баптар жататынын қазір айта алмаймын. Осы заң жобасына қай баптар кіруі керек екені жөнінде көзқарасым бар. Осы топқа қатысқанда белгілі болады, – деді Әзімова.

Мысал келтіруді сұрағанда ол "Жаппай тәртіпсіздік бабының екінші тармағы қатысу туралы. Қазір бұл бап бойынша сотталғандар көп" деп жауап берді.

Президент Тоқаев жолдауында "Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым" деген еді.

Тоқаевтың рақымшылығына кімдер ілігеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:49 0:00

Мемлекет басшысының сөзінше, рақымшылық ауыр қылмыс жасағандарға, соның ішінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға ("Жаппай тәртіпсіздік" бабының 1-тармағы) қатысы бар азаматтарға жарияланбайды.

Шілденің ортасында Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты 5300 қылмыстық іс тіркелгенін, оның көбі ұрлық, тонау, қаруды сақтау қылмыстары жөнінде екенін мәлімдеген. Прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов бұл істер бойынша 834 адам сотталғанын, 292 күдікті қамауда отырғанын айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасының салдарынан 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы күш құрылымдарының қызметкері болса, қалғаны қатардағы азамат. Құқық қорғау органдары қаза тапқандардың үстінен де іс қозғаған. Көбіне Әзімова айтқан "Жаппай тәртіпсіздік" бабының 2-тармағы бойынша, яғни тәртіпсіздікке қатысу бойынша айып тағылған.

Марқұмдардың туыстары қылмыстық істерді тоқтатып, толық ақтауды талап етіп келеді. Олар бұл талаппен Нұр-Сұлтанға бірнеше мәрте келіп, орталық мемлекеттік органдарға, президент әкімшілігіне арыз өткізіп, биліктің шешімін күтетінін айтқан. Бірақ құқық қорғау органдары оларды алдымен ұстап әкетіп, кейін түрлі жолмен тұрғылықты аймағына қайтуға көндірген.

Соңғы рет бұл топ астанаға 5-6 қыркүйек күндері келген. 6 қыркүйекте оларды арызын өткізуге келген жерінен полиция жасағы ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан соң айып тақпастан босатқан. Олардың арасында қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы да болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG