Азаттық: Президент Қаңтар оқиғасының қатысушыларына амнистия жариялайтынын айтты. Әрине, әзірге қанша адам оған ілігетіні туралы болжам айту қиын, дегенмен сіздің көзқарасыңызша ол кімге қатысты болуы мүмкін?
Бақытжан Төреғожина: Жолдаудың Ақорда сайтында 1 қыркүйекте іле-шала жарияланған мәтінінін мұқият оқысаңыз, "Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз” дегенді анық оқуға болады. Мұндағы "күштік құрылым қызметкері" деген кімдер? Қаңтарда қаза болғандардың барлығы дерлік оқтан көз жұмғанын бәрі біледі. Оған негізгі айыпты – оқ атқандар. Ал олар кімдер? Әскерилер. Мәселен, Талдықорғанда әскери күзет қызметкерлері қару қолданған. Маған белгілі болған кей мәліметке сай, бүгінде ол жерде тергеу аяқталып, оқтың қандай қарудан атылғаны, сол күні кімге қандай қару берілгені анықталған. Алайда осы жерден іс тоқтап қалды. Алматыда және өзге қалаларда да осыған ұқсас жағдай, яғни тергеумен айналысқандар оқ атқандардың аты-жөнін жариялау үшін әлдебір саяси шешімді күткен. Сондықтан да президенттің мәлімдемесінде айтылған "күштік құрылым қызметкерлері” осы амнистияға ілігуі мүмкін. Сол себепті мен бұл амнистия оққа ұшып мерт болған, себепсіз айыпталып жатқан бейбіт адамдар, туыстарынан айырылғандар үшін емес, президенттің жеке бас пайдасы үшін жарияланған деп санаймын.
Азаттық: Жеке бас пайдасы дегенде нені меңзедіңіз?
Бақытжан Төреғожина: Адам өлді. Енді тергеу орындары қарусыз адамдарды кім өлтірді, әскерилер қажетті қорғанысты қалай пайдаланды, бейбіт адамдарға қару қолдану қаншалықты заңды деген сұрақтарға жауап беруі керек емес пе? Халықтың қолында қару болған жоқ, ал оларға "таратылды” деген қаруды оны алғандар қай жағынан ұстауды да білмейді. Таратылған қарулардың құлыптаулы болғаны да айтылды. Бұл амнистияны жариялау арқылы Тоқаев іс жүзінде кім кінәлі екенін анықтауға мүмкіндік бермей, тергеудің нүктесін қоюға тырысып жатыр. Президенттің бұл әрекетінің артында ол өзі арқа сүйеп отырған күштік блокты құтқару қамы тұр. Өйткені, оның билігі президенттің ату туралы бұйырығын орындап, бейбіт адамдарға қару кезеген күштік құрылымның қолдауына ғана негізделген. Егер президент өзі оларды сатып кетсе, содан соң кімге арқа сүйейді?
Азаттық: Дегенмен амнистия Қаңтардың шындығын ашуға әсер етуі де мүмкін бе? Қаза тапқандардан өзге жараланған, азапатаудан жарақат алғандар да көп.
Бақытжан Төреғожина: Әсері болады деп ойламаймын. Өйткені, амнистия әдетте жасаған қылмыстық әрекеті үшін сотталған, аты-жөні анықталған адамдарға беріледі. Қазір амнистия туралы мәселе көтерілмеуі керек деп санаймын. Кім құқық бұзды, кім өртеді, ұрлады, жақты, бүлдірді, әскерилердің кінәсі тәрізді критерийлер әлі нақтыланған жоқ. Тоқаев амнистия "істің басты қатысушыларына қатысы жоқ” десе де, ол туралы ресми құжат та белгісіз. Бұл амнистияның мәртебесі қандай, қандай баптар кіреді деген сауалдарға да әзірге тек құмалақ аша аламыз. Мұның барлығы амнистия актісін әзірлеудің бюрократиялық бөлімі бітіп, парламент бекітіп, президент қол қойған соң ғана белгілі болады.
Азаттық: Амнистия туралы жолдаудан екі апта бұрын ғана бас прокуратура Қаңтар құрбандарының фамилиясы мен инициалы көрсетілген тізімді жариялады. Марқұмдардың қалай, кімнің қолынан қаза болғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Сіздің ойыңызша, жарияланған амнистия мен тізімнің арасында байланыс бар ма?
Бақытжан Төреғожина: Менің ойымша, мұндай жолдауды президент бір күннің ішінде шығара салмайды. Амнистия мен сайлау өткізу туралы идея биліктің басына қанды Қаңтардан кейін көктемде келген болуы мүмкін. Тізімді амнистия алдында жариялаудың астарында алдағы сайлаудың дивидендтерін жинау жоспары да жоқ емес. Алдымен тізімді жариялап, өздерінің жұмыс істеп жатқанын көрсетті, содан соң амнистия туралы айтты. Мұның бәрі – сайлау алдында қоғаммен ойнаудың біріздендірілген түрі.
Азаттық: Сол тізім жарияланғаннан кейін өздеріңізде бар тізіммен салыстырып жатқандарыңызды айттыңыз. Не байқадыңыздар? Қанша айырмашылық бар?
Бақытжан Төреғожина: Кейбір фамилиялар дұрыс жазылмаған. Құжатқа сай кей адамдардың тегі қазақша жазылса, бас прокуратура тізімінде орысша жазылған. Сондықтан әңгіме бір адам туралы ма, әлде бірдей тегі бар екі адам ба, сол жағы түсініксіз. Олар тіпті әскери адамның аты-жөнін жазуда да қате жіберген, бір учаскелік полицей аты құжатта басқаша, прокуратура тізімінде басқаша жазылған. Прокуратура тізіміне Леван Когеашвили есімді шетелдік азамат енбей қалған (Прокуратура жариялаған тізімде Ибрагим оглы Л. деген азамат бар. Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйеде 2022 жылғы 7 қаңтарда қайтыс болған Ибрагим оглы Леван Натанович деген азамат туралы ақпарат жарияланған. Әлеуметтік желідегі кей ақпаратқа қарағанда, Когеашвили мен Ибрагим оглы бір адам. Қайтыс болған күні де сәйкес келеді – Ред.). Біздің тізіммен салыстырғанда 21 адамның аты-жөні жоқ болып шықты. Бірақ біз моральдық принциптер тұрғысынан қарап, ол туралы жарияламадық. Прокуратураға хат жолдап, бұл адамдардың Қаңтар оқиғасына қатыстылығын анықтап беруді, расталса, оларды тізімге енгізуді сұрадық. Әзірге жауап жоқ.
Азаттық: Президент "террористік және экстремистік қылмыс жасағандар, рецидивистер және азаптағандар рақымшылық алмайды" деді. Бірақ азаптау бойынша істердің көбі жабылып жатыр немесе санаты өзгерген. Азапатуға қатыстылар жазаға ілікпей ме?
Бақытжан Төреғожина: Талдықорғанда азаптау туралы 25 істі бір іске біріктірген. Азаптауға қатысқандардың бәрі бетпердемен, арнайы экипировкамен жүрді. Оларды тергеуде күдікті қатарына қоса салды. Бүгінде Талдықорғанда ұлттық қауіпсіздік комитетінің алты қызметкері мен бір полицей сотқа тартылып, сот процестері басталған. Оларға амнистияның қатысы болмайтыны анық. Бірақ оларды құтқарудың басқа жолы бар: "Қызмет бабын асыра пайдалану” бабымен соттап, кейін шартты жазамен бостандыққа шығару. Тәжірибеде бұл "тәсілді” қолданған жағдайлар өте көп.
Азаттық: Бұл рақымшылықты кейбіреулер "тарихи шешім", "президенттің гумандық қадамы" деп сипаттады. Бұл амнистяның бұрынғыдан өзгешелегі неде? Жалпы мұндай үлкен қайғылы оқиғалардан соң жаппай рақымшылық жасау әлемдік тәжірибеде бар ма?
Бақытжан Төреғожина: Әлемдік тәжірибені білмеймін. Бірақ өзімнің құқықтық тәжірибемде Қазақстанда бірінші рет болып тұр. Соңғы 20 жылда мұншама көп адам өлген оқиға болған емес. Бұған дейінгі амнистиялар да тіпті қоғамда маңызы бар әлдебір салтанатты даталарға, елдің жетістігіне байланысты жарияланатын. Ал бұл амнистия, сөз жоқ, сайлауға арнап жасалған және бұл адамдарды қорлау сияқты көрінеді. Құрбандардың көбі бейкүнә адамдар, сәбилер, қарттар. Сондықтан амнистия емес, мемлекеттің қару қолданғанын мойындауы керек. Олар туыстарын, балаларын жоғалтқан отбасылары алдында тізе бүгіп, кешірім сұрап, өкінуі және басқа кез келген құықтық мемлекет сияқты моральдық-материалдық өтемақы төлеуі керек. Сотқа тартылған азаматтық белсенділердің көбі өздерін кінәсізбіз деп санайды. Сонда олар амнистияға ілігуі үшін жасамаған істі мойындауы керек пе? Олай болса, мемлекет өзін Қаңтар оқиғасына қатысымыз жоқ деп санағандарды да қорлап отыр.
Азаттық: Тоқаев жолдауында рақымшылықты ел бірлігі үшін жариялағанын айтты. Бұл шешім ел бірлігін нығайтуға үлес қоса ма?
Бақытжан Төреғожина: Жоқ. Тоқаев амнистияны өзінің билігін сақтап қалу үшін ғана жариялады. Көбі оны "Назарбаевтың жолымен жүріп барады” деп жазады. Расымен де солай. Ол да билігін сақтап қалғысы келеді. Ал амнистия оның беделін тағы төмендетеді. Әкімшілік жазаға тартылып, 10-15 тәулікке қамалған 8,5 мың адам да рақымшылыққа ілігуі мүмкін, сонда осыншама адамды кешірдік деп ауыз толтырып айтуға болады. Ал оқ атқандар жазасыз қалады. Жақынынан айырылғандар психологиялық дағдарыста жүр. Егер рақымшылық актісі жүзеге асса, мемлекет жауапкершілігі туралы да әңгіме болмайды. Ал Қаңтар оқиғасы қатысушылары Қылмыстық кодекстің 269, 272-баптарымен ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу", "Жаппай тәртiпсiздiк" – Ред.) жатыр. Олар іліге ме? Сондықтан біз оптимист бола алмаймыз, құжат жарияланғанын күтейік, ал Тоқаевқа сенуге болмайды.
ПІКІРЛЕР