Accessibility links

"Си Цзиньпиннің көңілінен шығу". Шыңжаңдағы туыстарына араша түсіп жүргендерді қудалаудың астары


Шыңжаңда туысы қамалғандар Алматыда жиын өткізіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. 5 қыркүйек 2022 жыл.
Шыңжаңда туысы қамалғандар Алматыда жиын өткізіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. 5 қыркүйек 2022 жыл.

Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап етіп жүрген азаматтар Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары алдында қудалана бастады. Екеуі 15 күнге қамалып, үшеуі полицияға шақырту алды, тағы біреуіне полицейлер "астанаға бармауды" ескерткен. Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген ұйымдар Нұр-Сұлтан Қытайдағы жақындарын бір көруге зар болып жүрген адамдарға көмектесудің орнына Қытай басшысының көңілінен шығуды ойлап жатыр дейді.

15 КҮНГЕ ҚАМАУ

Өткен сенбі, 10 қыркүйек күні Қытайдан көшіп келген Бақыт Жарықбасова дүкенге шығып кеткен күйеуі Байболат Күнболатұлын (Қытайдан Шыңжаңда қалған туыстарын босатуды талап етіп жүрген қазақ) таппай қалды. Бақыт Азаттық тілшісіне хабарласып, "қазір келем" деп кеткен күйеуінің әлі келмегенін дауысы дірілдей айтты.

– Таңертең он жарым шамасында есік алдындағы дүкенге шығып кеткен. Маған тамақ істеп қой, қазір келем деген еді. Тамақ дайындап, бір сағаттай күттім. Келмеген соң қоңырау соқсам, телефоны өшіп тұр. Содан бері жоқ. Жан-жаққа хабарласып, таба алмай жатырмын, – деді Бақыт кешкісін Азаттық тілшісіне хабарласып.

Шыңжаңдағы жақындарын таппай жүрген Ақиқат Қалиолла сол күні Азаттық тілшісіне WhatsApp арқылы хат жіберіп, Алматының Медеу аудандық соты Байболат екеуін "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамағанын хабарлады (Қазақстанда бейбіт митинг өткізу үшін биліктен алдын ала рұқсат алу керек, рұқсат алмаған митингіге қатысқандарды сот жазалайды). Музыкант Ақиқат полиция өзін сенбі күндізгі 12-лер шамасында Алматыдағы дыбыс жазу студиясынан алып кеткенін айтты.

Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен Ақиқат Қалиолла. Алматы, 14 қазан 2021 жыл.
Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен Ақиқат Қалиолла. Алматы, 14 қазан 2021 жыл.

"АВТОБУСТАН ТҮСІРІП, ПОЛИЦИЯҒА АПАРДЫ"

Полиция Байболат пен Ақиқатты қамаумен шектелмеді. 2020 жылдың ақпанынан бері Алматыдағы Қытай консулдығына, кейде Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігіне барып, Шыңжаңдағы жақындарын босатуды талап етіп жүрген Гүлфия Қазыбек, Гауһар Құрманәлиева және Халида Ақытханды полиция 12 қыркүйекте "Алтын орда" базарынан Шымкентке жүргелі тұрған автобустан түсіріп, полиция бөлімшесіне әкеткен. Гүлфия Қазыбек Азаттық тілшісіне полиция әкеткен сәтті "Шымкентке тойға бара жатқанымызды полиция автобустан түсуді талап етті, түскен соң полицияға алып барды" деп түсіндірген еді. Кейін полиция үшеуіне "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп іс қозғалғанын айтып, полицияға шақырту берген. 13 қыркүйекте Гауһар Құрманәлиева мен Гүлфия Қазыбек полиция шақыртуымен Алатау ауданы полиция басқармасына барғанда "сіздерге қозғалған іске қатысты материалдар Медеу ауданы полиция басқармасынан келмей жатыр, келгенде шақырамыз" деп шығарып салған. Үш әйел өздеріне қай наразылық шаралары үшін іс қозғалғанын әлі білмейді.

Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген алматылық белсенділер белгісіз біреулердің аңдып жүргенін айтады. Солдан оңға қарай: Гүлфия Қазыбек, Халида Ақытхан және Гауһар Құрманәлиева.
Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген алматылық белсенділер белгісіз біреулердің аңдып жүргенін айтады. Солдан оңға қарай: Гүлфия Қазыбек, Халида Ақытхан және Гауһар Құрманәлиева.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы акцияларға барып, Пекиннен ағаларын Қазақстанға жіберуді талап етіп жүрген Нұрзат Ермекбайды да сенбі, 10 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай ауданы полициясында төрт сағат ұстап, "астанаға бармаңыз" деп ескерту жасаған.

Екі жылдан аса уақыт Пекиннен туыстарын босатуды талап етіп жүрген топ полицияның бұл қысымын Қытай басшысы Си Цзиньпиннің сапарымен байланыстырады. Олар Си Цзиньпин сапары алдында қамап тастай ма деп қорыққандықтан Қытайдың Алматыдағы консулдығы жанындағы шараларын тоқтатқанын да айтады. Сондықтан бұл топ осының алдында қарсылық шараларын 5 қыркүйекте консулдық маңында емес, Алматыдағы парктердің бірінде өткізіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған. Олар парктегі шарада Тоқаевтан Си Цзиньпинмен кездескенде Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеруді өтінген еді.

Қытайдан Шыңжаңда қалған жақындарын босатуды талап етіп жүрген топтың қудалануы бірінші рет емес. Былтыр 1 шілдеде Қытай коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай Пекинде салтанатты шара өтетін күні де наразы топ өкілдерін Алматы мен Алматы облысындағы полиция бөлімшелерінде күні бойы ұстап, олардың сол күнге жоспарлаған наразылық шарасын болдырмай тастаған.

Қазақстандағы соттар 600 күннен аса уақыт Қытайдың Алматыдағы консулдығына барып, Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап Еткен онға жуық адамға бұған дейін жалпы сомасы 4 млн теңгеге жуықтайтын айыппұл салған. Ал Қытай консулдығы мен елшілігі бұл топтың талаптарына жауап бермеген. Қытайдың Алматыдағы консулдығы Шыңжаңда туысы қалған азаматтардың арыз-өтініші мен олар көтерген мәселе жайлы Азаттықтың бірнеше рет жолдаған сауалын да жауап қайтармады.

"БҰЛ – ҚЫТАЙДЫҢ ҚЫЛМЫСЫН ЖАСЫРУҒА КӨМЕКТЕСУ"

Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының жетекшісі Ербол Дәулетбек Қазақстан олардың мәселесін тыңдап, қарастырудың орнына қамап, айыппұл салып, полицияға шақыртып, мәселені жасырып жатыр деп есептейді.

– Бұл адамдардың бар арманы – Шыңжаңда қалған туыстарынан хабар алу ғана. Бірақ Қытайдың Алматыдағы консулдығы оларға күні бүгінге дейін бір ауыз жауап бермеді. Қытай төрағасының Қазақстанға жасайтын іссапарына байланысты бұл адамдарды "ертең тағы да шеруге шығуы мүмкін" деген күдікпен алдын ала қамап жатыр. Алдын он бес күнге қамап тастады. Артына сотқа шақырту беріп жатыр. Бұл жердегі мақсат – Қытай басшысының көңілінен шығу. Бұл – Қытай қылмысын жасыруға көмектесу, – дейді Ербол Дәулетбек.

Ал тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан Қазақстанда кейінгі уақытта Шыңжаңнан қашқан я Шыңжаң мәселесін ашық көтергендерге қысым күшейіп бара жатыр деп санайды. Оның пікірінше, полиция мен соттың әрекеттері шетел қазақтарының, Шыңжаңдағы қазақтардың Қазақстан билігіне сенімін азайтады.

"Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан Алматыдағы баспасөз жиынында. 12 мамыр 2022
"Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан Алматыдағы баспасөз жиынында. 12 мамыр 2022

– Қазақстан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесіне күні бүгінге дейін дұрыс көңіл бөлмей отыр. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қытайдағы әріптестерімен тең дәрежеде отырып сөйлесе алған жоқ. Егер мемлекетаралық деңгейде көтергенде бұл мәселе толық шешілмесе де, қазіргіден жақсы болар еді, – дейді ол.

Қытай Шыңжаңда саяси лагерь ашып, сондағы мұсылмандарды жаппай қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы шыға бастаған. БҰҰ есебінше, Пекин Шыңжаңда қайта тәрбиелеу лагерьлерінде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды қамаған.

СИ ЦЗИНЬПИН САПАРЫ АЛДЫНДА ҚУДАЛАНҒАНДАР КІМДЕР?

Шыңжаңнан 2006 жылы Қазақстанға коныс аударған 70 жастағы Халида Ақытханның үш ұлы Қытайда сотталып кеткен. "Ұлдарым жазықсыз сотталды" деген ол Қытай консулдығына барып, ұлдарын, Шыңжаңда қалған немерелері мен үш келінін Қазақстанға қайтаруды талап етіп жүр. Халида Ақытхан қазір Алматыда жалғыз тұрады. "Күйеуім Рахымбай балаларымыздың сотталғанын естіп, жүрек талмасынан қайтыс болды" дейді ол. Қазақстанда сот бұған дейін Халида Ақытханның үстінен екі рет әкімшілік іс қозғап, екі мәрте 61 мың теңге айыппұл салған еді.

Ал Гүлфия Қазыбек Шыңжаңда түрмеде отырған 70 жастағы анасын босатуды талап етіп жүр. Қазақстандағы соттар оған "бейбіт митинг заңын бұзу" айыбымен екі рет ескерту беріп, екі рет 61 мың теңгеден айыппұл салған, 2021 жылы қазанда Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдында бейбіт митингіге шыққаны үшін 145 мың теңге айыппұл төлеуді міндеттеген.

Қазақстанда туып өскен Гауһар Құрманәлиева Шыңжаңда сотталып кеткен немере бауырын жазықсыз деп санайды және Қытайдан оны босатуды талап етіп жүр. Оған да сот екі рет 61 мың теңге, бір рет 145 мың теңге айыппұл салған.

Ал Ақиқат Қалиолланың Шыңжаңда хабарсыз кеткен анасы және екі бауырынан хабар ала алмай жүргелі екі жылдан асты. Байболат Күнболатұлы Шыңжаңда сотталған інісін босатуды талап етіп жүр. Ол інісінің қандай айыппен сотталғанын білмейді. Күнболат "Қытай інімді жазықсыз түрмеге қамады" деп санайды. Ақиқат та, Байболат та бұған дейін "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен бірнеше рет жазаланған.

Қытаймен экономикалық тығыз байланыс орнатқан Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы мәселеге байланысты ашық ұстанымын жарияламаған. Сыртқы істер министрлігі Қытай консулдығына барып жүрген топтың мәселесі жөнінде Азаттыққа "Шыңжаңда тұратын қазақ диаспорасы – Қытай азаматтары, оларға қатысты барлық мәселе Қытайдың ішкі ісіне жатады. Бұл мәселені екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке нұқсан келтірмей шешу жолдарын қарастырған жөн" деп жауап берген еді.

Ал жалпы екі жылдан аса уақыт Қытай консулдығына барып жүргендердің ішінде тек бір адамның – Фарида Қабылбектің күйеуі Зейнолла Рақымжан ғана Қазақстанға келген.

Зейнолла Рақымжан Қазақстанға ықтияр хатпен келіп, 2004 жылы Қытайға кері барғанда ұсталған. Туыстары оған "тыңшы" деген айып тағылғанын айтады. 13 жыл түрме жазасын өтегеннен кейін Шыңжаңда 1,5 жыл саяси лагерьде отырған. Одан шыққан соң үйқамақта болған.
Зейнолла Рақымжан Қазақстанға ықтияр хатпен келіп, 2004 жылы Қытайға кері барғанда ұсталған. Туыстары оған "тыңшы" деген айып тағылғанын айтады. 13 жыл түрме жазасын өтегеннен кейін Шыңжаңда 1,5 жыл саяси лагерьде отырған. Одан шыққан соң үйқамақта болған.

Бұдан бөлек, Шыңжаңдағы қысымнан Қазақстанға қашып келген Сайрагүл Сауытбай, Гүлбаһар Жәлелова, Тұрсынай Зияудун басқа елге кетіп қалды. Шыңжаңнан қашып келіп, Қазақстаннан босқын мәртебесін алған қазақтар Мұрагер Әлімұлы, Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы және Бағашар Мәлікұлы да мүмкіндік болса елден кетуді ойластырып жүр. Олар Қазақстан азаматтығын ала алмаған соң Нұр-Сұлтаннан үшінші елге шығып кетуге рұқсат сұраған, бірақ олар әлі Қазақстан азаматтығын да, шетелге шығуға рұқсат та ала алмады.

Ресми Пекин Шыңжаңдағы әрекетін экстремизммен күрес деп, ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру, тіл үйрену орталығы" деп атайды. Лагерьде отырып шыққан қазақтар ол "орталықтардың" түрмеден еш кем емесін айтады.

Халықаралық ұйымдар Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды дін ұстағаны, намаз оқығаны, шетелге шыққаны үшін соттап жатқанын да айтып, дабыл қаққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG